Мазмұны
Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы бұл күндері Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстан шорт-трегі тарихында Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль. Бұған дейін атлеттеріміз тек күміс, қола жүлделер иеленген болатын. Қазақстан атынан сынға түскен Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев пен Айбек Насендер финалда Жапония (екінші орын) мен Қытай (үшінші орын) шорт-трекшілерін басып озды. Ал фаворит саналған Оңтүстік Корея командасы жарыстан шеттетілді. Осы ретте Харбиннен бірден Миланға жол жүріп, ондағы маңызды жарысқа дайындалып жатқан ұлттық құрама мүшесі Мерсаид Жақсыбаевқа хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Мерсаид, тарихи жүлде құтты болсын! Құрама қоржынына Азиаданың алғашқы әрі тарихи медалін салған үздік атлеттердің көңіл күйі қалай?
– Рахмет! Өте-мөте қуаныштымын! Біле білсеңіз, Азиядағы шорт-трекшілердің қарымы мықты. Финалда біз басып озған Қытай мен Оңтүстік Корея құрамаларының сапында Олимпиада, әлем чемпиондары бар. Дейтұрғанмен, біз финалға соңына дейін беріспейміз, қолымыздан келгенді аянып қалмаймыз, бәсі биік бәсеке көрсетеміз деп шықтық. Дегенімізге жеттік. Тарихта бірінші рет Қазақстан құрамасы Азия ойындарының чемпионы атанды! Оған қоса, құрама қоржынына жүлдені бірінші болып біз салдық. Азиаданың ашылу салтанаты өткен күні іріктеу сайысы өтсе, ертесі жүлде ойнатылды. Сондықтан біздің командаға тарихи әрі бірінші жүлдені әкелгенімізге қуаныштымыз! Харбин төрінде біздің әнұран шырқалған кезде бойымызды мақтаныш кернеді. Өзіңіз ойлаңызшы, жеңіс тұғырында шорт-тректің гиганты саналатын Олимпиада, әлем чемпиондарынан биік тұрсың. Өз еліңнің әнұранын аренадағылардың бәрі тыңдап, отандастарың сенімен бірге айқайлап айтып тұр! Тарихи алтын жүлдені бізге дейін ешкім иеленбеген! Бұл бақыт емей немене?!
– Ақтық сайысты тікелей эфирде бақылағанымызда қарсыластарыңыз мәреге жақындағанда құлап қалған соң, чемпион атанғандарыңызды бірден түсіне қоймаған секілдісіздер. Солай ма?
– Жоқ, бірден түсіндік. Біз алтынға талас үшін небір мықтылармен сайысатынымызды білдік. Тактика бойынша соңғы айналымға дейін Қытай мен Корея атлеттерінің соңында жүріп, сосын жылдамдықты арттыруымыз керек болды. Жеңістің «тағдыры» соңғы айналымда, соңғы бұрылыста шешіледі. Сол шешуші айналымда қарсыластарды басып озу – басты мақсат. Соңғы айналымда қытай мен корей атлеті өзара тайталасып жатқанда біздің спортшы Әділ Ғалиахметов жылдамдығын арттырып, алға шығып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Қарсыластар құлай ма, жоқ па, ол бәрібір басып озатын еді. Дұрыстап қарасаңыз, Әділ оларды қуып жеткен соң қытайлық құлап қалды. Біз артта қалып келе жатып, олар құлағаннан кейін алға шығып кеткен түгіміз жоқ. Егер олар бірінші құлап, біз сосын оларды басып озсақ, жолымыз болды деп айтуға болады. Алайда Әділдің оларды құламас бұрын басып озғаны анық көрініп тұр.
– Көпшілік Азия ойындарының маңызын жете түсіне бермейді. Азияның кіл мықтылары бақ сынайтын ол доданы мини Олимпиада десек қателеспейміз ғой?
– Иә, Азиада – кішігірім Олимпиада ойындары іспетті жарыс. Форматы да соған ұқсайды. Олимпиада секілді төрт жылда бір рет өтеді. Ашылу, жабылу салтанаты Олимпиададан кем түспейді. Мұнда да Олимпиадағыдай жалпыкомандалық есеп жүргізіледі. Көпшілік спортта рекорд орнатып жүрген елдер мықты атлеттерін Олимпиадаға ғана жібереді деп ойласа керек. Олай емес. Жапония, Қытай секілді ірі мемлекеттер Азия ойындарына нөмірі бірінші спортшыларын қатыстырады. Сондықтан Азия ойындары – аса маңызды жарыс.
– Биылғы Азия ойындарында біздің ұлттық құрама рекордтан рекорд тіркеп, тарихи нәтиже тіркеп жатыр. Сіздерден бөлек, фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы ел тарихында бірінші рет алтын жүлде жеңіп алды.
– Иә, біз үшін тарихи Азиада болды. Бұл нәтижелер қуантпай қоймайды. Өйткені Азия ойындары басталмас бұрын әлеуметтік желіде көпшілік бізге сенбеген-тін. «Қазақстанға шорт-тректен алтын бұйырмайды» деп жазған «сыншылардың» жазбасын көзіміз шалған еді. Міне, көз алдыңызда бірімізден соң біріміз тарихи нәтиже тіркеп жатырмыз. Қазір бізге үлкен сенім артқан, үнемі қолдап жүрген жанкүйерлер құттықтап, ақжарма лебізін жаудырып жатыр. Мұндай кезде көңілің елжіремей қоймайды. Харбинге арнайы қолдау үшін барған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин жарыстан соң киім ауыстыру бөлмесіне кіріп, бізді айрықша құттықтады. Жылдар бойы тынбай еткен ерен еңбегіңнің жемісін көріп, әрі оны көпшілік бағалап, құттықтап жатса, әрине, көңілің шат болып, төбең көкке бір елі жетпей жүресің.
– Азиада ойындарының барлық жүлдегерімен бірге елге орала ма десек, Харбиннен бірден Миланға жол жүріп кеткен екенсіздер.
– Азия ойындары өткен жұма, сенбі, жексенбі күндері өтсе, келесі апта дәл сол үш күнде Италияның Милан қаласында Әлем кубогі өтеді. Ол жарысқа міндетті түрде қатысуымыз керек. Себебі бұл – олимпиадалық тестілік сайыстар. 2024 жылы Қысқы Олимпиада ойындары дәл сол Миланда, шорт-трек жарыстары дәл сол мұз сарайында өтеді. Сол үшін Харбинде чемпион атанған күні кешке Миланға ұшып кеттік.
– Шорт-трек секілді көпшілікке мәлім де беймәлім спортын таңдауыңызға не түрткі болды?
– Негізі, мен шорт-трек спортын кездейсоқ таңдадым. Рудный қаласында туып-өстім. Бір күні мектепке бапкерлер келіп, шорт-трек секциясына бала іріктеп жүргенін айтты. Әрі сол кезде шорт-трек спорты туралы біраз мәлімет берді. Шынымды айтсам, ол кезде мұның қандай спорт түрі екенін жете түсінбедім. Тек секцияға қатысу тегін әрі мұзда жаттығасың деген соң, қызықтап, барып көрейін дедім. Бір қызығы, шорт-трек секциясына келгенде мен тіпті коньки тебе алмайтынмын. Ақырында, бұл спорт алғашқы күннен-ақ баурап алып, бірте-бірте бүкіл уақытымды сарп ететін сүйікті спортыма айналды. Сөйтіп, 16 жасымда Ұлттық құрама қатарына қабылдандым.
– Бір сұхбатыңызда «Сіз таңдаған спортта не нәрсе ұнамайды?» дегенге төрешілік ету жағын айтыпсыз. Шорт-тректе төрешілер бұра тартатын жайт көп бола ма?
– Ара-тұра жарыстың қай елде өтіп жатқаны әсер етеді. Төрешілер бәзбіреулерге қатты болысуы мүмкін. Сол үшін біздің спортқа футболдағыдай VAR жүйесін енгізсе деймін. Онда бәрін компьютер автоматты түрде бағалайды. Ешқандай субъективті шешім болмайды. Біздің спортта төрешілер «араласатын» жайттар болып тұрады. Мысалы, Харбинде төрешілердің бұра тартқаны туралы видеоны кәріс атлеті өз әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. Онда 500 метрге жарысушылар арасындағы сайыс кезінде бір қытайлықтың өз спортшысын қатты итерген сәті таспаланған. Жекелей сында ереже бойынша олай істемеу керек. Бұл үшін спортшы жарыстан шеттетіледі. Алайда ол жарыста олай істемеді, нәтижесінде қытайлық атлет чемпион атанды.
– Елімізде қысқы спорт түрлеріне қарағанда жазғы спортқа көпшілік қатты қызығатыны көп жерде айтылып жүр. Дегенмен соңғы Олимпиадада Абзал Әжіғалиев төртінші орынға табан тіреген соң, елдегі спорт сүйер қауым шорт-трек спортын бақылай бастаған секілді.
– Жанкүйерлер қысқыға қарағанда жазғы спорт түрлерін жақсы білетіні мәлім. Дегенмен мұнда айырмашылық бар. Жазғы спортпен айналысатындарға көп жағдай да керек емес. Боксшылар залда, жеңіл атлеттер стадионда жаттығады. Бәрі оңай, бәрі дайын. Ал шорт-трекшілерге көп жағдай жасалу қажет. Алдымен мұз сарайы керек, ондағы мұздың сапасы да стандартқа сай болуға тиіс. Спорт киім құны қымбат, бір бәтеңкенің өзі үш мың доллар тұрады. Әр атлетте артық коньки болуы керек. Жарыс басында біреумен соқтығысып қалуың мүмкін, сол үшін артығымен алып жүруің керек. Комбинезон, каска, қолғап...бәрі, бәрі қымбат тұрады. Қысқы спорттың артта қалып келе жатқан себебі осында. Қымбат спорт түрлері әрі көп жағдай жасауды қажет етеді. Дегенмен біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Шорт-трек спортын барынша танытуға тырысып жүрміз. Жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінуге тырысамыз. Мұны басшылық, жанкүйерлер көріп жатқаны көңіл қуантады. Нәтиже болса, көп қолдау, көп қаржы, көп ілгерушілік болады. Астанада екі жыл бұрын таксиде отырғанымда, жүргізуші «Не істейсің?» деп сұраған-тын. «Шорт-трекпен айналысамын» десем, «Ол не спорт?» деп таңдана сұраған болатын. Ал қазір көбісінің не іспен айналысатының туралы сұрағына жауап берсең, біздің спорт туралы білетінін байқайсың. Сосын олар соңғы қысқы Олимпиададағы нәтиже туралы біледі. Абзалдың төртінші орын алғанынан да хабардар. Тілегін қарша боратып, қолдап, бақылап жүретінін айтады. Қазір тарихи нәтиже тіркеген Азия ойындарынан кейін басты назар Қысқы Олимпиада ойындарында болатыны айтпаса да түсінікті. Әсіресе, бізге, шорт-трекшілерге баса мән береді. Себебі біз Олимпиада ойындарында жүлде алатындай әлеуетіміз бар екенін көрсеттік.
– Қазіргі басты мақсат – келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарына іріктелу ғой?
– Қазіргі басты мақсат – осы аптада өтетін Әлем кубогінде топ жару. Содан соң наурыз айында Қытай астанасы Бейжіңде өтетін әлем чемпионатында абыроймен өнер көрсеткім келеді. Келесі жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу сайыстары тағы бар. Ол үшін алдымен қыркүйекте Қазақстан біріншілігіне қатысып, Олимпиада командасына іріктелуім қажет. Оған іріктелгендер қазан айынан бастап Олимпиадаға жолдама тарататын төрт әлем кубогінде бақ сынайды.
– Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атағыңыз болса да, Олимпиада жолдамасына таласатын командаға іріктелесіз бе сонда?
– Иә, міндетті түрде іріктеуден өту керек. Наурызда маусым аяқталады. Біраз уақыт тынығып, жаз бойы келесі маусымға дайындаламыз. Бұйырса, Олимпиада командасына іріктеліп, бәрі мен ойлағаннан да асып түседі деп ойлаймын!
– Іске сәт!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ