"Мақсатыма жетемін деген адамға кез-келген жерде мүмкіндік бар" – парапауэрлифтинг шебері Гүлім Құрманбаева
Бұл сыйлық – менің осы уақытқа дейін атқарған еңбегімнің, төккен маңдай терімнің нәтижесі деп білемін.
Күні кеше «Кедергісіз келешек» жобасының аясында «ЖанШуақ» қоғамдық марапаты табысталды. Бұл іс-шара «AMANAT» партиясының қолдауымен, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының ұйымдастыруымен осымен 17-ші рет өткізіліп отыр. Бұл сыйлық жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижелерге қол жеткізген мүгедектігі бар адамдарға беріледі. Кеше де 8 номинант «ЖанШуақ» сыйлығына ие болды. Олардың қатарында пауэрлифтингтен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия паралимпиада ойындарының қола жүлдегері, парапауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Құрманбаева Гүлім Жайбергенқызы бар. «Спорт саласындағы үздік жетістіктері үшін» номинациясы бойынша марапатталған спортшымен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
«Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келдім. Мүмкіндігім шектеулі болғандықтан бала күнімде мені ешкім спортқа қатыстырмады. Бірақ өзім спортты жақсы көретін едім. Мектептен кейін бухгалтер мамандығын оқып, есепші болып жұмыс істедім. Көп жер жұмысқа алған жоқ. Параспортқа 26 жасымда келдім. Қазір спортта жүргеніме он жылдан асып барады. Спортқа келіп, өмірден өз орнымды таптым. Спорт саласы бойынша оқу оқып, білім алдым. Болашақта бапкер бола аламын. Бірақ қазір шәкірт тәрбиелеуге дайын емеспін. Әлі де өзімді шыңдауым керек. Аптасына төрт рет, үш-төрт сағаттан жаттығамыз. 2019 жылы Шымкенттің өзім сияқты тағдырлас жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол кісі – қазір менің мотиваторым. Спортты жалғастыруыма рұқсатын берді. Қазір жолдасым екеуміз Қандыағаш қаласында тұрып жатырмыз. Бапкерім сол қалада тұрады. Жаттығамын, жетістікке жетемін деген адамға кез-келген жерде мүмкіндік бар. Былтыр «ЖанШуақ» марапатына қонақ ретінде келгенмін. Сол кезде «Келесі жылы мен де үміткер боламын, қалай да мақсатыма жетемін» деген ой болды. Биыл сәті түсіп, марапатқа іліктім. Бұл сыйлық – менің осы уақытқа дейін атқарған еңбегімнің, төккен маңдай терімнің нәтижесі деп білемін. Мұнда әр облыстан ең мықты деген жандар келіп жатыр. Солардың арасында болғаныма қуаныштымын», – дейді Гүлім Құрманбаева.