сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Мемлекеттік тапсырыспен қалай кітап шығаруға болады?

Мазмұны

    Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қаламгерлерге қолдау көрсету жұмыстары жанданып келеді. Солардың бірі – қаламгерлерге қаламақы төлеу және кітаптарын мемлекеттік тапсырыспен шығару. Мем­ле­кет­тік тапсырыспен кітап шығарудың реті қандай? 
    Бұл сұраққа нақ­ты және анық жауап табу үшін ҚР Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі бас­қармасының басшысы, 
    жазушы Алмаз Мырзахметпен әңгімелескен едік.

    – Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарудың нақты қандай критерийлері бар, оған кітабын қалай ұсынады? 

    – Уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақ­парат министрлігі «Мәдениет туралы» Қа­зақ­стан Республикасы заңының 7-бабына сәй­кес мемлекеттік тапсырыспен әде­биет­терді сатып алу, басып шығару және еліміздің кі­тапханаларына тарату жұмыстарын үй­лес­тіреді. Ресми тілмен айтқанда «мем­лекеттік кітап­ханаларға және өзге де мемлекеттік ұйым­дарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны ба­сып шығару, тарату жөніндегі» жұмысты ұйым­дастырады. Қаламгерлерге мейлінше тү­сінікті болуы үшін сұхбат барысында көп­шілік пайдаланатын «мемлекеттік тап­сы­рыс­пен кітап шығару» деп қысқартып қол­данайын.
    Мемлекеттік тапсырыспен шығатын әдебиеттерді қабылдау, сараптама жасау, іріктеу өлшемшарттары белгіленген арнайы Қағида бар. Кітабын шығарғысы келетін ақын-жазушылар, ғалымдар үшін ресми сайттардан (http://adilet.zan.kz/) іздеп табуға ыңғайлы болуы үшін заңды атауын ұсына кеткім келеді: «Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидалары».
    Осы Қағидада айқындалған тәртіп­терді жалпақ тілмен түсіндіруге тырысып көрейін.
    Мемлекеттік тапсырысқа кітабыңызды екі бағыт бойынша ұсынуға болады. 
    Біріншісі, автордың бұрын-соңды жарық көрмеген жаңа кітабының айрықша авторлық құқығын мемлекетке белгілі бір жылға беріп, 1 авторлық параққа 6,0 ең төменгі жалақы көлемінде қаламақы алу. Бір авторлық парақ прозада – 40 000 белгіге, поэзияда – 700 өлең жолдарына тең. Қолжазба қаншалықты көлемді болса, қаламақы да соншалықты қомақты болмақ. Мемлекет еліміздегі кітапхана қорларын жаңа әдебиеттермен толықтыру үшін сатып алынған қолжазбаларды жарыққа шығарып, тарату жұмыстарын жүргізетін болады.

    Екіншісі, бұрын жарық көрген кіта­быңыз­ды қайта басып шығару. Бұл бағыт бойын­ша кітабыңыздың авторлығы өзіңізде қа­лады, мемлекет тек басып шығарып, кітап­ха­наларға тарату жұмысын мойнына алады.
    Сондықтан жаңа немесе өз қара­жа­тыңыз­бен басып шығарған, оқырмандардың сұра­нысына ие, еліміздің кітапханаларына та­рал­ғаны дұрыс деген жұмысыңыз болса, осы бағытқа тапсыра аласыз.
    Байқағаныңыздай екі бағыттың талап­тары екі түрлі. 
    Сатып алу бағыты бойынша автор мүлде кі­тап боп басылмаған шығармаларын ғана ұсына алатынын қайталап айтқым келеді. Аз тиражда болсын жарық көрген, ISBN нө­мірі алынған болса жарамайды. 
    Екі бағытқа да ортақ сипат – кітабыңыз­ды басып шығарып, еліміздің кітапханалары­на таратылады.

    – Шығармалары интернетте, газет-журналдарда жарияланса ше?

    – Әдеби сайттарға шықса, газет-журнал­дарда басылса ештеңе етпейді. Тек кітап ре­тінде жарық көрмеген болуға тиіс.
    Министрлік не үшін бұрын-соңды жа­рия­ланбаған жаңа шығармаларға басымдық беріп отыр? Себебі мәдениет саласына қарас­ты көпшілікке қолжетімді төрт мыңдай кітап­хана бар. Сол кітапханалардың қорын жаңа кітаптармен, шығармалармен толық­тыруымыз керек. Сол үшін де мемлекет бұ­рын кітап бетін көрмеген шығармаларды са­­тып алып, оны баспаханаларға ашық кон­курс жариялау арқылы еліміздегі мем­лекеттік кітапханаларға тегін таратады. 

    – Оған қаламгерлер қалай қатысады?  

    – Қатысу талаптары қарапайым. Шығар­маңыз­дың электронды нұсқасын, автордың төлқұжатын және өтінім үлгісін толтырып министрлікке өткізесіз. Артық-ауыс құжат жинамайды. Өтінім парағын толтырғанда электронды нұсқадағы қолжаз­ба авторының өзі екенін растайды. Болды. 
    Бұл жерде астын сызып айтатын дүние – кез келген қазақстандық азамат қаламақы бағыты бойынша қолжазбаларын тек ми­нистр­лікке тікелей тапсырады.

    – Облыстағы авторлар Қазақстан Жазушылар одағының филиалдарына кітабымызды шығарып бер деп өткіздік, олар шығармады деп өкпесін айтып жатады. Алыс аймақтарда тұратындар да жаңа шығармаларын кітап қылып шығару үшін өздері өткізулері керек пе?

    – Автор қолжазбасын министрлікке өзі ті­келей өткізуі керек. Ешқандай мекеменің, қо­ғамдық ұйымдар мен олардың филиал­да­ры­ның рұқсаты, ұсынысы керек емес. Тізім өті­нім бергендер арқылы ғана қалыптасады. Әр өтінім кеңсе арқылы тіркеліп, заңдас­тыры­лады. 
    Өтінім берушінің қандай да бір одақтың, пенклубтың мүшесі болуы маңызды емес. Бұл бағыт бойынша кез келген Қазақстан Рес­­­­публикасының азаматы өзінің жаңа шығармаларын, зерттеу еңбегін, танымдық, ғы­лыми дүниелерін ұсына алады. Автор құрас­тырушы ретінде өзге біреулердің мәтін­дерін, мәліметтерін, фотоларын пайдаланса, рұқсат алған құжат сұратамыз.
    Егер белгілі бір автор ауырып қалса не­ме­се алыс облыстан келе алмайтын болса, он­да сенімді өкілі арқылы тапсыруға болады.
    «Сенімді өкіл» дегенді түсіндіре кетейін. Аты­рауда тұратын автор өзі Астанаға келе ал­маса, белгілі бір адамға (туысы, танысы, ба­ласы дегендей) сенімхат береді, сол адам «се­німді өкілі» ретінде министрлікке кітап­тың электронды нұсқасын өткізе алады. Өтінімді автордың өкілі оның сенімхаты бойынша ұсынған жағдайда, туынды авто­рының жеке басын куәландыратын құжат­тың нотариалды куәландырылған көшірмесі қосымша ұсынылуы тиіс. Сондай-ақ автор­дың өкілі нотариалды куәландырылған се­нім­хат тапсыруы керек.

    – Бірінші бағыт бойынша автор шы­ғар­масын өткізді делік. Процесс ары қа­рай қалай жүреді?

    – Жыл сайын 1 ақпаннан 1 мамырға дейін авторлар өзінің қолжазбаларын ұсына ала­ды. Өтінімдер 9 әдебиет түрі бойынша қа­былданады. Атап айтқанда: 1) энцик­ло­пе­дия­лық және анықтамалық әдебиет; 2) бала­лар және жасөспірімдерге арналған әдебиет; 3) мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық әдебиет (ноталық шығарма­лар­да ноталар шығарманың жалпы көлемі­нің 50 пайызын құрайды); 4) көркем әдебиет; 5) танымдық әдебиет; 6) қоғамдық-саяси әде­биет; 7) ғылыми-көпшілік әдебиет; 8) ау­дар­ма әдебиет; 9) мерейтойлар мен атаулы күн­дерге арналған әдебиет.
    Қабылданған қолжазбалар министрлік жа­нындағы сараптама комиссиясының қа­рауына енгізіледі.
    Сараптама комиссиясының құрамы ғы­лым докторларынан, еліміздегі шығармашы­лық одақтардың беделді мүшелерінен, са­ла­лық кәсіби мамандардан жасақталады. 
    Сатып алу бағыты бойынша түскен қол­жазбаларды Сараптама комиссиясына ав­тордың аты-жөнін алып тастап ұсынамыз. Әрі өздерін сарапшы екендерін жариялауға, автормен байланысқа шығуға болмайтыны туралы комиссия мүшелерімен келісімшарт­қа тұрамыз. 
    Сарапшының кім екенін жарияламау өте маңызды. Біріншіден, сараптама объективті болады. Жаңа шығарманың авторын біл­ме­гендіктен барды «бар», жоқты «жоқ» деп жа­зады. Екіншіден, жеке басының қауіп­сіз­дігі. Қандай да бір сыртқы күштерді пайда­лана­тын, сарапшының жеке басына тиісетін, жауласатын қаламгерлер болады.
    Сараптама комиссиясына түскен шы­ғармаларды өзінің салалық ерекше­лігіне қарай бөліп береміз. Драматургке драматургия, музыка маманына ноталық әдебиетті дегендей. Олар әр қолжазбаға көр­кемдік құндылығының болуы, сондай-ақ сатып алудың өзектілігі, орындылығы тұр­ғысынан зерделеу жасап, сараптамалық қоры­тынды дайындап береді. 
    Сараптама комиссияларынан оң пікір алған қолжазбалар әр министрліктің лауа­зымды тұлғаларынан жасақталатын Ве­до­мст­воаралық комиссия қарауына енгізеді. 
    Ведомствоаралық комиссия 25 қарашаға дейін Сараптама комиссиясының қоры­тын­дыларын қарайды және қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды сатып алу бойынша шешім қабылдайды. 
    Егер сараптама комиссиясынан теріс пікір алған автор менің шығармам неге өтпе­ді деп даулайтын болса, сарапшының пікірін ұсынуға дайынбыз. Өтінім беруші сарап­тамада айтылған кемшіліктерді жойып, ке­лесі жылы қайта тапсыруға құқылы.
    Сатып алуға жарамды шығармаларды Ве­домствоаралық комиссия бекітсе, онда жылдың соңына дейін қолжазбалары сатып алынған авторлармен келісімшарт жасалып, тиісті қаламақысын төлейміз және кітабын келесі жылы басып шығарып, еліміздің кітап­ханаларына таратамыз. Бұрын осы бағыт бойынша авторлық құқық бес жылға министрлікке берілетін, соны үш жылға қыс­қарттық. 2023 жылға дейін сатып алын­ған қолжазбалар үш жылдан соң бірақ кітап ретінде жарық көретін, 2024 жылдан бастап бір жыл көлемінде шығарып, тарату­ды жол­ға қойдық. Өйткені кейбір маңызды әде­биет­тер өз уақытында шыққаны дұрыс қой.

    – Бірінші бағыт, яғни, сатып алу бойын­ша өткен жылы қанша өтінім түс­ті?

    – Қағидаға сәйкес күнтізбелік жылдың 1 ақ­панынан 1 мамырына дейін Мәдениет және ақпарат министрлігіне авторлардан бар­лығы 129 өтінім түсті. Оның ішінде көр­кем әдебиет бойынша – 69, балалар әдебиеті – 11, аударма әдебиеті – 5, ғылыми-көпшілік әде­биет – 11, қоғамдық-саяси әдебиет – 7, мә­дениет және өнер – 3, танымдық әдебиет – 23. Сараптама нәтижесінде 52 қолжазба оң пікір алды.
    Көркем әдебиет бағыты бойынша өті­нім­дер көп түседі. Ал балалар әдебиеті ба­ғыты бойынша қолжазбалар жыл сайын азаю­да. Ведомствоаралық комиссия 52 қол­жазбаны қаламақы төлеуге лайық деп бе­кітті. Бұл қаламгерлерге, жаңа шығарма­лар­дың жазылуына үлкен қолдау деп білемін.

    – Қаламақы бағыты бойынша қа­тыс­қысы келетін авторлар тағы қандай мәселені ескергендері жөн?

    – Жоғарыда айтқанымдай, кез келген Қа­зақ­станның азаматы қатысуға құқылы. Бір­ақ авторлар ең әуелі ұсынғалы отырған қол­жазбасының тек жарық көрмегенін емес, елі­міздің әрбір кітапханасына түсіп, ұрпақ­тан-ұрпаққа мұра ретінде сақталатын жауапкершілігін сезінуі керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тапсырыспен кітаптың шығуы әр ақын-жазушы үшін ұлт алдында, келешек ұр­пақ алдында мәңгілікке өз қолтаңбаңды, үніңді қалдыру емес пе? Сондықтан асығыс­тыққа ұрынбай, шығарманы кемеліне кел­тір­ген соң ұсынғаны жөн. Техникалық рә­сім­делуі нашар, әріп қатесі өріп жүрген шы­ғармалар да түсіп жатады. Әлбетте, басым­дылық шығарма болса –көркемдігіне, ғы­лы­ми жұмыс болса – дәйектілігіне беріледі. Бірақ өз қолжазбасын жан-жақты дайын қылып беру де аса маңызды екенін жеткізгім келеді.
    Тағы бір ескертетін жайт, қазір ірілі-ұсақ бас­па көп. Олар кей авторлардың кітаптарын тегін басып беріп жатады. Облыс, қала әкім­діктері де өңірдегі қаламгерлердің кітапта­рын арнаулы сериямен дүркін-дүркін шыға­рып, тұсаукесерлер өткізіп жатады. Бұл әри­не үлкен қолдау. Бірақ ол кітаптар мейлі 50 данамен шыққан екен, енді сіз автор ре­тінде мемлекеттен қаламақы ала алмайсыз. Яғни, өзіңіздің интеллектуалды еңбегіңізді тегін бере салдыңыз деген сөз. Қаламгерлер нарықтық қатынасты тезірек игеріп, жазған әр дүниесінің қадірін білсе екен дейміз. 
    Егер бұрын кітапқа шыққан шығар­маңыз­ды басынан бастап қайта өңдеп, қа­ламақыға бергіңіз келсе, онда әлемдік стан­дарт бойынша оның кем дегенде 75 пайызы жаңа болуы тиіс екенін ескертеміз. Соны ескермей, шығарманың атауын, басы мен соңын өзгертіп, бізге ұсынатындар кезігеді. Әде­биет – ардың ісі. Ондай дүниесі өтіп кет­кен күннің өзінде ертеңгі ұрпақ алдында, өз немере-шөберелері алдында ұятты бола­тынын қалай ойламайды деп таңғалам.

    – Екінші бағыт бойынша шығарма­лар қалай іріктеледі?

    – Екінші бағыт, жоғарыда айтқанымдай қай­та басып шығаратын кітаптарға арнал­ған. Өтінімдерді Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасына жеке тұлға және заңды тұлғалар тап­сыра алады. Жеке тұлға дегеніміз – автор­дың өзі немесе авторлық құқық иесі, мұра­гері. Заңды тұлға дегеніміз – кітапты басып шы­ғарып, таратуға авторлық құқығы бар баспа.
    Кітаптарға Қағидаға сәйкес алдын ала ірік­теу жүргізілу үшін Кітап палатасы жа­нындағы Тәуелсіз комиссия қарауына ұсы­нылады. Тәуелсіз комиссия кітаптарды ірік­теп, арнайы хаттама толтырады. Бұл ке­зеңнен өткен кітаптар министрлік жа­нындағы Сараптама комиссиясына, сосын Ве­домствоаралық комиссия қаруына ұсы­нылады. Ол комиссиялардың жұмысын жо­ғарыда егжей-тегжей түсіндірдім. Сатып алу­дан айырмашылығы, қайта басып шы­ғаруда бұрын шыққан кітап болғандықтан авторы белгілі болады.

    – Қайта басылып шыққан шығарма­лар­ға қаламақы төлене ме?

    – Осы бағытпен кітабын шығарғысы ке­ле­тін авторларға ескеретін жайт, министр­лік басып шығаратын кітаптарға қаржылық шығыстарды заңмен бекітілген лимиттер аясында есептейді. Басқаша айтқанда шығар­машылық және өндірістік шығыстардың барлығы бекітілген қаржы лимитінде қам­тыл­ған. Оның ішінде қаламгерге ұсынылуы мүмкін қаламақы да қарастырылған. Сон­дық­тан, авторлар қайта басып шығару бойын­ша қаламақы мәселесін баспалармен өза­ра келісуі керек. Авторлық құқық берілген ке­лісімшарт ішіндегі өзара келісімге уәкі­летті орган араласпайды. Қайтыс болғанына 70 жыл өтпеген авторлардың мұрагерлері бас­памен келісіп, кітаптарын шығара алады. Егер 70 жыл өтіп кетсе, шығармалар «халық­тық мұраға» айналып кететіні баршаға мәлім.
    Қайта басып шығару бойынша жарық көрген кітаптардың құқығы автор немесе автор­лық құқық иесінде қалады. Сатып алу бағыты бойынша қолжазбаның авторлық құқығы белгілі бір жылдары министрлікте болса, бұл бағыт бойынша автор (мұрагер) кітап­ты көбейтіп немесе қайталап бастырып, сатылымға шығара алады. Мұның тиімділігі сол. 

    – Бұл бағытта кітап шығару үшін міндетті түрде жеке тұлға баспалармен келісімге отыруы керек пе?

    – Жеке тұлға да қатыса алады. Комис­сия­лардан өтсе, мемлекеттік сатып алу пор­талы арқылы конкурс жариялаймыз. Жеңім­паз деп танылған баспа басып шығарып, тарату міндеттемесін мойнына алады.

    – Мысалы, даталы жылдар немесе ерте қайтыс болған автордың мерей­тойы­на орай кітап шығару үшін оның ұрпақтары, яки баспа ғана өтінім бере ала ма?

    – Дұрыс айтасыз, Қағидаға сәйкес автор, ав­тордың мұрагерлері өтінім бере алады немесе мемлекеттік тапсырысты орындай ала­тын әлеуеті бар баспаға басып шығару жә­не тарату құқығын беруі тиіс. Баспа өз ке­зегінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес тап­сыруы керек.
    Біз өткен жылы 169 кітап аталымын шығардық. Олар 255 мың данамен кітапханаларға таралды. Соның ішінде «Жеңіс туын желбіреткен – Рақымжан Қош­қарбаев», «Сағадат Нұрмағамбетов – халық қаһарманы», Герольд Бельгердің таңдамалы жинағының екі томы сынды мерейтойлық әдебиеттер болды.
    Кей қаламгерлеріміз мерейтойы қар­саңын­да мемлекет неге кітаптарымды шы­ғар­майды деп реніштерін білдіріп жатады. Ол үшін бір жыл бұрын өзі немесе баспа кітап­тарын ұсынған болуы тиіс. Егер комис­сиядан өтіп жатқан жағдайда келесі жылы жарық көріп, кітапханаларға таратылады.

    – «Мемлекеттік тапсырыспен шы­ғатын кітаптар кітап дүкендеріне түс­пей­ді, сатылымға шықпайды. Баспалар оқыр­ман оқитын кітаптар шығармай­ды, тек мемлекеттік тапсырысты ғана орындайды» деген лепес жиі айтылады. Бұған қандай пікір айтасыз?

    – Мемлекеттік тапсырысты орындайтын баспалар келісімшартта көрсетілген тираж­ды басып шығарып, таратудан бөлек өз қара­жатына артық даналарын басып, саты­лымға шығаруға құқылы. Алайда өкінішке қарай, тек тапсырыс аясынан шыға алмай ж­а­та­тын баспалар жоқ емес. Кітаптың тира­жы көп болған сайын, әр кітаптың жекелеген құны арзан болатын салалық ерекшелік бар емес пе? Сондықтан бұл баспалардың сал­ғырттығы деп білем.
    Ал дүкендерде жақсы сатылып жатқан кіта­птардың көбі неге мемлекеттік тапсы­рыспен шықпайды деген сұрақ көпшілікті мазалайтынын байқадым. Оның бір себебі мынада. Қандай да бір баспа бір қаламгердің кітабын басып шығарып, қоғамда үлкен сұранысқа ие болды делік. Одан белгілі бір дең­гейде пайда тауып жатыр. Енді мемле­кет­тік тапсырыспен ол кітапты шығарса, бүкіл кітапханаға таралады және кітаптың элект­ронды нұсқасы Ұлттық электронды кітап­ханаға жарияланады. Кез келген оқырман аталған кітаптарды кітапханалардан немесе ғаламтордан оқи алады. Сондықтан, тауып отырған нанынан айырылады. Тауарын өздері шығарып, оқырманға тікелей сат­қанды құп көреді. Нарықтың мүмкіндігін толық пайдаланғаннан кейін барып мемле­кетке ұсынудың мүмкіндігін қарастырады. Бұл – нарық заңы ғой. Мемлекет нарық заңы­на бөгет жасамауы керек. Автор мемле­кеттік тапсырысқа сатып, қаламақы алған­нан, өзі жеке шығарып сатқан пайдалы бол­са, олар соны таңдайды.

    – Осы жерде мемлекеттің бағытын анық­тау керек сияқты. Мемлекет қан­дай кітаптарды шығаруға мән бергені жөн?

    – Меніңше, мемлекет онсызда сұранысы жо­ғары, ел сатып алатын кітаптарды емес, ел үшін, мемлекеттің дамуы үшін маңызды кітаптарды көбірек шығарғаны жөн деп ой­лаймын. Мысалы, 2023 жылы қазақ да­ласындағы ашаршылық жылдарындағы құжаттық деректер жинағының 5 томы, қазақ­тың тұңғыш басылымдары «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» жур­на­лының әр жылдардағы шығарылымдарынан жинақталған 11 томдық жарық көрді. Мұн­дай кітаптар мемлекет үшін аса құнды еңбек. Ұлы тұлғаларымыз туралы зерттеулер, көп­томдықтар да сондай. Олар кітапханада тұруы тиіс. Кітапханаларда салалық маман­дықтарға қатысты қазақтілді кітаптардың үлесі басым болуы маңызды деп есептеймін. Ауыл шаруашылығы, медицина, техника ғылымдары, танымдық әдебиеттер қоғам үшін аса қажет. Ізденушілер мен ғалымдар, арнаулы мамандық иелері іздеген әдебиетін кітапханадан табу керек. Ғылыми танымдық әдебиеттің елдің рухани және мәдени тұрғы­дан дамуы үшін қосар үлесі мол. Соны ұмыт­пағанымыз жөн.

    – Соңғы жылдары министрлік жас әдебиетшілерді қолдауға баса мән беріп жүр. Жас авторлардың шығармашылық әлеуетін арттыруға әдеби конкурс­тар­дың тигізер ықпалы бар ма?

    – Неге болмасын? Кейінгі екі жылда Мем­ле­кет басшысының тапсырмасымен жастар­ға арналған Президенттік арнаулы әдеби сый­лық төрт жас қаламгерге табысталды. Бұл сыйлық былтырдан бастап беріліп келе­ді. Проза, поэзия, драматургия, балалар әде­бие­ті номинациясы бойынша сыйлық ие­гер­лері қаржылай сыйлық алады. Сондай-ақ қаламгерлердің арасында аса танымалдыққа ие болған «Айбоз» ұлттық сыйлығы бар. Сый­лық жеті номинация бойынша анық­талады және жеңімпаздардың шығармалары кі­тап болып басылып, кітапханаларға тара­тылады. 
    Мұнан сырт, Жазушылар одағымен бір­лесіп «Әдеби панорама» жобасын қолға ал­дық. Былтыр еліміздің 20 жас қа­ламгері өздері таңдаған облыстар мен қала­ларға барып, шығармалар жазып келді. Ро­ман, повесть, поэма жазған жастар көп. Олар­дың әрқайсының кітаптары шықты, қо­мақты қаламақы алды. Қазақ қалам­гер­лерінің ТМД архивтеріндегі зерттеулері жо­басы аясында 16 қаламгер-ғалым көрші елдерде жұмыс істеп келді. Олардың да еңбектері кітап болып шықты әрі қаламақы төленді. Бұдан бөлек мәдениет саласының үздіктеріне Президент стипендиясы беріледі.
    Мұндай игілікті істер көп. Мұның бәрі ал­дағы уақытта да жалғасады. Бір қуанаты­нымыз, елдің кітапқа аңсары ауа бастады. Кітап сату ісі жолға қойылып келеді. Зама­науи баспалар көбейіп жатыр. 

    – Кітап оқу сәнге айналып келеді деп қалдыңыз. Оқитын елге айналу үшін қан­дай ауқымды шараларды қолға алып жатырсыздар?

    – Өткен жылы Мемлекет басшысының тап­сырмасымен «Қазақстан Республи­ка­сын­дағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиіс­ті қаулысына толықтыру енгізіліп, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген бо­ла­тын.
    Биыл тұңғыш рет өткізілгелі отырған «Ұлттық кітап күні» мерекесіне ерекше ба­сымдылық беретін боламыз. Бұл мереке ұлт болып ұйысудың, білім-ғылымға ынтызар­лықтың мерекесі ретінде тойланады. Елі­міздің мәдени ошақтарында «Ұлттық кітап күні» атты кітап апталығы өткізіледі. Апта­лық аясында әр күнінің тақырыптық айдары бекітіліп, үш жүзден астам іс-шаралар ұйымдастырылады. 16 сәуір – «Артық білім кітапта...» деп аталып, кітап фестивальдері, OPEN AIR, Ашық есік күні, кітап көрме-жәр­меңкелер ұйымдастырылады деп жос­пар­лаудамыз. 17 сәуір – «Сөз өнеріндегі өлке­тану» (жергілікті авторларды таныту), 18 сәуір – «Кітапхана түні» акциясы, 19-20 сәуір – «Weekend. Book. Vibes», 21 сәуір – «Кітап. Тарих. Шежіре» (сирек және құнды, ерекше кітаптар күні), 22 сәуір – «Кітап – достық амбасадоры» (халықаралық іс-шаралар), 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» мерекесі және «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты кең көлемде аталып өтеді. Оған еліміздегі баспалар, баспагерлер, ав­торлар, салалық мамандар келеді деп кү­тілуде. Кейінгі екі жыл ішінде шыққан кітап­тар арасында ұйымдастырылатын «Ұлттық кітап» байқауы жеңімпаздары тоғыз номи­нация және Гран-при сыйлығымен мара­пат­тала­тын болады. Номинациялар атауы – «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс», «Нон фикшн бағытындағы үздік кі­тап», «Детектив жанрындағы үздік кітап», «Сатира жанрындағы үздік кітап», «Үздік иллюстрациялық кітап», «Үздік аударма кіта­бы», «Фантастика жанрындағы үздік кітап», «Үздік баспа». Байқаудың Гран-при сыйлығы – «Жыл кітабы» – мазмұны мен баспа-полиг­ра­фиялық сапасы жағынан өте жоғары дең­гейде дайындалған, сатылым көрсеткіші жо­ғары жылдың ең үздік деген басылымына берілетін болады. Оларға қаржылай сыйлық табысталады. Одан бөлек, кітап саласында ең­бек ететін, көзге көрінбейтін қаншама адам бар. Станоктарда тұратын техник ма­ман­дар, дизайнерлер, беттеушілер, терімші­лер дегендей еңбек адамдарын да марапат­тай­мыз. Бұл мереке кітап оқуға ұлтты үн­деу­дің, білімді елге айналудың бір көрінісі бо­ла­ды деп отырмыз. Кітап оқитын ұлт озады. 
    Сондай-ақ биыл «Жұмысшы маман­дық­тары жылы» аясында жарияланған «Ерлік пен Еңбек дастаны» байқауына өтінім қа­был­дау жүріп жатқанын айта кеткім келеді. Байқауының мақсаты – дарынды авторларға қолдау білдіру және қоғамдағы еңбек ма­мандықтарының маңыздылығы туралы оң пікір қалыптастыру. Қарапайым еңбек адам­дарының өз ісіне деген адалдығы мен сүйіс­пен­шілігін, әр мамандықтың ерекшелігін насихаттайтын туындылардың жазылуына ықпал ету арқылы еңбек адамдарын наси­хаттау.
    Байқауға қатысатын тағылымы мол туын­дыларда еңбек адамдарының ішкі жан дүниесі, басынан кешкендері, армандары мен күнделікті кездесетін қиындықтары қам­тылуы тиіс. Сол арқылы қаламгерлерге халық­тың ыстық ықыласына бөленген, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бірегей образдар жасауға мүмкіндік беру. Байқауға ұсыныла­тын шығармаларды Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы қабылдауда. Бір ерекшелігі байқауда жүлделі орын алған шығармалар жыл соңына дейін шамамен 15 мың тираж­бен жарық көріп, Қазақстандағы барлық кітапханаларға, яғни бүкіл мектеп, колледж, университет, көпшілікке қолжетімді кітап­ханаларға таратылады. 
    Министрлік атқарып жатқан мұнан өзге де істер көп. Олардың іске асуында зиялы қа­уым мен қаламгерлердің, мәдениет меке­мелері мен баспалардың және жеке баста­машыл топтардың қолдауы аса маңызды. Түптеп келгенде ел ортақ, еліміздің ертеңі ортақ. Қоғамның рухани деңгейін көтеруге барлығымыздың да атсалысуымыз керек деп есептеймін.

    – Әңгімеңізге рахмет.

    Cұхбаттасқан – 
    Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

    Бөлісу: