Мазмұны
Қазақта «малдың киесі ноқтасында» деген ырым бар. Себебі, ірі қараның пірлері ноқтада отырады деп түсінеді. Сондықтан малды сатқанда ноқтасын қоса бермейді. Тіпті итті сатқанда да «басындағы қарғыбауын берме» деп айтады. Үйдің киесі иттің қарғыбауына да қонақтауы мүмкін. Бұл жайында ел аузында сақталған көптеген тыйым аңыздар мен ырымдар да бар.
Ертеде Сыр бойында Елтай деген адам болыпты. Оған әкесінен мұраға бес үйір жылқы қалады. Елтай базарға бір-екі жылқысын апарып, азық- түлікке айырбастамақ болады. Жылқысы қымбат бағаланғанына қуанып, ноқтасын қосып береді.
Содан бастап Елтайдың дәулеті кеми түседі. Жылқылары азайып, ұры мен қасқырдың жеміне айналады. Онан қалса, сіреспе ауруына ұшырап, жоқ болады. Елтай тақыр кедейге айналады.
Басындағы бақытсыз күйі туралы ауылдағы бір қарт мұң шағады. Сонда қарт:
–Әй, балам-ай! Малдың киесі ноқтада болады. Мал сатқанда бас жібімен бермейтін еді. Адам үшін бас киім қаншалықты қасиетті болса, мал үшін де ноқта жібі соншалықты қастерлі. Бақ та, ырыс та көшпелі алтын тәрізді. Бағалай білмеген адамның қолынан тез шығып, кетіп қалады, - деген екен.
Мәлімет "Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді" кітабынан алынды.