«11 жасымда намаз оқитынмын»: әнші Луина ел білмейтін шындығын айтты
Ол ағасы екеуі Ақтаудағы медресеге 3 ай барғанын айтты.
Танымал әнші Луина Дина Төлепбергенге берген сұхбатында бала кезінде медреседе оқығанын мәлім етті.
Оның айтуынша, ол 11 жасынап бастап намаз оқыған. Алайда өнер иесі қазіргі кезде намаз оқымайтынын, бірақ бірнеше сүре есінде екенін айтты.
«Мен ата-әжемнің қолында өстім, атам молда болған кісі. Бір кездері бізді медресеге құран оқып үйренуге апарды. 11 жасымда атам «қазір жазғы демалыс, мектеп аяқталды, сендер мешітке барасыңдар, оқисыңдар» деді. Ағам екеуміз Ақтаудағы медресеге 3 ай бардық. Мен онда құран оқи алатын едім, намаз оқитынмын. Әрине, бүгінде оның бәрін ұмытып қалдым, бірақ арабша әліппе есімде қалды. Сондай-ақ өзіме ең керек деген сүрелерді жатқа білемін. Мысалы, Ықылас, Фатиха сүресін әрдайым бір жаққа ұшатын кезде, маңызды уақытта, күнде ұйықтар алдында оқып отырамын. Бұл менің молда, имам болған атамның арқасында», - деді ол.
Сондай-ақ, әнші жолдасының ислам дінін қабылдағанын айтты.
«Менің жолдасым 16 жасында ислам дінін қабылдаған. Оның Әбубәкір деген есімі де бар. Ол өзін атеистпін дейді, бірақ діндердің ішіндегі ең жақыны ислам дейді. Ислам дінін ұстану өте тиімді, жаныма жақын деді. Бірақ ол тек таза деректерге ғана сенеді. Қазір оның жасы отызда, есейе келе оған келесің деп айтқан едім. Мен биыл бірінші рет ораза ұстадым. Ол менен үлгі алды. Жұма күндері кейде мешітке барады», - дейді әнші.