Ақтөбеде су тасқыны кезінде пара алған экс-шенеунік сотталды

Лауазымды тұлға қылмыс бойынша өз кінәсін толық мойындады

Ақтөбеде су тасқыны кезінде пара алған экс-шенеунік сотталды
istockphoto.com
240

Ақтөбе облысында бұрынғы шенеунік Ойыл ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен ауылды қалпына келтіруге пара алғаны үшін сотталды.

Stan.kz мәліметінше, су тасқынының салдарын жою бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанда, жергілікті сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мердігерлерден пара алған.

“Ауданда жергілікті төтенше жағдай жарияланып, су тасқынынан келген шығынды бағалау үшін "Жоба НС жобалау компаниясы" ЖШС жұмысқа тартылды. Ал 5 сәуірде сәулет бөлімі осы компаниямен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына техникалық байқау және сметалық құжаттаманы ресімдеу бойынша қызметтерді сатып алу туралы шарт жасасқан. Айнат Қазмағамбетов жасалған келісім-шарт пен жалпы қамқорлыққа алғыс ретінде мердігер компания өкілінен 100 мың теңге пара талап еткен. Мердігер аталған соманы лауазымды тұлғаға жұмыстың ақысын төлеген соң аударған", – делінген хабарламада. 

Сол жылдың жазында шенеунік басқа мердігерден келісім-шарттың жалпы сомасының 10% көлемінде тағы да пара алған.

"Тараптар пара сомасын келісіп, одан кейін Ойыл ауылының батыс бөлігіндегі "2ВЛ-10кВ әуе желісін қайта жаңғырту" жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойған. Келісімшарттың жалпы сомасы 31 миллион 202 мың теңге. Қазмағамбетов тамыз айында мердігерден 500 мың теңге пара алған", – делінген хабарламада. 

Лауазымды тұлға қылмыс бойынша өз кінәсін толық мойындады. Істі Ақтөбе қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты қарады.

15 қарашада Айнат Қазмағамбетов пара алғаны үшін 21 миллион теңге айыппұл төледі. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Мердігер компания директоры да дәл осындай үкіммен сотталды. Ол пара бергені үшін 10 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Оған да болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Серіктес жаңалықтары