144
СҚО-да ауыл тұрғынынан 500 литр спирттік өнім тәркіленді
Ауыл тұрғынына айыппұл салынуы мүмкін.
Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицейлер жедел-профилактикалық іс-шара аясында заңсыз алкоголь сату фактісін анықтады.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, Есіл ауданындағы ауылдардың бірінде әйелдің өз үйінде спирттік ішімдік сататыны туралы ақпарат түскен. Тексеру үшін барған полиция қызметкерлері тұрғынның үйінен құрамында спирт бар 497 литр өнім, яғни 687 бөтелке сыра және бес литрлік 29 бөтелкеге құйылған лицензияланбаған арақ тәркіледі. Сонымен бірге акцияздік маркасы жоқ 409 қорап темекі алынды.
Тиiстi тiркеусiз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып жатыр. Ауыл тұрғынына айыппұл салынуы мүмкін.
«Учаске» ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы 16 қыркүйектен бастап өтіп жатыр. Осы уақыт аралығында солтүстікқазақстандық полицейлер алкогольге қарсы заңнаманың 1 700-ден астам түрлі заң бұзушылығын анықтады.