Қызылордада 15 жастағы қызға үйленген жігіт 12 жылға сотталып кетті

15 жастағы қыз жүктілігіне байланысты дәрігерге көрінген

Қызылордада 15 жастағы қызға үйленген жігіт 12 жылға сотталып кетті
istockphoto.com
294

Қызылорда облысында 15 жастағы қызға үйленген 21 жастағы жігіт 12 жылға сотталып кетті.

Бұл оқиға жайында әлеуметтік желі беттерінде жарияланды. Онда екеуінің ата-аналарының рұқсатымен үйленгені айтылған. Кейіннен 15 жастағы қыз жүктілігіне байланысты дәрігерге көрінген. Емханадағы мамандар бұл жайында полицейлерге жеткізген.

Сол оқиғадан кейін жас жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Аталған сот үкіміне байланысты Қызылорда облыстық соты Kazinform ақпарат агенттігіне түсініктеме берді.

- Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 25 қарашадағы үкімімен жабық сот отырысында сотталушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабының 3-бөлігі 1)-тармағымен (көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау) кінәлі деп танылды.

Сотталушы педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шеттетіліп, 12 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Сот үкіміне 2024 жылғы 17 желтоқсанда апелляциялық шағымдар түскен.

Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды, - деп мәлім етті Қызылорда облыстық сотынан. 

Серіктес жаңалықтары