Мазмұны
Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ ПЕН-клубының мүшесі, талантты қаламгер Бауыржан Қарағызұлы Астана қаласындағы №101 орта мектеп кітапханасына құнды кітаптарын тарту етті.
14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай өткен бұл игі іс оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениетін дамытуға тың серпін берері анық.
Кездесу барысында ақын оқушылармен ашық сұхбат құрып, шығармашылық жолы, әдебиеттің қоғамдағы маңызы және кітап оқудың берері жайында терең әңгіме өрбітті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ақыннан әдеби шеберлік, жазушылық сырлары және қазақ әдебиетінің қазіргі ахуалы туралы қызықты жауаптар алды. Кездесудің әр сәті рухани мазмұнға толы болды.
Кездесу соңында Бауыржан Қарағызұлы мектеп кітапханасына сыйға берген кітаптарына өз қолтаңбасын қалдырып, жас оқырмандарға жүрекжарды лебізін білдірді. Оның бұл тартуы – болашақ ұрпаққа қалдырған баға жетпес әдеби мұра, өшпес рухани із.
Мектеп директоры Алма Алтынханқызы мен ұжымы ақынға алғыс айтып, оның шығармашылығына толағай табыс тіледі. Бұл кездесу оқушыларға кітаптың құндылығын терең түсінуге, көркем әдебиет арқылы дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Кітап – білімнің сарқылмас бұлағы, рухани қазына. Осындай игі шаралар дәстүрге айналып, жалғасын таба берсе, жас ұрпақтың ой-өрісі кеңейіп, әдебиетке деген сүйіспеншілігі арта түсері сөзсіз. Ақынның жүректен шыққан сыйы мектеп оқушыларының білім жолындағы шамшырағына айналары анық.