Тұғыл ауылында спорт кешені қолданысқа берілді

Тұғыл ауылында спорт кешені қолданысқа берілді
365

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ШҚО Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында салынған дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы қолданысқа берілді.

Жаңадан ашылған спорт кешенінде алдағы уақытта ауыл балалары бокс, еркін күрес, волейбол, жеңіл атлетика, гір көтеру, қазақ күресі, қол күрес, ауыр атлетика секцияларына қатысатын болады.

«Біз аудандық мәслихат депутаттарымен бірге осы нысан басталған күннен қолданысқа берілгенге дейін басы-қасында болып үнемі құрылыстың сапасына бақылау жасап отырдық. Партияның сайлауалды бағдарламасымен салынып жатқандықтан құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақыттылы аяқталуы маңызды. Спортпен айналысатын ауыл балалары үшін бүгін қуанышқа толы күн деуге болады», – дейді ШҚО мәслихатының депутаты Болат Нұрпейсов.

Құрылыс нысаны жоспарланған уақыттан бір ай ерте қолданысқа берілді. Мемлекет басшысы өзінің жолдауларында бұқаралық спортты дамыту қажеттігін баса айтқан болатын. 

«AMANAT» партиясыда ауылдық жерлерде спортпен айналысатын жастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сайлауалды бағдарламаларында спорт кешендерін салу мәселесін енгізген болатын. Алдағы уақытта осындай спорт кешендері өңіріміздің бірнеше ауданында қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр.

«Біздің балалар үшін осы спорт кешеннің маңызы зор болмақ. Ауылымыз шағын болғанмен талай спорт саңылақтары шыққан. Жастар бос уақыттарын тиімді өткізу үшін, дұрыс жолда болуы үшін осындай нысандардың ашылуы оң шешім деп санаймын. Біз ауыл ақсақалдары бүгінгідей игі істің куәсі болып жатқанымызға қуаныштымыз», – дейді спорт ардагері  Әмір Егінбаев.

Серіктес жаңалықтары