Ақтаудағы мектепте оқушылар қатарласын соққыға жықты

Кадрлардан бастауыш сынып оқушыларының бірі оқушыны ұрып-соққаны көрінеді

Ақтаудағы мектепте оқушылар қатарласын соққыға жықты
istockphoto.com
221

Ақтаудағы мектептердің бірінде оқушылар қатарласын ұрып-соққан. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлады turkystan.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Мәлімет бойынша, оқиға 19А шағынауданындағы №24 орта мектептің киім ауыстыру бөлмесінде болған. Кадрлардан бастауыш сынып оқушыларының бірі оқушыны ұрып-соққаны көрінеді.

Өңірдің полиция департаменті №24 мектепте болған оқиғаны растады. Полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тартатынын хабарлады.

«Жасөспірімдер профилактикалық есепке алынды. ҚР ӘҚБтК 435-бабы (Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық) бойынша хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша ата-аналарға 7 АЕК (25 844 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – делінген материалда.

Оқиға бойынша тиісті ұсыныс әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға енгізілген. Ювеналды полиция қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

Ақтау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 15 қарашада болған.

Басылымның ақпараты бойынша, бұл жағдайға байланысты мектеп директоры мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары полиция департаментіне шақырылды. Барлық қатысушылар анықталды, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізілуде. Мәселе бақылауда, деп атап өтті ведомство өкілдері.

Серіктес жаңалықтары