сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Ғалымдар дабыл қақты: Мидағы микропластик мөлшері өсіп барады

/
сурет: istockphoto.com
Тағы бір алаңдататын тұжырым – деменция диагнозы қойылған адамдардың миында микропластик мөлшері он есе көп болған.

Мазмұны

    Nature Medicine журналында жарияланған жаңа зерттеуде адам миынан ыдыраған пластиктің ұсақ бөлшектері – микропластиктер жиі табылып жатқаны айтылады. Бұған дейін бауыр, бүйрек және плацента сияқты ағзаларда микропластик анықталған еді, алайда бұл зерттеу ми тінінің синтетикалық бөлшектерге ерекше осал болуы мүмкін екенін алға тартып отыр.

    Ми тіндеріндегі пластик көлемі артып келеді

    Зерттеуді Нью-Мексико университетінің Денсаулық сақтау ғылымдары орталығының токсикологы Мэттью Кэмпен мен оның командасы жүргізді. Ғалымдар адамның әртүрлі тіндерінде пластик жинақталу деңгейін өлшеудің жаңа әдісін жасап шығарды. Олар бұл әдісті плацента мен аталық бездерде сынап көргеннен кейін, оны ми тіндерін зерттеуге қолданды.

    Зерттеуге Нью-Мексико штатының медициналық сараптау басқармасынан алынған ми үлгілері пайдаланылды. Ғалымдар 2016 және 2024 жылдардағы тіндерді салыстырып, қазіргі үлгілерде микропластик концентрациясы 50%-ға артқанын анықтады. 2024 жылғы ми тіндерінде микропластик мөлшері әр граммға 4 917 микрограммды құраса, 2016 жылғы үлгілерде бұл көрсеткіш 3 345 микрограмм болған.

    Микропластик нейродегенеративті аурулармен байланысты ма?

    Тағы бір алаңдататын тұжырым – деменция диагнозы қойылған адамдардың миында микропластик мөлшері он есе көп болған. Зерттеу пластик жиналуы мен нейродегенеративті аурулардың тікелей байланысын дәлелдемесе де, микропластиктің қан айналымын бұзып, жүйке жасушаларының байланысын әлсіретіп, ми қабынуын тудыруы мүмкін деген болжам жасалды.

    Негізгі қауіп көзі – тағам

    Ғалымдар адамның ағзасына микропластиктің негізгі көзі тағам болуы мүмкін деп болжайды. Әсіресе, ет өнімдерінде пластик көп шоғырланады, себебі ауыл шаруашылығында ластанған сумен суару, пластик қалдықтармен тыңайтылған топырақ және жем-шөп арқылы пластик бөлшектері қоректік тізбекке енеді.

    Зерттеушілер микропластиктердің мида қалай жиналатынын және олардың нақты зиянын анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін атап өтті. Бұл ашылулар адам денсаулығына пластикалық ластанудың ұзақ мерзімді әсерін зерттеудің маңыздылығын көрсетеді.

    Бөлісу: