Арбаға таңылсақ та команда болып жүгіреміз – марафоншы Нұрлан Сыздықов

Командада сал ауруына шалдыққан, диагнозы ауыр жандар, балалар бар.

Арбаға таңылсақ та команда болып жүгіреміз – марафоншы Нұрлан Сыздықов
171

Кеше «AMANAT» партиясының қолдауымен, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының ұйымдастыруымен «ЖанШуақ» қоғамдық марапаты табысталды. «Кедергісіз келешек» жобасының аясындағы бұл шара «осымен 17-ші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын қоғамдық қызметте ерекше нәтижесімен көзге түскен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін бұл сыйлықты кеше иеленгендердің бірі – Сыздықов Нұрлан Зиядденұлы. «Мүгедектігі бар адамдарға қатысты қоғамдық сананың оң өзгеруіне қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша марапатталған Нұрлан Сыздықов – Астана қаласының Алматы ауданы әкімінің инклюзив жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған көп жарыстың қатысушысы әрі ұйымдастырушысы.

«Өзім – Қостанайдың тумасымын. Он жылдан бері Астанада тұрамын. Қазір жасым 31-де. Осыдан тоғыз жыл бұрын, 22 жасымда жол апатына түсіп, арбаға таңылдым. Жүгірсем деген талпыныс болды. Сөйтіп алғаш рет 21 шақырымға жалғасқан марафонға қатыстым. Соңғы үш жылда 5-7 адамнан тұратын команда жасақтап, жарыстарға шығарып жүрмін. Командада сал ауруына шалдыққан, диагнозы ауыр жандар, балалар бар.  Командамен 10 шақырымдық марафондарға қатысамыз. Сол жобамен «ЖанШуақ» марапатына іліктім. Мені елеп-ескерген, назарынан тыс қалдырмаған жоба ұйымдастырушыларына ризамын.  Мамандығым – заңгер. Параалимпиада орталығында әкімші, Астана әлеуметтік технология қоғамында фандрайзер болып жұмыс істеймін. Жұмысқа көлігіммен, өзім келіп кетемін. Арбамды көлігіме салып аламын, көлікке өзім отырамын», – дейді Нұрлан.

 

Серіктес жаңалықтары