Мазмұны
Үш күн бұрын Болгария астанасы Софияда боксшылар арасында кіші әлем чемпионаты атанып кеткен Странджа кубогі аяқталды. Бір аптаға созылған тартысты бәсекеде Қазақстан ерлер құрамасы 5 алтын, 9 күміс және 4 қола жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ал әйелдер құрамасы 1 алтын, 6 күміс, 8 қола медальмен жалпы есепте 4-орынға табан тіреді. Софияда көпшіліктің назары боксқа қайта оралып, 48 келіде көш бастап жүрген Әйгерім Сәттібаева да болды. Көп БАҚ «Бес баланың анасы финалға өтті» деп жарыса жазса, ал жанкүйерлер оның бұл жарыста иеленген күміс жүлдесі алтынға бергісіз екенін айтып, әлеуметтік желілерге көп пікір қалдырды. Осы орайда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі, көпбалалы ана Әйгерім Сәттібаеваны Болгариядан келген бойда әңгімеге тартқан едік.
– Спортқа түбегейлі ден қоюыңызға Бақтияр Артаевтың Олимпиадада атой салуы түрткі болған екен. Афины Олимпиадасында үздік боксшы атанған Артаевтың қай кездесуі есіңізде қалды? Әлде көпшілік әлі күнге айтып жүретіндей, оның жеңіс тұғырына көтерілген сәті көпке дейін есіңізде қалды ма?
– Ол кезде кішкентаймын. Бақтияр Артаевтың жеңіс тұғырына көтеріліп, арена төрінде көк Туымызды желбіретіп, әнұранды шырқатқан сәті ерекше әсер қалдырды. Ол уақытта бокстан хабарым жоқ. Қайсысы Олимпиада, қайсысы әлем чемпионаты екенін ажырата алмаймын ғой. Әйтеуір, әлемді мойындатып, Әнұранды айтып, көңіл толқыған сәт жадымда жатталып қалыпты. Бақылап отырып «Мен де солай істесем ғой!» деп армандап кеттім. Әкем де сол сәтте «Әне, қазақ боксын бүкіл әлемге мойындатты» деп айтқаны есімде. Сол сәтте мен де Бақтияр ағам секілді ерекше сәтті басымнан өткізгім келді. Әңгімені арыдан бастасам, менің әкем кезінде бокстан білікті бапкер болған. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықтан кейін бапкерліктен кәсіпкерлікке ауысып кеткен. Десе де, «Бір қабілетті спортшы баптап шығарсам» деген арманы іште «қалып» кетсе керек. Сол қабілетті спортшыны менен көрді-ау деймін. Мені алдымен дзюдо үйірмесіне ертіп апарды. Ол кезде әйелдер боксы дамымаған-тын. Кейін қыздарды боксқа баулу процесі жүріп жатқанын естіп, бірден бокс секциясына ауыстырды. Басында бір-екі бапкер «Біз қыздарды қабылдамаймыз» деп мені жолатпай қойды. Кейін сол кезде қыздарды боксқа баулуды енді бастаған Ерік Алғабековтің қол астында жаттыға бастадым. Осылайша, боксқа шындап кірістім.
– 15 жасыңызда ұлттық құрамаға қабылданғаныңыз рас па? Ол кезде қазіргідей ересектер арасынан іріктелу қиынның қиыны еді ғой.
– Иә. Мен 2006 жылы жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым. Ол кезде бас бапкер Вадим Присяжнюк әйелдер құрамасын жасақтап жатқан болатын. Ол Қазақстан біріншілігінде өткізген кездесулеріме жоғары баға беріп, мені спарринг кездесуге шақырды. Сол жекпе-жекте ол кезде менің салмағымда нөмірі бірінші боксшы болған қызды жеңдім. Сөйтіп, 15 жасымда бірінші нөмірлі боксшы болып ересектер құрамасына қабылдандым. 16 жасымда ересектер арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алдым. Сосын Азия чемпионатында қола жүлдені місе тұттым.
– Бір сұхбатыңызда «Лондон Олимпиадасына қатты дайындалып жүргенде тұрмысқа шығып кеттім» депсіз. Үлкен спорттан гөрі жеке өмірді биік қойсаңыз да, ара-тұра шаршы алаңға оралу туралы ой мазалаған шығар.
– Иә. Ол Олимпиада қарсаңында нағыз бабымда жүрген, өз салмағымның мықтысы едім. Бапкерім де, ата-анам да үміт артып жүрген кез. Сөйтіп жүргенде жеке өмірді бәрінен биік қойып күйеуге шығып кеттім. Жатса-тұрса «мақсат» деп жүретін спортшыларға үйде отыру қиын ғой. Әкем де сол уақытта «Әйгерім, сен қандай мықты боксшы едің?!» дегенді көп айтатын.
– Десе де, екі баланы дүниеге алып келген соң рингке қайта оралдыңыз ғой?
– Иә, өз күшімді сынап көрейін дедім. Сөйтіп, боксқа қайта оралдым. Басында босана салып барғандықтан, қатарға ілесіп кету қиындау болды. Бір жылдан соң өз бабыма келіп, жарыстарда топ жарып жүрдім. Дегенмен боксқа оралған үш жыл ішінде көп қиындық көрдім. Мені құрама қатарына бірден қабылдай қоймады. Әдетте, әйелдер бала туған соң боксқа оралмайтын еді ғой. Ал маған ала көзбен қарап, «Неге қайтып келді?» деп жақтырмағандарды да байқадым. Ауыр тиген кездер болды. Алайда үш жыл бойы өзімді дәлелдеумен болдым. Ол үшін көп күш салдым. Сөйтіп жүргенде Олжас Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Жолдамаға талас жүріп жатқан кезде Олжас «Әйгерім, маған сенің қолдауың керек. Үйде отырғаның дұрыс болатын еді» деп өтінді. Нағыз бабыма оралған кезде Олжасқа жол беріп, 2015 жылдың желтоқсанына дейін жұдырықтасып, екінші рет бокстан қол үздім.
– «Үлкен спорттағы несібемді толық алмадым» деп, араға бес жыл салып, былғары қолғапты қайта киіп, спортқа оралдыңыз. Екінші рет мұндай шешім қабылдауға «Менің әлі шықпаған биігім бар» деген ұмтылыс түрткі болды ма?
– Ол шешім ойламаған жерден қабылданды десем де болады. Дегенмен іште от «қалып» қойғанын бәрі байқайтын. Көкейімде үнемі «Әлі өз сөзімді айтпадым» дегендей бірдеңе тұратын. 2016 жылы аяғым ауыр кезде «Қайдағы бокс? Осымен бәрі бітті» деп ойша бұл спортпен қош айтысқан едім. Алайда айналам әсер етпей қоймады. Менің үйім бокс залының қасында орналасқан. Ол залға кірсем ғана жүрегім жай табатын. Онда бокстасып жатқандарды көріп, бапкерлермен сөйлесіп, көңілім орнына түсетін. Ондағы атмосфераны үнемі іздеп тұратын едім. Мен ол кезде Тараздағы спорт мектебінде бапкер болып, жас қыздарды боксқа баулып жүргенмін. Қыздарға бар білгенімді үйретемін, алайда, олардың жанарынан еш жалын көрмейтінмін. Біз бұрын бапкердің бір көрсеткенін айнытпай қайталап, «Болды, жаттығуды тоқтат та үйіңе қайт» десе де қайтпай, түнге дейін жаттығып, «қайтсек жеңеміз?» дегенді ғана ойлайтын едік. Ал біз жаттықтырған қыздардан ондай мінез байқалмайды. «Оларға жалыну керек» деп ашуланатынмын (күліп). Үнемі үйге ызаланып келетінмін. Бізде Жамбыл боксының ерекшелігі бұрыннан ел аузында ғой. Әсіресе, біздің жақтың боксшыларының аяқпен қимылдау техникасына бәрі қызығатын. Мен – Жамбыл облысынан шыққан тұңғыш Қазақстан чемпионымын. Бапкер болып жұмыс істеп жүргенімде Қазақстан біріншілігіне жас қыздарға сәттілік тілеп, шығарып салатынмын. Дегенмен, нәтижесі көңіл көншітпеді. Біз бұрын Қазақстан чемпионатын көзімізді жұмып жүріп «жүгіріп» өтетін едік. Ал қазір финалы былай тұрсын, үшінші орынға әрең ілінетін болды. Жамбылда қыздар боксының деңгейі төмендеп кеткені анық байқалды. «Өзім қайтадан жол ашып беремін-ау» деп қалжыңдап айтып жүргенмін. Бірде Олжасқа боксқа шындап оралу керектігімді айтқан едім, ол басында онша мән бермей, күлді де қойды. Алайда ол менің күнде ызаланып жүретінімді көрді ғой. «Олжас, мен боксты қайта бастайыншы. Екі рет отбасы үшін спортты қойып кеттім. Осы жолы тағы бір рет көрейінші. Соңғы мүмкіндігім ғой. Қазақстан чемпионатына қатысайыншы» дедім. Олжас қолдайтынын, көмектесетінін айтты. Сөйтіп, екеуміз жаттыға бастадық. Таңнан кешке дейін жаттықтым, арасында қыздарды да жаттықтырамын. Артынша залда қалып тағы бірнеше сағат жаттығамын. Бірте-бірте бұрынғы бабымды «жинап» алдым. Сөйтіп, белімді бекем буып 2022 жылы өткен ел чемпионатына қатыстым. Алғашқы екі кездесуде жас қыздарды жеңдім. Ал үшінші жекпе-жегімде құрамадағы мықтылардың бірі саналатын Алуа Балқыбековаға есе жібердім. Арада қанша жыл үзіліс алғаным бар, бес бала туғаным бар, оған жасымның отыздан асқанын қосыңыз. Десе де, екеуіміздің арамыздағы айқас тартысты өтті. Бапкерлер «Шеберлігіңді жоғалтпапсың, Әйгерім! Жақсы бокс көрсеттің» деп қолдау білдірді. Олжастың да менің бұрынғы бабыма келе алатыныма көзі жетті. Сөйтіп жүріп, ұлттық құрамаға іліндім. Спартакиадада күміс жүлде еншіледім, Испанияда жақсы жекпе-жектер өткіздім. Негізі, онда финалда ұтылған жоқ едім. Әділетсіздік салдарынан онда да күміс жүлдегер атандым.
– Екінші рет оралғаныңызда көпшілік сізге білікті боксшы емес, бес баланың анасы деп қарап, шеберлігіңізге күмән келтіре қарағандардың болғанын байқаған боларсыз. Алайда былтыр Азия чемпионатындағы аяқ алысыңызды байқаған жанкүйерлер сіздің қола жүлдеден гөрі биіктеу өнер көрсеткеніңізді, әділетсіз жеңілгеніңізді жарыса жазды...
– Спортқа қайта оралғанда сыртымнан сөз айтқан кісілер көп болды. Ондайда не істейсің? Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың ғой. Олар сөйлеп-сөйлеп қояды. Мен оларды тыңдасам, арманыма жетемін бе? Олардың бос әңгімесіне еріп кетсем, қазіргі деңгейге жетпейтін едім ғой. Мен ең алғаш бокс залына кіргенде «Қыз балаға бокста не бар?» дегендер кейін мен Қазақстан чемпионы атанғанда басқаша сөйледі. Сондықтан мен олай сөйлейтіндерге үйреніп қалғанмын. Әлеуметтік желідегі пікірлерді көп оқымаймын. Алайда былтыр Азия чемпионатында қола жүлдегер атанғанымда мені қолдағандардың қатары көбейгенін байқадым. Кездесуден соң берген сұхбатымның астына көп адамның жылы лебізін аямай жазып кеткені жүрегіме майдай жақты. Шыны керек, мені олай қолдайды деп ойламадым. Пікірлерді оқып отырып, көзімнің жасын бір сығып алдым. Көпшіліктің «Қазақ қызы осындай болуға тиіс!» деп мені мақтан тұтқаны рухтандырып жіберді. Керемет әсер екен! Бүгінде сол спортсүйер қауымның қолдауымен өз арманыма аяңдап басып келемін.
– Төрт күн бұрын Сербияда аяқталған, боксшылар арасында кіші әлем чемпионаты атанып кеткен Странджа кубогінің финалында да әділетсіздік болды деп көп пікір жазып, сізді тағы да мақтап жатыр.
– Иә, кездесуді көргендер «Біздің Әйгерім қуалап жүріп ұрды ғой» деп айтып жатыр. Әлеуметтік желіден мен үшін жүрегі ауырып, әділетсіз болды деп жазғандарын да оқыдым. Мен көпбалалы ана болғасын маған көпшіліктің бүйрегі қатты бұрады-ау деймін. Расында, құрамадағы басқа қыздардан мені ерекшелейтін жайт – менің көпбалалы ана болғаным ғой.
– Жолдасыңыз Олжастың секундант болып, ринг шетінде отыруы сізге кедергі келтіре ме, әлде, керісінше желпіндіреді ме? Әлеуметтік желіде кеңінен таралған видеода сізге бапкер болу Олжасқа оңай емес екенін байқағандаймыз.
– Кезінде жеке бапкерім болған Ермек Ертаев былтырға дейін Асланбек Шымбергеновті жаттықтарған-тын. Былтыр күзден бастап мені қайта жаттықтыра бастады. Ал оған дейін екі жыл бойы мені Олжас баптап, жарыстарға бірге барып жүрді. Өзі боксшы әрі кәсіби маман болғасын айтатын ақыл-кеңесі де пайдаңа жарайды ғой. Сондықтан Олжастың мен кездесуге шыққанда ринг шетінде отыруы оң ықпал етеді. Дегенмен мен рингке шыққан кезде оның қатты уайымдайтыны рас.
– Бес бала тәрбиелей отырып, қатысқан жарысынан жүлдесіз қайтпайтын сіз секілді мықтыға «Спорт пен тұрмысты қатар алып жүру қиынға соқпай ма?» деген сұрақты қоймасақ болмас.
– Әрине, қиын. Бұл өмірде оңай нәрсе бар ма?! Бокспен шұғылданып жүрген жас қыздардың «жүгі» жеңіл ғой. Жаттығудан соң үйіне барып тынығады, ұйықтайды. Ал мен жаттығудан соң олай жата алмаймын. Үй жинап, тамақ істеймін. Балалардың сабақ үлгерімін қарайлаймын. Мектебіне, үйірмесіне алып барамын, сосын кешке алып қайтамын. Осы жағынан қиындау екені рас. Дей тұрғанмен, осылай қиын болатынын біліп тұрып, былғары қолғапты қайта кидім ғой. Демек, шыдап-бағуым керек. Десе де, қазір ата-енем бір жағыма шығысып, көп көмегін тигізіп жатыр. Оқу-жаттығу жиындарына барар кезде бала-шағам ата-енемнің қарауында қалады. Мысалы, Странжа кубогіне дайындаламын деп, бір ай үйде болмадым. Сол кезде ата-енем балаларыма қарайлады. Олар немерелеріне бізден артық қарап, тап-тұйнақтай етіп киіндіріп, асты-үстіне түсіп жатады. Дегенмен, балаларым әлдилеп отыратын жаста емес. Үлкен қызым 13-те, ұлым 8-сыныпта оқиды. Одан кейінгі екеуі 3, 1-сыныптарда оқиды. Кенжем алты жаста. Оқушылар таңертең сабаққа кетіп, кейін қосымшасына барып, үйге кештеу келеді. Кенже балам да таңнан кешке дейін балабақшада.
– Үлкен балаларыңыз жекпе-жектеріңізді көретін шығар?
– Қызым боксты онша түсінбейді. Ал ұлым өзі боксқа қатысып жүрген соң ақылын айтып отырады. Әкесімен бір-екі жарысқа барып, жеңіп келген. Сондықтан боксқа қатысты біраз нәрсені біледі. Сондықтан «Былай ұруыңыз керек» деп айтып отырады. Ол мені гладиатор деп атайды (күліп). Былтыр Азия чемпионатындағы соңғы кездесуден соң бетім ісіп кеткен-тін. Ол уақытта шлемсіз жұдырықтасатын едік. Кейін шлемді қайтарып, жақсы болды ғой. Сол чемпионатта бірнеше кездесуді шлемсіз өткізіп, ақырғы кездесуде қарсыласпен баспен соғысып, ақырында гематома пайда болған-тын. Үйге оралған соң қыздарым қорқып «Мама, бетіңе не болды?» деп жаны ашып жүрсе, ұлым «Біздің мама – гладиатор» деп мені мақтан көретінін айтқан (күліп).
– Сұрайын деп ұмытып кеттіппін – қайта шаршы алаңға шығамын деген шешіміңізді ата-енеңіз қалай қабылдады?
– Ата-енем Олжастың боксқа қайта оралғанын қатты қалап еді. Олимпиадада Олжастың жеңісін тартып алды ғой. Әділетсіздік болды. Сол сәтте Олжастың көңілі қалып, боксты қойып кеткен еді. Ол уақытта өзім туралы тіпті ой жоқ, Олжасқа «Боксты қайта қолға ал» деп жүргенмін. Үш баланы бірінен соң бірін өмірге алып келген соң кәсіби спортқа оралу туралы ойланбайтынмын да. Алайда жоғарыда айтқанымдай, ойламаған жерден шешім қабылдаған соң, ата-енем бірде үйге қонаққа келгенде не шешкенімізді айтып, алдынан өтейік дедік. Басында қалай айтарымды білмей, қатты қобалжыдым. Сосын «Айтсам, не болыпты? Ата-енем боксшы екенімді біледі ғой» деп өз-өзімді жұбатып, әкемізге «Папа, мен боксты бастағалы жатырмын. Қазақстан біріншілігіне қатысқым келіп тұр» дедім. Ол кісі «Бастасаң баста, бірақ әшейін қатыспай, жеңуің керек» деп қолдау білдірді. Бүгінде екеуі әр жарысыма батасын беріп шығарып салады.
– Сөз арасында «Арманыма аяңдап келемін» деп қалдыңыз. Құпия болмаса, ол не арман?
– Мен қазір 48 келіде жұдырықтасамын ғой. Өзіңіз білетіндей, ол келіде құрамада бәсекелес көп. 50 келі ірілеу, екі келі айырма болса да білінеді. Май жинау бір бөлек, ал физикалық жағынан масса қосу – тіптен бөлек. Мен босанған соң шөгіп қалғанмын. Сол себептен өз салмағымнан артық категорияда жұдырықтаса алмаймын. Сондықтан мен 48 келіде әлем чемпионатында топ жарғым келеді. Қазір менің салмағымда сіңлім Назым Қызайбай бір аптадан соң Сербияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Үш дүркін әлем чемпионы атансам деген арманы бар Назымға мен қашан да тілектес болып отырмын. Жеңіспен оралсын! Дегенмен менің де үмітім, арман-мақсатым бар. Алда жарыстар жетерлік. Бізде бір атлетті бүкіл жарысқа қатыстырмай, кезек-кезекпен жіберіп отырады. Алда Әлем кубогі, Азия чемпионаты, әлем чемпионаты секілді ірі жарыстар бар. Одан бөлек, қаншама халықаралық жарыстар өткізіледі. Біреуіне бармасам да, екіншісінде топ жарармын. Дей тұрғанмен, менің арманым – әлем чемпионы атану. Үлкендер «Алла Тағала өзі сол жолға әдемі алып келеді. Асықпа» деп айтып жатыр. Бәлкім, мен қазір әлем біріншілігіне дайын емес шығармын. Мүмкін, қазір Назымның уақыты шығар. Менің де уақытым келеді. Ал дәл қазір Қазақстан қыздар құрамасы бір аптадан соң өтетін әлем біріншілігінде атой салып, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып келсе екен деп тілеп отырмын. Құрамадағы әр қызға жанкүйер болып, дұға тілеп отырамын.
– Халықаралық әйелдер күні секілді шуақты мерекеде әйелдер қауымына не айтар едіңіз?
– Өз армандарыңызды сатпаңыздар, өз армандарыңызға адал болыңыздар дер едім. Көптің ішінде аласы да, құласы да болады ғой. Дегенмен ең алдымен бір Аллаға сену керек. Сосын тынбай еңбек етіп, іштей ниет ету керек. Мен бір Аллаға сеніп, еңбек еттім, ниет қылдым. Ақырында, әдемі жолмен қазіргі мансап жолыма алып келді. Кейде кездесулерімді «алып» қоятындары бар. Десе де, мойымай, алға қарай адымдап келемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ