сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Оразада тырнақ алуға бола ма?

/
istockphoto.com
1 наурызда қасиетті Рамазан айы басталады.

Мазмұны

    Мұсылман баласына парыз етілген бес парыздың бірі – ораза ұстау. Ораза – балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз болған құлшылық. Биыл Рамазан айы 1 наурызда басталмақ. Жамандықтан тыйылып, ауыз бекітуге ниет қылған қауымға ораза кезінде істеуге болатын және істеуге болмайтын дүниелер туралы сұрақ-жауап материал әзірледік.

    Сұрақ: Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстай ма?

    Жауап: Жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер дәрігермен ақылдасқаны дұрыс. Ұстамаса кейін қазасын өтейді.

    Сұрақ: Оразада тіс емдетуге, жұлдыруға бола ма?

    Жауап: Тіс ауырып, жанға батса емдетуге де, жұлдыруға да болады. Бірақ қылық еттен бөлінген қан, сілекей, сұйық дәрілер тамақтан өтіп кетпегені дұрыс.

    Сұрақ: Мұрын, тіс қанаса ораза бұзыла ма?

    Жауап: Мұрын, тіс қанаса немесе абайсызда құлап, сүрініп, жығылып, тері жарақат алып, қанаса ораза бұзылмайды. Тістен аққан қанның тамақтан өтіп кетпеуін қадағалау қажет.

    Сұрақ: Оразада укол салдыруға бола ма?

    Жауап: Тамырға салынатын, ағзаға күш-қуат беретін система сияқты уколдар оразаны бұзады. Ал теріге салынатын, ағзаға күш бермейтін уколдар оразаны бұзбайды.

    Сұрақ: Ораза кезінде жыныстық қатынасқа түсуге бола ма?

    Жауап: Таң атып, ауыз бекіткеннен бастап, кеш батып, ауыз ашқанға дейін жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Кешкісін ауыз ашқаннан кейін таңда ауыз бекіткенге дейін ерлі-зайыптыларға жыныстық қатынасқа түсуге болады.

    Сұрақ: Намаз оқымайтын адамға ораза ұстауға бола ма?

    Жауап: Болады. Ораза мен намаз екеуі екі бөлек парыз.

    Сұрақ: Сәресіне ұйықтап қалғанда не істеу керек?

    Жауап: Сәресіне ұйықтап қалған адам, ештеңе ішіп-жемей, оразасын әрі қарай жалғастырады.

    Сұрақ: Ауыз бекіткен адамға сағыз шайнауға бола ма?

    Жауап: Ауыз бекіткен адам сағыз шайнамағаны дұрыс.

    Сұрақ: Ораза ұстаған адамға аузын сумен шаюға бола ма?

    Жауап: Ауызды сумен шаюға болады, тек суды жұтпау қажет.

    Сұрақ: Ауыз бекіткен адамға тамақтың дәмін көруге бола ма?

    Жауап: Үйде істеп жатқан тамақтың дәмін көретін ешкім болмаса, аузы берік адам тамақтың дәмін көрсе болады. Бірақ оны жұтпай, қайтадан түкіріп тастау қажет.

    Сұрақ: Жолда жүрген адам ауыз бекітуі керек пе?

    Жауап: Сапарға шыққан адамға аузын ашуға рұқсат етілген. Кейін сапарда болған күндерінің қазасын өтейді.

    Сұрақ: Оразада шаш, тырнақ бояуға бола ма? Оразада тырнақ алуға бола ма?

    Жауап: Шаш қиюға, шаш бояуға, тырнақ бояуға, тырнақ алуға болады. Бірақ боялған тырнақ намаз оқитын кісінің дәрет, ғұсыл алуына, намаз оқуына кедергі болады.

    Сұрақ: Аузы берік адам түкірік жұтып қойса не болады?

    Жауап: Түкірікті білмей жұтса оразасы бұзылмайды. Ал түкірікті әдейі жинап жұтса, ораза бұзылады.

    Сұрақ: Кәрілік, ауру, тағы басқа түрлі себеппен ауыз бекіте алмаған адам не істеуі керек?

    Жауап: Ораза ұстауға шамасы келмеген адамдар оразаның әр күні үшін фидия өтемін өтейді. Құранда «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер болса бір міскіннің (бір күн) ішетін тамағын (күнде) беріп тұрсын» делінген. Фидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді.

    Оразаны бұзбайтын жағдайлар

    • Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынасқа түсу. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.
    • Бір адам таңертең жүніп (ғұсылсыз) болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, Оразасы бұзылмайды. Бірақ намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз.
    • Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған (Бухари, Тыбб, 11).
    • Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.
    • Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.
    • Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені мисуак қолдану - сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып, тіс жуу.
    • Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаны бұзбайды. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
    • Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкентай болса, оны жұту Оразаны бұзбайды.
    • Гүл, әтір сияқты жақсы иістерді иіскеу оразаны бұзбайды.
    • Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) және оның еріксіз ішке қайта кетуі де оразаға кедергі жасамайды.
    Бөлісу: