сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Қазақстандықтар қайда саяхаттайды?

/
сурет: istockphoto.com

Мазмұны

    Көктемнің алғашқы айы – мереке мен демалысқа толы кез. Биылғы наурызда қазақстандықтар мереке және демалыс күндерін қосқанда, 14 күн демалады. Кейінгі кезде, демалысын шетелде өткізіп, ел көріп, жер танығысы келетіндердің саны күрт өскені байқалады. Мұны ресми деректер де растайды. Мәселен, былтыр Хайнань аралындағы қонақүйлерге тоқтаған қазақстандықтар үлесі 2023 жылға қарағанда 1 049 пайызға өскен. Түркиядағы қымбатшылық та бұл елге сапарлағандардың санына еш әсер етпеген.

    Мальдив пен Таиландқа саяхаттаушылар саны күрт өсті

    Кейінгі жылдары халықтың шетелге саяхаттауға деген қызығушылығы ай­тарлықтай өсті. Әсіресе, пандемиядан кейін көрсеткіш күрт өскен. Ал былтыр жаз­дың аяғына қарай Түркиямен қатар, Мальдив аралдары, Таиланд, Грузия, Хай­нань және Шри-Ланка сияқты елдерге жа­салған саяхат саны бұрын-соңды бол­ма­ған деңгейге жеткен. Мальдив Респуб­ли­ка­сы­ның Туризм министрлігі, Таиландтың Ту­ризм басқармасы, Грузияның Ұлттық ту­ризм басқармасы, Хайнань провин­ция­сы­ның туризм, мәдениет, радио, телевизия жә­не спорт департаменті, Шри-Ланканың Ту­ризмді дамыту басқармасының дерек­терін саралаған Бірінші кредиттік бюро был­тыр жыл аяғында осындай мәлімет жа­риялаған болатын.
    Мәселен, 2024 жылғы қаңтар-қазан ай­ларында қазақстандықтар Мальдив арал­дарына 22,3 мың рет сапарлап, 2023 жыл­мен салыстырғанда 42 пайызға көп бар­ған. Бұл көрсеткіш – 2009 жылдан бері тір­келген ең жоғары нәтиже. Қазақстан әлем елдері арасында бұл бағыт бойынша 1,3 пайыз үлеспен 18-орында тұр. Таиландқа 2024 жылдың қаңтар-қазан ара­лығында 144,3 мың қазақстандық бар­ған, бұл өткен жылға қарағанда 17 пайызға жоғары. Бұл көрсеткіш кейінгі 15 жылдағы ең жоғары нәтиже болып отыр. 
    Тропикалық аймақтардан бөлек, Грузия да туристер жиі баратын елдердің біріне ай­налды. Қазақстандықтар қаңтар-қыр­күйек аралығында Грузияға 146,9 мың рет сапарлаған. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13 пайызға өскен және 2011 жылдан бері ең жоғары деңгейге жеткен. Бұрын-соңды бұл елге бір жылдың ішінде мұнша көп сапар тіркелмеген. 
    Қазақстандықтар 2024 жылғы қаңтар-қа­зан айларында Хайнань аралындағы қо­нақүйлерге шамамен 35 мың рет тоқ­таған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 049 пайызға артық. Алайда бұл мәлімет тек қо­нақүйлердегі тіркелулерге негіздел­ген­дік­тен, елге кіру саны туралы нақты ақ­па­рат жоқ. 
    Қазақстандықтардың Шри-Ланкаға де­ген қызығушылығы да өсіп келеді. 2024 жыл­ғы қаңтар-қарашада бұл елге 9,5 мың са­пар жасалған, бұл өткен жылғымен са­лыс­тырғанда 3,5 есе көп және 2018 жыл­дан бергі ең жоғары көрсеткіш. 
    Осылайша, халықтың тропикалық ай­мақтарға сапарлауы жиілеп отыр. Халық­ара­л­ық әуе қатынастарының дамуы, осы ел­дер­ге саяхат турларының бағасы қолже­тім­ді болуы, визасыз кіруге рұқсат беретін ке­лісімдердің нәтижесі осы бағыттарды аса та­нымал етті деуге болады.

    Қымбатшылық кедергі болмаған

    Сонымен қатар қазақстандықтар ара­сында ең көп сұранысқа ие ба­ғыт – Түркияға сапарлаушылар саны да ке­­­­міген жоқ. Қайта, керісінше, қарқын ал­ған. Елдегі жалпы қымбатшылыққа, де­ма­лыс қыз­меттерінің бағасы өскеніне қара­мас­тан, туристер саны рекорд көрсеткішке жет­кен. 
    Мәселен, былтырғы маусымда жол­да­ма­лар 28,5 пайызға, шілдеде – 35,5 пайызға, ал тамызда 39 пайызға қымбаттағаны сая­хат­шыларға кедергі болмағаны байқалады. Жуырда Түркияның Мәдениет және туризм ми­нистрлігі жариялаған статистикаға сәй­кес, маусым-тамыз аралығында елімізден Түр­кияға 440,4 мың сапар жасалған. Бұл – өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7 пайызға жоғары және кейінгі он жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. 
    2019 жылы, яғни пандемияға дейін, бір жыл­дағы көрсеткіш осы деңгейге әрең жет­кен еді. Әрине, бұл мәліметтер тек елге кі­ріп-шығу санын көрсетеді, демек сая­хат­шы­лардың мақсаты мен сапарының ұзақ­тығы қанша екені белгісіз. Дегенмен 2022 және 2023 жылдардың статистикасын ес­кер­сек, ең танымал бағыт – Анталия екені анық.
    Айта кететін тағы бір фактор – демалыс пен саяхат құнының бөліп төлеу, яғни,  қа­рыз­ға саяхаттау қызметінің айтарлықтай да­­­мығаны байқалады. Бұл жүйе, әсіресе, Түркия, БАӘ, Египет, Мальдив аралдары жә­не Еуропа елдеріне сапар жасауды жеңіл­детті. Туризм агенттіктері мен банктер түр­лі бөліп төлеу ұсыныстары арқылы сая­хатқа шығуды жеңілдетіп отыр. Клиент­тердің сұранысына сай екінші дең­гейлі банк­тердің біразы өз қосым­ша­ларына сая­хаттауға байланысты қызметтерді де қосты. 
    Kaspi банктің 2024 жылдың 3 тоқса­нын­дағы есебіне қарасақ, бұл шешім ай­тарлықтай табысты болған. 2024 жылдың 3 тоқсанында Kaspi Travel-дің жалпы ай­на­лымы 30 пайызға өсіп, 129 млрд теңгеге же­тіпті. Комиссия мөлшерлемесі өткен жыл­ғымен салыстырғанда 20 базистік пунктке артып, 4,5 пайызға жеткен, бұл негізінен Kaspi Tours-тің қарқынды өсуіне байланысты болып отырғаны да айтылған.  
    – Kaspi Travel қызметін іске қосқан кез­де алдымен әуе билеттерін брондау мүм­кіндігін ұсындық, кейін теміржол би­лет­терін қостық. Былтыр Kaspi Tours плат­фор­ма­сын іске қостық, ол – демалыс турларын брондауға арналған маркетплейс. Kaspi Tours Kaspi Travel-дің өсуіне және комиссия мөлшерлемесінің артуына оң әсер етті. 2024 жылдың үшінші тоқсанында Kaspi Tours арқылы жасалған брондаулардың жал­пы айналымы (GMV) өткен жылмен са­лыстырғанда 302 пайызға өсті және 9 ай­дың қорытындысы бойынша Travel-дің жал­пы айналымының 9 пайызын құрады. 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойын­ша Kaspi Travel-дің жалпы айналымы 35 пайыз­ға  өсіп, 354 млрд теңгеге жетті, ал ко­­­миссия мөлшерлемесі 2023 жылғы 4,2 пайыз­дан 4,5 пайызға дейін көтерілді. Kaspi Travel-дің жалпы айналымының 
    9 пайы­зын құрайтын турлар болашақта қыз­меттің өсіміне елеулі үлес қоса береді деген болжам бар, – деп қорытындылайды банк.

    Визасыз баруға болатын елдер саны өсті

    Кейінгі жылдары Қазақстан азамат­тары визасыз бара алатын елдердің тізімі едәуір ұзарды. eGOV электронды үкі­мет порталындағы мәліметке сүйенсек, биыл­ғы қаңтарда халық 30-дан астам елге ви­засыз кіре алады.
    2024 жылы осы мәселеге қатысты бір­шама жаңалық болған еді. Қазақстан Ма­као, Вьетнам және Таиландпен жаңа ке­лі­сімдер жасасып, визасыз жүру мерзімін 60 күнге дейін ұзартты. 
    Сонымен қатар қаңтарда Қазақстан Сент-Китс және Невиспен де келісімге қол қой­ды, алайда ол әлі күшіне енген жоқ. Жа­­қын арада Мароккомен де келісім кү­ші­не енуі мүмкін, бұл қазақстандықтарға бұл елде 30 күнге дейін визасыз болуға мүм­­­кіндік береді.

    Санжар Тоқанов,
    Туристік фирма өкілі:

    Саяхатқа сұраныс көп

    – Жалпы, қазақстандықтар көп саяхаттайды. Турға сұра­ныс өте көп. Бір ғана Астананың өзін алып қарасақ, күніне шамамен 20-50 отбасы шетелге шығады деуге болады. Қандай елге барып қарасақ та, міндетті түрде ол жерде қазақстан­дықтарды кездестіреміз. Оған қоса, қазір көптеген ел виза режимін алып тастап жатыр. Осылайша, қазақстандықтар тек Түркия мен Египет емес, басқа да елдерді көріп жатыр.
    Турдың сатылымы, халықтың шетелге шығуы жыл мау­сым­дарына қарай әрқилы болады. Мысалға, желтоқсан, қаң­тар, ақпанда көптеген отбасылы адамды, туристі Тайланд еліне және де Вьетнам ел­деріне жіберіп жатырмыз. Менің ойымша, көбінесе отбасылы адамдар сол жақтарға барады, сол жерлерде демалады. Астана мен Алматыдан, яғни ірі қалалардан тапсырыс өте көп түседі. Қостанай, Орал, Ақтау, Атырау, Көкшетау сияқты қалалардан сатып алатындар да бар, бір­ақ аса көп деп айта алмаймын. Менің ойымша, ол жақтардағы әуежайлардан басқа мем­лекеттерге ұшақ ұшпайды, ұшса да бағыт өте аз. Оларға Астанаға, Алматыға міндетті түрде келу керек болады. Осы себепті де сұраныс аз болуы мүмкін.
    Тур бағаларына келер болсақ, олар, әрине, әртүрлі. Негізінен, «ыстық турлар» көбінесе екі адамға арналған болады. Осындай турлар арқылы Египет, Түркия сияқты елдерге орта есеппен 400-500 мыңға саяхаттап келуге болады. Бірақ қонақүйге, орналасқан жеріне, қызмет көрсетуіне де байланысты болады.
    Менің ойымша, бір рет шетелге шығып, саяхаттап көрген адамның көбінде ары қарай ел көріп, жер көруге деген ынта оянады. Бұл ретте визасыз баруға болатын елдердің көбеюі, бөліп төлеу мүмкіндігі адамдарға үлкен көмек деп ойлаймын. Сол арқылы жылына бір рет болсын басқа елге барып демалып келе алады.

    Осылайша, саяхаттау сәнге, трендке айналып келеді. Бір жағынан, әлеуметтік желілердің ықпалы, екінші жағынан, саяхаттың қолжетімді бола түскені, яғни көптеген мүмкіндіктің пайда болғаны осы үрдіске оң ықпал етіп отыр. Желіп жүріп жер танығанның, әрине, жақсылығы көп, бұл ретте, халықаралық келісімдер аясында жаңа бағыттардың, жаңа елдердің есігі ашылғаны мол мүмкіндік берері сөзсіз.

    Бөлісу: