Мажарстан елімізде 3 зауыт салады

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.

Мажарстан елімізде 3 зауыт салады
Akorda
221

Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме барысында белгілі болды.

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.

Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Елімізге 2005 жылдан бері 370 миллион доллар мажар инвестициясы тартылды. Мен бүгін Мажарстандағы ірі компания басшыларымен кездестім («MOL», «OTP Group», «Gedeon Richter»). «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 миллион доллар, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы.

Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады.

Бүгін «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi'an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміздің арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізілетін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары