Мазмұны
Еуропада жүргізілген жаңа зерттеу COVID-19 пандемиясына қатысты конспирологиялық теориялар мен қаржылық тұрақсыздық арасында байланыс бары анықтады.
Political Psychology ғылыми журналында жарияланған зерттеуде 17 еуропалық елден жиналған деректер талданды. Ғалымдардың анықтауынша, жалған теорияларды жақтайтын адамдар өздерінің экономикалық жағдайына көбірек алаңдайды. Ал Словакияда жүргізілген қосымша зерттеу қастандық теорияларына сену уақыт өте келе қаржылық үрейдің күшеюіне ықпал ететінін көрсетті.
Бұған дейін көптеген сарапшылар экономикалық қиындықтар мен әлеуметтік жағдайдың төмен болуы адамдарды қастандық теорияларына сенуге итермелейді деп болжаған еді. Алайда жаңа зерттеу бұл байланыс керісінше болуы мүмкін екенін көрсетеді.
Зерттеу тобы бұл мәселені тереңірек түсіну үшін адамдардың сенімдері мен экономикалық күйзелісі арасындағы байланысты ұзақ уақыт бойы бақылады. Олар нақты қаржылық жағдайды, білім деңгейін және ұлттық контексті ескеріп, адамдардың өз экономикалық болашағына қалай қарайтынын зерттеді.
"COVID-19 пандемиясы кезінде біздің кейбір зерттеушілер орналасқан Словакияда қастандық теорияларын жақтаушылар саны өте көп болды. Деректерге сүйенсек, халықтың 40%-ға жуығы вирустың пайда болуы туралы кемінде бір жалған теорияға сенген", – деді зерттеу авторларының бірі, Словакия Ғылым академиясының профессоры Магдалена Адамус.
Ғалымдардың пікірінше, адамдардың объективті материалдық жағдайы олардың сенімдеріне бірден әсер етпейді. Керісінше, олардың субъективті түрде өз қаржылық болашағын қалай қабылдайтыны маңыздырақ рөл атқарады. Яғни, кедейліктің өзі емес, "экономикалық тұрақсыздық сезімі" қастандық теорияларына сенуді күшейтеді.
Зерттеу тек Еуропа елдерінде жүргізілгендіктен, басқа аймақтарда да осындай үрдіс байқала ма – белгісіз. Сонымен қатар, зерттеуде тек пандемиямен байланысты қастандық теориялары қарастырылған. Ал басқа тақырыптардағы жалған теориялардың әсері қандай болатыны әлі зерттелмеген.
Ғалымдар болашақта бұл бағытта қосымша эксперименттер жүргізіп, қастандық теорияларының адамдардың қаржылық шешімдеріне қалай ықпал ететінін зерттемек.
"Жалған теориялар гибридті соғыстарда манипуляция құралы ретінде қолданылуы мүмкін. Біз болашақта осы аспектіні зерттеуге көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз", – деді Адамус.
Зерттеу "All you’ll feel is doom and gloom: Multiple perspectives on the associations between economic anxiety and conspiracy beliefs" деп аталады. Авторы: Магдалена Адамус, Мария Чайинска, Якуб Шрол, Жайс Адам-Труан, Ева Баллова Микушкова және Петер Телицак.