Қазақстанның ашық университеті - студенттердің жаңа мүмкіндігі

Қазақстанның ашық университеті - студенттердің жаңа мүмкіндігі

Қазақстанның ашық университеті - студенттердің жаңа мүмкіндігі
ашық дереккөзі
864
Кеше Алматыда «Қазақстанның ашық университеті» білім беру платформасындағы алғашқы онлайн-курстардың басталуына орай конференция өтті. «Қазақстанның ашық университеті» онлайн білім беру жүйесі «Кселл» компаниясы мен «WikiBilim» қоғамдық қорының бірлесіп әзірлеген жобасы болып табылады. Ашық университет дәрістерін дайындап, жобаға қолдау көрсеткендер қатарында Қазақстанның ҚБТУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, AlmaU, SDU, Математика және математикалық модельдеу институты сынды жоғарғы оқу орындары бар. «WikiBilim» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері онлайн білім беру бағытында еңбек етіп келеді. Қордың қазақ тіліндегі түрлі электронды, аудио кітаптарды, фильмдер мен ұлттық әуендерді, 150 мың сөз бен сөз тіркестері бар сөздікті қамтитын  kitap.kz сынды үлкен жобалары бар. «WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжанидің айтуынша, бүгінгі таңда udemy, udacity, uniweb сынды жоғарғы білім берудің түрлі онлайн платформалары бар, алайда бұлардың көбісі ағылшын тілінде. Ал, «Қазақстынның ашық университеті» аталмыш білім ордаларының қазақ тілді нұсқасы болып келеді. Openu.kz контентінің 80% қазақ тілді ақпаратқа негізделген. Ашық университет жобасының қаржылай демеушісі «Кселл» компаниясы. «Кселл» қолдауымен «Матрицалар және анықтауыштар», «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік», «Web-бағдарламалау негіздері», «Фурье талдауы», «Робототехника» сынды алғашқы 10 онлайын-курстар дайындалды. «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова жоба туралы « Біз «Ашық университет» жобасы тек колледж және жоғарғы оқу орындары талапкерлері мен студенттеріне ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген, соның ішінде, IT және телекоммуникациялар саласындағы мамандарға да қызық болады деп сенеміз. Оған қоса, платформа мүмкіндігі шектеулі жандар мен мегаполистерден шалғайда орналасқан аудан тұрғындарын білім беру курстарына қол жеткізді. Аталмыш жоба еліміз үшін шынымен де бірегей жоба болып саналады. Келешекте бұл жобаны экономиканың басқа салаларындағы біз сияқты білім беруді дамыту мен өз саласы үшін жоғары білікті кадрларды дайындауға мүдделі қомпаниялардың қолдайтынына сенгіміз келеді», - деп ой бөлісті. Конференция барысында «Қазақстанның ашық университеті», яғни openu.kz  платформасын жоба жетекшісі Айнұр Сатекова ашып көрсетті. Жоба платформасы Гарвард университеті және Массачусетс технология интститутының бірлесуімен дүниеге келген Open edX негізінде жасалған. Бір курс орта есеппен 5 аптаға созылады. Әр аптада 2 дәрістен оқылады. Сайтта тіркеуден өткен соң тұтынушы алдында курстың алғашқы екі дәрісі ашылады, белгілі уақыт өткен сайын келесі дәрістер қосылып отырады. Дәрістер орта есеппен 20 минутқа созылып, соңында тапсырмалар берілу мүмкін. Дәрістерді видеоплеер арқылы немесе қысқа конспекттер арқылы меңгеруге болады. Әр дәрісте өзін тексеру тесттері бар, тестті аяқтаған соң қай жауаптың дұрыс немесе дұрыс емес екені көрсетіледі. Ал, қате болған жауаптардың дұрыс нұсқасы көрсетілмейді. Айнұр ханымның айтуынша, бұл тестті қайта тапсырып өзімізді тағы бір сынап көрудің амалы. Курстың онлайн-бетінде «прогресс» деген бөлім бар. Бұл бөлімде біз өзіміздің оқу үлгерімімізді график түрінде бақылай аламыз. Сонымен қатар, әр курстың кіріспесінде автор, курсты меңгеру үшін қажетті құралдар немесе машықтар туралы ақпарат және автордың ұсынатын әдебиеттер тізімі көрсетіледі. Openu.kz платформасы Қазақстанның кез-келген азаматы үшін ашық, әсіресе студенттер қауымына тигізер пайдасы мол болары анық. Біріншіден, өз мамандығын сүйетін жастарға өз ісінің мықты қызметкері ретінде қалыптасуға, екіншіден, білім алу барысында уақытты үнемдеуге көмектеседі. «WikiBilim» қорының негізін қалаушы әрі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы ашық университет қызметін « «Қазақстанның ашық университеті» диплом бермейді, ол университеттерге өз қызметтерінің сапасын арттыруға, ал оқушыларға сапалы білім алуға көмектеседі», - деп түсіндірді. Алайда, Наталья Еськова шамамен 5 жылдан кейін онлайн-дәрістерді университеттер жүйесіне енгізіп, өтілген курстардың ЖОО құжаттарында белгілеуге байланысты жоспарлар барын айтты. Сондай-ақ, Наталья жобаның ендігі дамуындағы басты мәселе ретінде профессорлардың қолдауына байланысты мұқтаждықты атап өтті. Оның пайымдауынша, көптеген профессорлар жылдар бойы ерең еңбектерімен жинаған тәжірибе, білімімен өзге жұртпен бөлісуге дайын емес сияқты. Осы стереотиптерден құтылу арқылы біз бұл жобаның дамуын қамтамасыз ете аламыз. Ал, ашық университеттің алғашқы онлайн-курсының авторы – белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев қалжыңмен «қыз дайын болса, біз дайын»  деп, осындай жобаларды қолдауға әрдайым дайын екенін білдірді. Сонымен қатар, Асқар Жұмаділдаев көптеген студенттер жұмыс істеп кәдімгі студенттер сынды университетке келіп партада отыруға уақыт таппайтындықтан онлайн білім беруді қолдайтынын, дәрістердің оңай жолмен түсіндіріліп, шаршатпай  неғұрлым қысқа болуын дұрыс деп есептейтінін білдірді.

Айжан Шакенова

суреттің авторы - Роман Дементьев

Серіктес жаңалықтары