"Көресіздер, үшінші алтын жүлдені мен аламын!" – самбодан әлем чемпионы Нұрила Асанқызы

"Көресіздер, үшінші алтын жүлдені мен аламын!" – самбодан әлем чемпионы Нұрила Асанқызы
сурет: Самбо федерациясы
827

Өткен аптада Астанада самбо және жауынгерлік самбодан ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Бұл жаһандық доданың ерекшелігі сол – әйелдер сайысы мен зағиптар арасындағы бәсеке әлем чемпионатының бағдарламасына бірінші рет енгізілді. Елордада араға 20 жыл салып өткізілген әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы ел қоржынына 3 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлдені салды. Көпшілік, әсіресе, әйелдер құрамасынан жалғыз алтын жүлдені иеленген Нұрила Асанқызының жанкештілігіне таң-тамаша болды. Ауыр салмақта күрескен 21 жастағы Нұрила финалда мұрны сынып, көп рет қанаса да, соңына дейін тайталасып, Түркіменстаннан келген қарсыласынан айласын асыра білді. Қыздар арасында тұңғыш әлем чемпионы атанғанына әлі сене алмай жүрген Нұрилаға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

Спортқа баулыған – әкем

Қазақ қыздары арасында тұңғыш әлем чемпионы атанғаныма әлі сене алар емес­пін. Бұл менің бала кезден бері көксеген ар­маным еді ғой. Менің ғана емес, әкем екеуі­міздің арманымыз-тын. Өкініштісі сол, әкем бұл бақытты сәтті көре алмай кет­ті. Содан кейін болар, финал аяқталған кез­де өз-өзімді ұстай алмай, көз жасыма ерік бердім. Жалпы, менің әкем бала кезі­нен футболға қатты қызыққан. Тіпті, «Қай­рат» клубы ашылған кезде сол команда са­пына қабылдану үшін Алматыға келіп, ірік­теуден өткен. Алайда жастықтың буы­мен тастап кетті ме, әлде өзге де себеп бол­ды ма екен, анығын білмедім, кейін ту­ған жеріміз – Түркістан облысы Созақ ау­данына қарасты Шолаққорған ауылына қайтуға мәжбүр болған. Әкем анам маған аяғы ауыр болғанын естіген кезде, ұл бала бол­ғанын қатты қаласа керек. Тоғыз ай бойы ұл деп ойлап, күтіп жүрген. Қыз бо­лып туғанымды естіген кезде, ұнжырғасы тү­сіп қалыпты. Дегенмен үйдің жалғыз қы­зы болғасын, мені еркелетіп өсірді. Әрі ер бала секілді тәрбиеледі. Менің алғашқы бап­керім – сол кісі. 3-сынып оқып жүрге­нім­­де туған жерім ауылдағы залға ертіп апа­рып, спортқа баулуды қолға алды. Ауна­тып, күрестіріп, түрлі амал-тәсілдерді үйрет­ті. Әкем мен дүниеге келмей тұрып, «Әйе­лім ұл туса, боксшы қыламын» дегенді жиі айтқан екен. Ауылда бокс секциясы бол­мады, сөйтіп, күреске, содан соң сам­боға ден қойдық. Көп шынығып жүріп, көп жарысқа қатысқың келетіні анық қой. Дегенмен ауылда жүріп жаттыққан атлет жарыстарға көп қатыса алмайтынын біле­сіздер. Сондықтан 7-сыныптан соң қалада бап­кер болып жұмыс істейтін ағамның ық­палымен Қызылорда қаласындағы спорт интернатына оқуға түстім. Бірақ 9-сы­ныпты бітірген соң, өз үйіме қайтып кел­дім. Себебі анам 11 жыл бойы жаман ауру­мен күресіп, жағдайы нашарлап қалды. Әкеме қолғабыс болатын, жалпы үй-жайға қарайтын адам керек болғасын олардың қасына оралдым. Алайда сонда да спорттан қол үзбедім. Әкеме «Жарыстарда жеңімпаз атанамын. Арманыма қайтсем де жетемін. Мұнда бір орында тұралап қалмаймын» деп үнемі айтатынмын. Менің алған бетімнен қайтпайтынымды түсінген ол кісі «Бабың­ды жоғалтып алма» деп Шымкент қаласына дайындыққа жіберіп жүрді. Солайша екі араны тоздырып, көп уақыт дайындалдым. Сосын колледжге оқуға түстім. Оқу бітірер кезде қапыда әкемнен айырылып қалдым. Оның қырқын өткізген соң, анам дүние сал­ды. Сағым сынып, өмірден баз кештім. Қи­рап қалдым. Бір жылдай ештеңеге зау­қым соқпады. Жарыс, спорт дегенді ысы­рып қойдым. Себебі мен жатсам да, тұрсам да спорттағы бар жетістігімді әкеме көр­се­темін деп мақсат етіп жүрген жан едім. Кейін бірте-бірте өз бабыма келіп, еңсемді тік­тей бастадым. Жеке бапкерім Нұрғали ағай менің жігерімді оятып, жоғымды түген­деп, керек-жарақпен қамтамасыз етіп, жиын­дарға ертіп жүрді. Сөйтіп, 1 жыл үздік­сіз жаттығып, кәсіби спорт әлеміне қай­та кірдім. 

Жеке бапкерім де – әлем чемпионы

Айтпақшы, Нұрғали ағай – үш дүркін әлем чемпионы. Кеше аренада көпшілік «Әлем чемпионы өз шәкіртін әлем чем­пио­ны етіп баптап шығарды» деп айтып жа­тыр. Расында, ағайымның қолдауы орасан. Ол кісінің жетекшілігімен жастар құрама­сын­да жүрген 3 жылда да жақсы нәтиже тір­кедім. 4 дүркін Азия чемпионы атандым. Әлем­дік деңгейдегі ірі жарыстарда талай рет топ жардым. Былтыр жастар арасын­да­ғы әлем чемпионатының финалында жеңі­ліп қалып, күміс жүлдені місе тұтқан едім. Биыл ересектер құрамасына ауысып, олар­мен бірге жаттыға бастадым. Бастап­қы­да ол ортада қорқақтап жүрдім, себебі олар­дың тәжірибесі менен көп. Бұл санат­тағы бәсеке буы да басқаша. Алайда мейлі кіші бол, мейлі үлкен бол, өз-өзіңді дәлел­де­месең, ешкім сенің басыңнан сипала­май­тынын ұғындым. Әрекет түбі – берекет. Көп жаттығып, биыл ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде қарсылас шақ кел­тірмей, жеңімпаз атандым. Соның арқа­сында Азия, содан соң тұңғыш рет қыздарға қатысуға мүмкіндік берген әлем чемпио­натына қатысу бақыты бұйырды. 
Астанада 19 жылдан соң өтіп тұрған әлем чемпионаты кезінде қатты қобал­жы­дым. Мен ерлер құрамасындағы атлеттерді аға деп айтамын. Бір құрамада ел намысын бірге қорғап жүргендіктен оларға деген құр­метім ерек. Финалға 4 самбошы ағам шық­қанда қуанышымда шек болмады. Алай­да төртеудің екеуі ұтылып қалғанда, көңіл күйім түсіп кетті. Күллі Қазақстанның үміті менде екенін сезініп, бойымды қор­қы­ныш биледі. Алайда кейін әкеме айтқан сөздерім есіме түсіп, кенеттен күш-жігерім артып, жеңіске жетуге әлеуетім бар екенін сездім. Әкесінен айырылған қыздар ерте есейетіні рас екен. Мен сол сәтте оңай­шы­лықпен беріле салғым келмеді. Барынша төзім­ді болуға тырыстым. Финалда жарақат алып, мұрным жан шыдатпай әрі аяғым ауы­рып тұрса да, беріспедім. Бозкілемде жа­ным шығып бара жатса да, соңына дейін күресемін, әкемнің арманын түбі орын­даймын деп өз-өзімді қамшыладым. Сөйтіп, бет-аузым қан болса да, жеңісті қарсылас уысынан жұлып алдым. Барлығы «Мұрның сынды ма?» деп сұрап жатыр. Иә, сынды. Бұйырса, 20 қараша күні ота жасалады. 

«Көресіздер, үшінші жеңісті мен алып келемін»

Қазақстан тарихындағы жауынгерлік сам­бодан алғашқы әлем чемпионы деген атақ дәл маған бұйырғанына қуаныш­ты­мын. Спортты бақылап жүрген болсаңыз­дар, чемпионат басталмас бұрын жаңалық­тар­дан бас бапкердің болжамын естіген шы­ғарсыздар. Ол өз сөзінде қоржынға 2 ал­тын жүлде түседі деп айтқан еді. Оның бұл айтқаны көп спортшының сағын сын­дырғандай болады ғой. Шыны керек, мұны естігенде менің де көңіл-күйім түсіп кетті. «Неге 2-ақ алтын дейді?», «Бапкерлер бізге сен­бей ме сонда?» деп бас қатырдым. Бұл м­а­ған мотивация болды. Өйткені сол күні өз-өзіме сөз бердім. Әрі сол кеште қасымда отырған қыздардың көзінше «Көресіздер, мен чемпион боламын. Үшінші алтынды мен әкелемін» деп едім. Алла аузыма салып­ты, әлем чемпионатында екі алтынды ер­лер алса, үшіншісін мен иелендім. Менің жеңісіме дейін жалпыкомандалық есепте Ресей мен Беларусь командаларынан кейін үшін­ші орынға табан тіреп тұрған едік. Үшін­ші алтын жүлде иеленгеннен кейін екін­ші орынға тұрақтадық. Бұл да – үлкен же­тістік. Ағайлар мен бапкерлер жеке ор­ным, жалпыкомандалық орын үшін де қат­ты қуанды. Мен бұл жетістікке жету үшін тырысып-бақтым. Өзімді дәлелдегім келді. Қанша сенбесе де, «Менің қолымнан келеді» деп көрсеткім келді. Оған қоса, алғаш­қы жарыс күндері қыздардың ешбірі жүл­деге таласа алмады. Құны қымбат сол жүлдеге мұрным сынып жатса да, мен таласамын деп алған бетімнен қайтпадым. Тө­белесіп жатқан кезде денсаулығымды бәрі­нен биік қойып, орта жолда жарыс жо­лынан шығып қалсам да болар еді. Алай­да қарсыласым қатты ұрсын, қан-жоса етіп са­басын, өлсем де, намысты қолдан бер­мей­мін деп қасқайып тұрып алдым. Өз елім­де, өз жерімде күресіп жатып, басқа мем­лекеттен келген атлетке неге жүлдені беріп қояды екенмін? 
Мен мұнымен тоқтап қалмаймын. Алла қа­ласа, тағы да әлем чемпионы болуға уәде бере­мін. Бір рет әлем емес, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Қазақстан хал­қына самбо секілді қызық спортта қыз­дар да топ жара алатынын дәлелдегім келе­ді.

Жазып алған 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары