Мазмұны
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген атақты жазушымыз Бейімбет Майлиннің сөзі бүгін де өте өзекті. Еліміздегі ауылдардың тұрмыс-тіршілігі бірдей дей алмаймыз. Біреулері кеңейіп, гүлденіп жатса, кей ауылдар құлдырап, тарқау алдында тұр. Кейінгісінің себеп-салдарын қарастыра бастасақ, терең әлеуметтік-экономикалық мәселелердің құлағы қылтияды. Қазақстан, ең алдымен, аграрлық ел екенін ескерсек, ауылдан безе алмасымыз, жергілікті елді мекендердің күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуіміз қажеттігі менмұндалап алдымыздан шығады. Бұдан түйер ой, түптің-түбі байыпты, баянды мемлекет боламыз десек, ауылдың көсегесін көгертуге бет бұрмай болмайды.
Осы орайда, ауыл тақырыбын ұмыт қалдырмай, әр уақыт туған ауылымыз туралы қалам тербеп отыру азаматтық парызымыз болуға тиіс. Жуырда тарихшы, өлкетанушы, Ерейментау ауданының құрметті азаматы Әдірешев Мәнап Бектасұлының Бозтал ауылының тарихы туралы энциклопедиялық мәнге ие, ауыл өмірін кең суреттейтін туындысы жарық көруін жақсылықтың бастауы деп қабылдадық. Ол барша зиялы қауымға ой салса, үлкен олжа. Кітаптың негізгі бөлімі төрт тараудан тұрады. Бозтал ауылының тарихы, ауыл төңірегіндегі жер-су атаулары, «Алфавиттік-анықтамалық бөлім» және Бозтал ауылы жайлы осы уақытқа дейін жарық көрген әдеби шығармалар мен көсемсөз материалдар жиынтығы. Автор Бозтал ауылының іргетасын қалаған тұлғалар туралы оқырманға мол мағлұмат бере отырып, сол өлкенің өткені мен бүгініне және әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы жетістіктеріне баса көңіл аударады. Энциклопедиялық туынды деп баға беруге болатын жинақта берілген мәліметтер замандастырымыз бен болашақ ұрпаққа туған өлкенің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ата-бабаларының кімдер болғанын мақтанышпен есте сақтау үшін ауадай қажет екені айтпаса да түсінік-ті.
Ата-бабаларымыз бен әже-апаларымыздың табаны тиген құтты қоныс – ауыл кімге болсын әрқашан қымбат, әрдайым биік. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Туған жердің түтіні де қымбат» деген халық мақалдары туған жерге ыстық ықыластан туғаны анық. Осы орайда, автордың ауыл төңірегіндегі кейбір бүгінде ұмыт болған жер-су атауларын індете зерттеуі, әсіресе, жастардың өлке тарихына сүйіспеншілігін оятып, өлкетану ғылымына ден қоюына септігін тигізері анық. Сонымен бірге кітаптың тағы бір маңыздылығы – білім іздеп қалаға ағылған жастардың туған өлкеге сүйіспеншілік сезімдерін арттырады деп ойлаймыз.
Қазақ ауылы – ұлттық болмыстың қайнар бұлағы, ел ертеңі үшін ерінбей еңбек етер ерлердің, ел мерейін үстем етер тума дарындардың туған ордасы. Ауыл десе, жаны жомарт, пейілі кең, санасы таза, ақкөңіл жандар мен аққа толы дастарқан еске түседі. Ол әрдайым солай, әлі де солай болып қала береді. Өйткені ауыл сол үшін ерекше, сол үшін ардақты. Мәнап Бектасұлының «Бозтал ауылының тарихы» кітабымен толық танысқандағы түйген ой осы. Туындының маңызы да сонда.
Талғатбек ЖАНАЙДАРҰЛЫ,
Ерейментау ауданының
құрметті азаматы,
Қазақстан кәсіподағының ардагері