Зейнеткерлер демалуға неге асықпайды?

Зейнеткерлер демалуға неге асықпайды?
сурет: istockphoto.com
534

Жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы берілмеуі мүмкін. Өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ортаға тастаған осы ұсынысты қоғам екіұшты қабылдады. Себебі осы бір ғана мәселенің өзі еңбек нарығындағы олқылықтарды ашатын тізбекті реакция тудырады.

«Зейнетақы мен жалақы бір қалтаға түспесін»

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова жұ­­мыс істейтін зейнет жасындағы адам­­дарға зейнетақы беруді тоқтату ту­ра­­лы ұсыныс айтқан еді. Министр қа­­зір зейнет жасына жеткендердің кө­бісі жұмыс істеп, зейнетақы мен жа­ла­қыны қатар алып жүргенін алға тартқан болатын.

– Олар жұмысынан кеткісі келмей­ді, өйткені сол өздеріне ыңғайлы, жи­ған-терген білімі, тәжірибесі сұранысқа ие, сондықтан олар жұмысында қала бе­реді. Мұндай жағдайда бюджеттен тө­ленетін төлемдерді олар зейнетке шын­дап шыққанға дейін доғара тұру ке­рек, – деген еді министір.

Оның айтуынша, үнемделген қара­жат 55 жасында зейнетке шыққысы ке­­­летіндерге төлеуге бағытталуы мү­м­кін. Ми­нистрдің мәліметінше, бұл – әлі ұсы­ныс. Яғни, Үкіметтің қарауына ен­гі­зіл­меген. Светлана Жақыпова мұн­дай ұсы­нысты сарапшылар айтқанын жет­кізді.

– Бұл тек талқылау сатысындағы дү­ние. Өткен аптада біз сарапшылармен кез­дестік, сонда осындай ұсыныс ай­тыл­ды. Әкімдер де, министрлер де – мем­лекеттік қызметшілер, олар, мә­се­лен келісімшарт бойынша бір жылға қалуы мүмкін, келісімшарт бір жылға ұзар­тылуы мүмкін, содан соң олар зей­нетке шығуы керек. Мысалы, менен зей­нет жасына жеткен соң жұмыс істей­сіз бе деп сұрайды. Мен жұмыс істейті­нім­ді айттым. Менің ғылыммен айна­лысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше, мен осы салаларда жұмыс істей аламын, егер солай істесем, онда мен зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүретін боламын, – деп түсіндірді Еңбек министрі.

Оның айтуынша, бұл бастаманы қол­дау-қолдамау қазақстандықтардың ен­шісіндегі дүние. 

Жалпы, бұл мәселе былтыр да кө­те­ріл­ген болатын. Халық зейнеткер­лер­дің жастарға орын бермеуі еңбек нарығындағы проблеманың бірі екенін айтып, нақты бір шектеу енгізу керек деп ұсы­ныс тастаған еді. Сол кездегі Еңбек ми­нистрі Тамара Дүйсенова бұл қадам Еңбек ко­дексіне қайшы келіп, азаматтардың құқығына шектеу қояды деп жауап берген болатын.
Елімізде қанша зейнеткер жұмыс іс­тейді? Олар неге демалуға құлықсыз? Жас­тар­ға жол бергісі келмей ме әлде жол бере­тіндей жас жоқ па?

Зейнетке шықпаған зейнеткерлер қанша?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің мәліметіне сүйенсек, елі­мізде 2,4 миллионнан астам зейнеткер бар. Жұмыс істейтін зейнеткерлердің санына қатысты министрлік ешқандай мәлімет бер­меген, бірақ былтыр сарапшылар олар­дың саны 80 мыңнан асатынын анықтаған болатын. 
Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, еліміз­де 65 жастан асқан жұмыс істейтін азамат­тар­дың саны 2020-2022 жылдар аралы­ғын­да 26,6 пайызға өскен. Осылайша, 2022 жыл­ғы үшінші тоқсанның аяғында жұмыс іс­тейтін зейнеткерлердің саны 82,7 мың адам­ға жеткен. Әсіресе, 2020 жылы айтар­лық­тай өсім байқалған: сол жылы жұмыс іс­тейтін зейнеткерлер саны 65,3 мыңнан 87 мың адамға дейін өскен. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 4,4 пайызға, 2022 жылы 0,6 пайызға төмендепті.
Өңірлер бойынша қарастыратын бол­сақ, еңбек етіп жүрген зейнеткерлердің кө­бі солтүстік және орталық өңірлерде тұра­ды. Нақтырақ айтқанда, Қостанай об­лы­сында – 20,9 мың адам, Ақмола об­лы­сында – 20 мың адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 10,8 мың адам, Павлодар облысында – 10,4 мың адам, Қарағанды облысында – 9,4 мың адам.
Ал, керісінше, зейнеткерлері ең аз жұ­мыс істейтін өңірлер – Маңғыстау (244 адам) және Қызылорда (115 адам) облыс­тары. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Батыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында, Астана мен Шымкент қалаларында жұмыс істейтін зейнеткерлер жоқ деп көрсетілген.

Жылы орнын қимай ма, әлде?..

Зерттеуге сүйенсек, зейнеткерлердің кө­бісі жылы кабинетте, жұмсақ креслода отыр­майды. Олар негізінен ауыл шаруа­шы­лы­ғы, орман және балық шаруашылығында еңбек етеді екен.
Жалпы, жұмыс істейтін зейнеткерлердің 75 пайыздан астамы ауыл, орман және балық шаруашылығында жұмыс істейді (62,4 мың адам). 4 пайызы (3,6 мың адам) қоймаларда немесе жүргізуші болып жұ­мыс істесе, 3 мың зейнеткер – дәрігер және медицина саласында еңбек етеді. Айта кететін мәселе – 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда медицина саласындағы зейнеткерлер саны 57,9 пайызға өскен. 
Сондай-ақ 65 жастан асқан 2,2 мың адам құрылыс саласында, ал 2,3 мың адам өнеркәсіпте жұмыс істейді. Құрылыс және өнеркәсіп саласындағы зейнеткерлер саны 2019 жылғымен салыстырғанда 3,2 пайызға және 37,8 пайызға артқан.
Ал мемлекеттік қызметте 65 жастан ас­қан зейнеткерлер саны 2019 жылмен са­лыстырғанда 40,4 пайызға азайып, бар бол­ғаны 268 адам ғана қалған. 2022 жыл­дың аяғына қарай 65 жастан асқан жоғары лауазымды басшылар, заң шығарушылар мен мемлекеттік қызметкерлер саны – 58. 2019 жылдан бері зейнеткер-басшылар са­ны 2,5 есе қысқарған.
Жұмыс істейтін зейнеткерлердің 67,9 пайы­зы немесе 56,1 мың адам – біліктілігі жоқ жұмысшылар. Тағы 8,6 пайызы – ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіретін фер­мерлер.
Яғни, зерттеудегі сандарға қарасақ, жұ­мыстан шықпаған зейнеткерлердің бәрі жы­лы орнын қимай жүр деу – жаңсақ пікір деп топшылауға болады. Керісінше, амал­дың жоғынан, орнын басатын жастардың болмауынан жұмыстан шыға алмай жүрген зейнеткерлер көп сияқты...

Еңбек нарығында түйткіл көп

Сонымен, бұдан екі түрлі мәселе шы­ғады. Кей салаларда білікті кадр жоқ, ол мамандықтарды оқуға, оқыса да жұ­мыс істеуге жастар құлықсыз. Жұмыс іс­теуге келген күннің өзінде, кей салада тә­жірибе мен машық маңызды екені жа­сырын емес. Әсіресе, ауыл-аймақтарда ма­ман тапшылығы қатты байқалады. Мәсе­лен, әуелде айтып өткен дәрігер-зейнет­кер­лердің статистикасы осы сөзімізге негіз бола алады. 
Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру өте маңызды екенін биылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы да айтқан болатын. Пре­зи­дент экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету аса өзекті міндет екенін жет­кізді. 

– Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс жә­не басқа да салаларда қатты байқалып отыр­ған кадр тапшылығын жою қажет. Сон­дай-ақ болашақта сұранысқа ие бола­тын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар бас­тал­ды. Үкімет жоғары білім саласын халық­ара­лық білім беру кеңістігімен ықпал­дас­тырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шет­елдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұ­мыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қол­дау көрсету керек. Атап айтқанда, ма­ман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қол­дану­ға болады, – деді Президент Жолдауда. 

Мемлекет басшысы грант құны жас­тарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс екенін айтқан еді. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды.

– Мен 2025 жылды Жұмысшы маман­дықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз ма­ман болу идеясын насихаттаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еңбектің зейнеті деуге келе ме?

Еңбек және әлеуметтік қорғау министр­лігінің мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 1 трлн 237 млрд теңге жұм­сал­ған. Ал еліміздегі орташа жалақы мөлшері – 132 мың теңгенің айналасында. 

– Зейнетақының орташа мөлшері – 132 399 теңге, оның ішінде еңбек өтілі бойынша зей­нетақы – 89 729 теңге, базалық зейне­тақы – 42 670 теңге, – деп мәлімдеген еді министрлік.

Сондай-ақ рсеми мәліметке сүйенсек, ең аз зейнетақы 33 883 теңге болса, ең көбі 945 752 теңгеге дейін жетеді екен.
Яғни, еліміздегі зейнеткерлердің «ең­бегі­нің жемісі» 100-150 мың теңгенің айна­ла­сында бағаланады. Бұл ретте зейнеткер­лердің мүмкіндік болып тұрса, қосымша қаржы табудан неліктен бас тартпайтынын түсіну қиын емес.
Бюджет қаражатының айтарлықтай бө­лігі әлеуметтік төлемдерді төлеуге жұм­са­ла­тыны түсінікті. Дегенмен бюджет тапшылығы бұл бағытта да мәселе тудырып отыр.

Яғни, Үкімет жұмыс істейтін зейнеткерлерді қысқарту арқылы әлеуметтік төлем мәселесінің аз да болса бір бөлігін реттеуге ниетті болғанын байқауға болады. Жастар жұмыс таппағандықтан орын бермейтін алғы буынға ренжулі. Ал жұмыс істейтін зейнеткерлердің бірді-екілісі болмаса, жалпы жылы орнын қимайды деуге тағы келмейді: орнын басатын ешкім жоқ, зейнетақы да аз. Мұның барлығы еңбек нарығы мен кадр даярау, әлеуметтік төлемдер саласына түбегейлі өзгерістер мен нәтижелі жұмыстар жүргізілуі қажет екенін айқындап отыр.

Серіктес жаңалықтары