Жасанды интеллектке шағымдану психологиялық жағдайды жақсартады – зерттеу

Жасанды интеллектке шағымдану психологиялық жағдайды жақсартады – зерттеу
сурет: netguru.com
434

Жасанды интеллект күнделікті өмірде кеңінен қолданылып жатқан уақытта, зерттеушілер оның психикалық денсаулыққа тигізетін әсерін зерттеп жатыр. Applied Psychology: Health and Well-Being журналында жарияланған зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жасанды интеллектке шағымдану ашу мен күйзеліс сияқты теріс эмоцияларды азайтады. Дегенмен, әдіс әлеуметтік қолдау немесе жалғыздықтан құтқару сияқты қызмет атқара алмайды, бұл технологияның мүмкіндіктері мен шектеулерін айқындап отыр.

ЖИ чат-боттары – табиғи әрі адам сияқты әңгімелесуге арналған жетілдірілген бағдарламалар. Олар қолданушылардың мәліметтерін талдап, контексті түсініп, мағыналы жауап береді. Кейінгі жылдары бұл технологиялар едәуір дамып, адаммен қарым-қатынас орнатуда мүмкіндіктерге ие болды.

Сингапур менеджмент университетінің психология саласындағы докторанты Мэйлань Ху зерттеудің негізгі себебі ретінде адамдардың эмоцияларын өңдеуге ЖИ чат-боттары қаншалықты көмектесе алатынын анықтау екенін айтты.

– Көбінесе өзіңді тыңдайтын әрі сезімдеріңді растайтын адаммен сөйлесу үлкен қолдау береді. Алайда, жалғыздық деңгейі әртүрлі жастағы топтарда өсіп келе жатқандықтан, көп адамдардың сенімді және бейтарап адаммен сөйлесу мүмкіндігі жоқ. Сонымен бірге, ЖИ чат-боттары дамығаны соншалық, олар адам сияқты жауап бере алады. Осылайша, мен оларды эмоцияларды өңдеуде балама құрал ретінде зерттеуді жөн көрдім, – деді Ху.

Зерттеуге Сингапурден 150 студент қатысты. Олар екі әдісті – дәстүрлі жазбаша шағымдану мен ЖИ чат-ботымен қарым-қатынасты салыстырып көрді. Бірінші әдісте қатысушылар Word құжатына 10 минут бойы жақында болған жағдайдан туындаған реніштері мен проблемаларын жазды. Ал екінші жағдайда, чат-ботпен әңгімелесті.

Қатысушылар әр сессиядан кейін сауалнама толтырып, эмоциялық жағдайы мен жалғыздық деңгейін бағалады. Нәтижесінде, ЖИ чат-ботымен қарым-қатынас дәстүрлі жазбамен салыстырғанда, ашу-ыза мен күйзелісті айтарлықтай азайтуға көмектескен.

ЖИ чат-боттары жоғары және орта қарқынды теріс эмоцияларды азайтуда тиімді болса да, олардың әлеуметтік қолдау сезімін жақсартуға немесе жалғыздықты азайтуға әсер етпегені анықталды. Қатысушылар чат-боттың адам емес екенін түсініп, оған шынайы байланысты сезінбеген.

Мэйлань Ху болашақта ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізу және ЖИ чат-боттарының өзін-өзі қабылдау, ризашылықты арттыру сияқты эмоциялық процестерге қалай әсер ететінін зерттеу керектігін айтты.

– Жасанды интеллект біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған сайын, оның ықтимал теріс салдарын азайтып, оң әсерін барынша арттыру үшін оны жауапты түрде қолдану мен жобалауды түсіну өте маңызды, – деді зерттеуші.

Бұл зерттеу ЖИ чат-боттарының эмоционалдық қолдау құралы ретінде перспективалық рөлін айқындағанымен, адаммен қарым-қатынасты толық алмастыра алмайтынын көрсетті.

Серіктес жаңалықтары