Мазмұны
АҚШ-та жүргізілген 2022 жылғы ұлттық сауалнамаға сәйкес, ересек тұрғындардың 13,5%-ы үш ай бойы күн сайын немесе жиі «өте шаршағанын» немесе «әлсіз» сезінгенін мойындаған. 18 бен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында бұл көрсеткіш 20%-дан асты.
Диетолог әрі нейробиолог мамандардың зерттеуінше, үнемі шаршаңқы жүру тек жұмысбастылыққа байланысты емес, оған ағзадағы маңызды дәрумендер мен қоректік заттардың жетіспеуі әсер етуі мүмкін. Әсіресе, D дәруменінің, B12 дәруменінің және омега-3 май қышқылдарының тапшылығы адам энергиясын азайтады.
D дәрумені
АҚШ-тағы ересектердің 40%-дан астамы D дәруменінің тапшылығын бастан кешіреді. Бұл шаршау, бұлшықет әлсіздігі, сүйек аурулары және когнитивті мәселелерге әкелуі мүмкін. D дәрумені балықта, жұмыртқаның сарысында, сүт өнімдерінде және арнайы байытылған тағамдарда бар. Сондай-ақ, күннің әсері арқылы ағзада табиғи түрде түзіледі.
B12 дәрумені
АҚШ халқының 20%-ында B12 деңгейі жеткіліксіз, бұл анемияға және созылмалы шаршауға әкелуі мүмкін. Бұл дәрумен ет, балық, сүт өнімдері мен жұмыртқада кездеседі. Өсімдік тағамдарын тұтынатындар B12 қоспасын қабылдағаны жөн.
Омега-3 май қышқылдары
40-59 жас аралығындағы адамдардың 87%-ы және 60 жастан асқандардың 80%-ы омега-3 жетіспеушілігін бастан кешіреді. Бұл қышқылдар мидың жұмысын жақсартады, күйзеліс пен депрессия қаупін азайтады.
Салауатты өмір салты
Ғалымдардың айтуынша, өмір салты да маңызды рөл атқарады. Күн сәулесін жеткілікті қабылдау, спортпен айналысу, салауатты ұйқы режимін сақтау – энергияңызды қалпына келтіруге көмектеседі. Мысалы, аптасына кемінде 150 минут дене жаттығуларын жасау ұсынылады.
Сонымен қатар, смартфон және компьютер экрандары ұйқы гормоны – мелатониннің бөлінуіне кері әсер етеді, сондықтан ұйқы алдында 30-60 минут бұрын экраннан алыстаған жөн.