сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Жүкті әйелдің жанашыры: Доула деген кім?

/
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мазмұны

    Өркениет дамып, жаһандану қанат жайған сайын жаңа мамандық пен жаңа қызметтің түр-түрі пайда болып жатыр. Сондай мамандықтың бірі – доула. Ел аузында «заманауи ене» атанып кеткен доулалардың қызметіне қазір сұраныс артып келеді. Абысын-ажын бұрынғыдай қауымдасып өмір сүрмейді, ал енелер болса жұмысбасты. Жас босанған әйелді 40 күн баптайтын ешкім жоқ. Ал жас анаға көмек керек. Мұндайда доулалардың қызметі таптырмас мүмкіндік болып тұр. Turkystan.kz сайтының тілшісі осы бір мамандықтың қыр-сырымен танысу үшін бір жарым жылдан бері доула қызметін көрсетіп жүрген Бақытжан Үстеміровамен тілдескен болатын.

    «Қазір жасым 52-де. Медицина колледжінің акушерлік факультетін тәмамдағанмын. Колледж бітірген соң ұзақ жылдар бойы Жаңа туған сәбилер патологиясы бөлімшесінде, Балаларды оңалту орталығында жұмыс істедім. Сол жерде жүріп келіншектердің босанғанда қалай қиналатынын, жасанды тыныс алу аппаратында жатқан, денсаулығында кінәраты бар балаларды көп көрдім. Мұның бәрінің себебі неде деп ойланатынмын. Сөйтіп 1,5 жыл бұрын ресми медибикелік жұмысымнан шығып, біржола доула қызметіне ден қойдым. Жаңағы ауытқулардың барлық жауабын осы доулалықтан таптым», – дейді ол.

    «Әйелдің денсаулығына кері әсер ететін фактор көп»

    Қазір аурушаң бала көп. Түрлі дерт, түрлі диагноз бар. Маман мұның себебін де түсіндірді.

    «Бұрынғы әйелдер неге шыдамды болған? Неге дені сау балаларды көп туған?» деп сұрайды. Себебі ол кезде бәрі табиғи болды. Тамақтың өзі маусымға сай болды. Біздің ата-аналарымыз табиғатпен үйлесімде өмір сүрді. Таңда тұрды, күн батқанда жатты. Ал қазір бұл табиғи ритмнің бәрі жоқ. Қазіргі әлем күйзеліске толы, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Осы өзгерістің бәріне ілесеміз деп күйзеліске түсеміз. Біз бүгін цивилизацияның «құнын» төлеп жатырмыз. Экология нашар, аз қозғаламыз. Гаджеттер, компьютер, ұшақ, жүрдек пойыздар бар. Тамақ дұрыс емес. Синтетика, фастфуд көп. Табиғи өнімдер аз. Осының бәрі әйелдің денсаулығына әсер етпей қоймайды», – дейді Бақытжан Хабилуллақызы.  

    «Тәжірибемдегі ең ұзақ толғақ 18 сағатқа созылды»

    Доуланың қызметіне жүктілік басталған кезден-ақ жүгінуге болады. Ол кезде доула жан-жақты кеңес беріп, әйелді психологиялық тұрғыдан дайындайды. Егер жүктілік кезеңіне доула қажет болмаса, онда босану және босанғаннан кейінгі кезеңге келісімшарт жасай аласыз.

    «Әйелдер жүктілікке жан-жақты: физикалық, психологиялық, эмоционалдық жағынан дайындалуы керек. Нутрициолог, натуропат сияқты мамандардың бәріне барған дұрыс. Жүкті кезде әйел осылай жұмыс істесе қаншама ауру мен ауытқудың алдын алады. Доула болып жүріп, әйелдерге босану қиын екенін байқадым. Денесінде спазма бар. Спазма деген күйзеліс. Оны кетіру үшін йога, жүзу сияқты спортпен айналысу керек. Доула қызметіне неғұрлым ертерек жүгінсе соғұрлым жақсы. Ертерек ақыл-кеңес, нұсқау береміз. Кей келіншектерде қорқыныш болады. Білмегенін түсіндіріп, тыныштандырамын. Әсіресе бірінші рет босанып тұрған жас келіншектердің қорқынышы басым, толғағы ұзақ болады. Өз тәжірибемдегі ең ұзақ толғақ 18 сағатқа созылды. 18 сағат бойы перзентханада, сол келіншектің қасында болдым. Толғақ бұл – бір уақытта 20 сүйектің сынғанындай ауыратын нәрсе. Мұндайда толғақты жеңілдету үшін түрлі амалды қолданамыз. Түрлі массаж жасап, арома, джакузи қолданамыз, душ астында отырғызамыз. Мұның бәрі әйелдің көңілін бөліп, ауырсынуды басады. Қажет музыкаларды қосамын. Дұрыс тыныс алуды үйретемін. Босанғаннан кейін палатада екі сағат бірге боламын. Тамақ ішуіне, баланы орауға, емізуіне көмектесемін, шай беріп, шұлығын киіземін. Өзім кейде перзентханаға тамақ ала барамын. Себебі босанған келіншектердің қарны ашады. Перзентханадан шыққаннан кейін үйіне барып көмектесемін. Баланы құндақтауды үйретемін, тамағын істеймін. Мұның бәрі енді келіскеніңмізге, қандай қызмет пакетін алғанына байланысты», – дейді маман.

    «Әр әйел үшін алаңдаймын»

    Доула қызметінің құны 50 мың-500 мың аралығында екен. Әр доуланың көрсететін қызметі әртүрлі. Араларында психолог қызметін көрсететіндері де бар. Қазір доула мамандарын даярлайтын орталықтар көбейген. Арнайы оқуын оқыған адам ғана доула бола алады.

    «Айына екі-үш әйелмен жұмыс істеймін. Бірі айдың басында, бірі ортасында, бірі соңында түсетіндей етіп «аламын». Кейде уақытынан бұрын немесе кеш туып қалатындар да болады. Кейде тегін де қызмет көрсетемін. Материалдық жағдайы жоқ екенін, жалғыз қалғанын көрсем тегін көмектесемін. Әр әйел үшін алаңдаймын. Әр босану процесі өзінше қызық. Қайталанбайды. Әр жұп есімде. Доула болу үшін көп күш-қуат керек. Босанғаннан кейін өзің де екі-үш күн қалпыңа келесің. Үнемі білім жетілдіріп отыруың қажет. Жылына үш-төрт оқудан өтемін. Дегенмен өмірге бір сәби келгенін, жаңа адамға өмір сыйлағаным есіме түссе шаршағанымды ұмытып кетемін», – дейді ол.

    Бөлісу: