Мазмұны
Менің шәкіртім, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлының «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары» атты монографиялық еңбегі Қазақстан Жазушылар одағының арнайы жобасы аясында жарық көрді, кітаптың көлемі он тоғыз баспа табақ. Бұл еңбекте түрік халықтарының ғұрыптық фольклорының жанрлары, ортақ қаһармандық жырлары салыстырылып, туысқан елдердің ежелгі мұрасының қыруар деректері ғылыми нысанға айналған. Атап айтқанда, еңбек-кәсіп салттары (аңшылық, саятшылық, малшылық кәсіп фольклоры), көне-наным-сенімдер жоралғысы (арбау, жалбарыну, тілек, алғыс-бата, қарғыс, ант, бәдік, ырым-тыйым, диуанабәйіт), маусымдық ғұрып үлгілері (Наурыз, қымызмұрындық, жарапазан, халық күнтізбесі: ай мен амалдар), сонымен бірге туысқан елдерге ортақ батырлар Манас, Кетбұқа, Едіге, Еңсегей бойлы ер Есімхан туралы жыр-аңыздар байыпты талданған.
Оқырман қауымға белгілі, менің жетекшілігіммен халқымыздың асыл қазынасы «Бабалар сөзі» жүзтомдығы жарыққа шыққанына біраз жылдың мұғдары болды. Бұл бірегей жоба шын мәнінде қазақтың байырғы фольклорлық мұрасы кесек келбетке ие, тек-тұрпаты аса бай, алуан түрлі, сан қырлы, жұртымыздың жадысының зейінді екенін көрсететін эталон деуге болады. Әлем халықтарында дәл мұндай көлемде фольклорлық мұра әлі жарық көрген жоқ, сірә, бола да қоймас деп болжаймын. Ал қазақпен іргелес өмір сүретін түріктектес жұрттарда халық мұрасының інжу-маржаны ұшан-теңіз екені тағы да айқын. Әйткенмен, осыншама мол мирасты жариялау бар да, оны ғылыми айналымға түсіру, кәсіби деңгейде зерттеп игеру, яғни рухани өнім етіп, қажеттілікке жарату талабы, жауапкершілігі бар.
Осы бағытта қажырлы жұмыс жасап жүрген ғалымдарымыздың бірі, еңбекқор, дарынды шәкіртім А.Тойшанұлының оқырманға жол тартқан жаңа зерттеуі қазіргі ғылымның теориялық-әдіснамалық талаптарына жауап бере алатын байсалды туынды болған. Ол – киіз туырлықты, ағаш уықты түрік-моңғол халықтарының фольклордағы бірлігі мәселесін салыстырмалы тұрғыдан көптен бері тиянақты зерттеп жүрген маман. Әлбетте, алтаистикада түрік-моңғол халықтарының арабайланыстары қаншалықты деңгейде жақын, яки алшақ, бұл қатынас генетикалық жақындықтан ба, әлде көршілік-қоңсылық ауыс-түйістен бе, осы мәселеге тұжырымды жауап беретін орнықты ғылыми еңбектер жазылуы қажет-ақ. Міне, А.Тойшанұлы алғашқы «Түрік-моңғол мифологиясы», қазіргі «Түрік халықтарының әдет-ғұрыптары» секілді екі қомақты еңбегімен бұл арнаға фольклортану тұрғысынан сәуле түсірген. Ол қазақ, қырғыз, алтай, телеуіт, тыва, саха, шор, өзбек, әзербайжан, түрікмен, түрік, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, құмық секілді көптеген туыстас халық пен халқа, қалмақ, ойрат, бурят секілді моңғол тілді елдердің рухани мирасын салыстырып зерттеп, дәлелді түйіндер жасай білген. Ғұрыптық фольклор жанрларын, соның ішінде жеке бір жанрлық түрді, нақтылы бір үлгіні арнайы таңдап алып типологиялық зерттеу жасағаны ұтымды болған. Айталық, төлді телу жырының үлгілері қазақ, қырғыз, өзбек, алтай, тыва, телеуіт, моңғол, қалмақ, бурят секілді елдерде ұқсас сарында орындалып келгенін анықтап, бұл хунну заманынан жалғасқан дәстүр деген қорытынды жасаған.
А.Тойшанұлының монографиясында түрік халықтарының ғұрыптық фольклорын жанрлық түрге жіктеу жасау, олардың қалыптасу төркінін саралау, жанраралық байланыстар жүйесін айқындау, поэтикалық табиғатын ашу жұмыстары шынайы жүзеге асқан. Шын мәнісінде, бағзы ғасырдан бері туысқан халықтардың өмір-тіршілігінің арқауына айналған еңбек-кәсіп фольклоры, наным-сенімінің ежелгі қайнары магиялық жоралғылар, жыл мезгілімен, шаруашылықпен үндескен маусымдық салттар, туысқан елдерге ортақ қаһармандық жырлар типологиялық тұрғыдан осыншалықты ауқымды үлгілер мен географиялық байтақ кеңістікті қамтып, бұрын-соңды тиянақты сараптала қойған жоқ. А.Тойшанұлы зерттеуіне түрік-моңғол халықтарының мирасын мейлінше толық енгізуге күш жігер салып, мәтіндерді түпнұсқа тілдерде қолданумен қатар қазақ тіліне тәржімалап, іждағатты ізденіс жасаған, экспедициялық сапарларда жиған-терген, түрлі сирек қорлардан алынған соны деректер тұңғыш айналымға түскен, бұл қадамдар еңбекті едәуір ширатып, салмақты еткен.
А.Тойшанұлы фольклорлық-этнографиялық, археологиялық экспедицияға жиі қатысып келеді. Оның Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қазақтар арасында ғылыми сапарда болуы ізденістеріне серпін берген.
Сейіт Қасқабасов,
ҚР ҰҒА академигі