Жазушы Шәрбану Бейсенованың кітаптары түрік тілінде жарық көрді

Жазушы Шәрбану Бейсенованың кітаптары түрік тілінде жарық көрді
377

15 қарашада Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Түркия елшілігінің резиденциясында екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. Жазушы Шәрбану Бейсенованың «Сүзгенің соңғы күндері» мен «Бозоқ аруы» атты романы түрік тілінде жарық көрді.

Іс-шараға Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, шетелдік дипломаттар, елордадағы зиялы қауым өкілдері, жазушылар, қазақ және түркі әдебиеттанушылары қатысып, сөз сөйледі.

Елші Мұстафа Капуджу өз сөзінде түркі әлемінің бірлігі мәдениет пен әдебиет, баспасөз арқылы дамитынын атап өтті. Оның пікірінше, өткен ғасырда жәдиттер қозғалысы тұтас түркі әлемінің бірлігін нығайтуға, мәдени тұтастыққа ерекше әсер еткен. Өткен жылы ортақ түркі алфавитінің қабылдануы маңызды қадам болғанын айтқан Мұстафа Капуджу:

– Шәрбану Бейсенова, әсіресе, әйелдер туралы шығармаларымен танымал. Ол қазақ қоғамының ежелден келе жатқан құндылықтары мен салт-дәстүрін қайраткер әйел тұлғалар арқылы баяндайтын, тарихтың ізін бүгінге жеткізген әңгімелер жазды. Оның шығармаларында түркі жұртының  тарихи  әйел қаһармандары жиі кездеседі, – деді.

Ал Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфу Томан екі шығарманың өзегі туралы кеңінен тоқталды.

 – Кітаптар үлкен теңіз тамшылары іспеттес, жазушының жан-дүниесін, таным-түсінігінің нақты туындысы ретінде жететін кітаптар, автордың атын мәңгілікке қалдырады. Кітаптар адамзаттың жады және өркениетті қалайтын кірпіш ретінде де қызмет етеді. Өркениеттің дамуы мен сақталуында кітап – ең маңызды еңбек. Кітап – жадты сақтайтын, өркениетті жинақтайтын және ең алдымен адамзат мұхитынан тарап жатқан өзендей ұрпаққа нәр беретін әлемдегі ең құнды байлық. Әр кітап өз саласының мөрі іспеттес. Шығарманы тұтастай бағалайтын болсақ, тарихи сананы жандандырумен қатар, қоғамның ең маңызды іргетасы ретінде әйел затының ұлылығы мен жанкештілігіне аса үлкен назар аударады. Әлеуметтік құндылықтардың ең негізгі тасымалдаушысы ретінде әйелді айрықша атап өткенін көрудеміз. Сондай-ақ, өмірдің қайнар көзі – аналарымыз бен әйелдердің өмір үшін күрес жолында кездескен қиыншылықтар мен жапа шеккендерін де көруге болады. Иә, бүгінгі таңда да әлемде болып жатқан соғыстар мен басқа да қырғи қабақ оқиғалардың әйелдерге көп зардабын тигізгеніне, Шәрбану Бейсенова ханымның өз шығармаларында әйелдер тақырыбына деген ерекше көзқарасымен үлкен қызмет еткеніне куә болып отырмыз, – деді З. Томан.

Ал Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркология бөлімінің оқытушысы, доцент Фунда Гүвен:

– Шәрбану ханымның екі романында да түске көп мән беріледі. «Сүзгенің соңғы күндері» романында түс арқылы болашақ жорамалданған болса, «Бозоқ аруындағы» түс ғалым Шырақбекті өткенге жетелейді. Осылайша, автор материалдық емес мұра мен материалдық мұраны тоғыстырады.  Романда материалдық мәдениеттен (әйел сүйегі, тостаған мен мылтық және інжу-маржаннан бас киім) абстрактілі мәдениетке, яғни олардың оқиғасына көшу бар.Қазақ қауымының мұсылмандық куәлігі түстің басында баса айтылады.  Бас кейіпкер өзін «Менің азан шақырылып қойған атым Шырақбек» деп таныстырады. Ал қыз болса өзінің Қорқыт  ата хикаяларынан шыққанын және 15 ғасырдан келгенін айтады. «Қорқыт атамның маған азан шақырып қойған есім – Бану Шешек». Бану Шешек басты кейіпкердің түсіне еніп, тілдеседі.  Осы түс пен фантастика арасындағы шындық оқырманға тарихты баяндайды, – дей келіп, шығарманың формалық және мазмұндық жақтан үйлесімділігін талдады. Түркі мәдениеті мен тарихының ортақ кодын – рухани бірегейлігін ашқан шығармалардың көтерген тақырыбы ауқымды екенін айтып өтті.

Жазушы-драматург, профессор Роза Мұқанова: 

«Шәрбану Бейсенованың әйгілі Сапагерей ханның ханымы – Сүйінбикені зерттеуі, табаны тозып Қырымға дейін барып, тарихи деректерді бірінен кейін бірін тауып, тарихтың ақиқатына көз жеткізуі, Көшім ханның сүйікті жары Сүзгенің  ержүрек тағдырын көркем әдебиетте  жаңғыртуы, Сүзге ханымның бейнесін жасауы  жазушыға тән еңбекқорлықтың жемісі», – деді.

Шара соңында автор аудармашылар мен баяндамашыларға рахмет айтып, шығармаларды жазу барысындағы ізденістерін әңгімелеп, оқырмандарға қолтаңба берді.

Серіктес жаңалықтары