Тарихи әдебиеттерді шығару ісінің жанашыры
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғалымның қайраткерлігі мен шығармашылығы, баспа және кітаптану ісінің мәселелері жан-жақты талданған басқосуды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай жүргізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде Ш.Елеукенов туралы ой толғап: «Ол табанды еңбегі мен ізденістерінің нәтижесінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған ғалым Шерияздан Елеукенұлы қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес», – деді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін негізгі баяндамасына арқау етті. «Шериаздан Рүстемұлы – әдебиеттану, журналистикатану, кітаптану сияқты іргелі ғылым салаларын тоқайластыра зерттеп, өзіндік із салған жан-жақты білікті ғалым. «Қазақ романының идеялық-эстетикалық және жанрлық өзгешелігі» деген тақырыптағы докторлық диссертациясын сонау Мәскеудегі М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында қорғаған. Филология ғылымдарының бір саласы – журналистикатану ғылымының көшбасшыларының бірі», – дейді Б.Жақып.
Профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазәлі Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Ғалымдар Нұрдаулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындыларды баяндамаларына арқау етті.
Қырғызстанның Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.
Ғалым Серікқазы Қорабай Елеукенов тағылымы туралы айта келіп: «Ресми орындардың кейбір қасаң талаптарына қарамастан өз пікірі бар ұлтжанды министр халқымыздың өткен тарихын қамтыған әдебиетті шығару ісін батыл қолға алды. Сол жеке бастамашылдығы үшін қатты сынға алынып, жазалауға да ұшырады. Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің атақты «Көшпенділер» трилогиясын жарыққа шығарып, арты үлкен дау-дамайға айналған шақта да Шериаздан Рүстемұлы нағыз азаматтық мінез танытты. Осы кітапты шығартқаны үшін өз басына қауіп-қатер төнуіне қарамастан байсалдылық танытты, «Көшпенділер» кітабын қорғап қана қоймай, Мәскеудің «Дружба народов» журналында «Рост национального самосознания и исторический роман» атты зерттеу мақала жариялап, І.Есенберлин туындысын идеялық-саяси жағынан ұстамды шығарма деп батыл жазды. Осыдан кейін іле-шала КОКП органы – Мәскеуде шыққан одақтық «Коммунист» журналында өзінің ғылыми жетекшісі болған атақты ғалым Г.Ломидзенің «Қаһар» романы туралы жылы пікір білдірген мақаласы жарияланды», – деді.
Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.
Жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, әдебиеттанудағы, кітаптанудағы, көркем сөздері қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл әлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді.
Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.
Қарагөз Серікқызы,
баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы