Мазмұны
Тәуелсіздіктің үлкен сыйының бірі – Қазақстанға шетелдегі қазақтардың оралуы десек болады. Шекараның сыртында түрлі себеппен қалып кеткен қандастар егемендіктің елең-алаң шағында елге орала бастады. Қазір жалпы саны миллионнан асатын қазақ шетелден отанымызға оралып, ортамызды толтырып отыр. Шеттен келген ағайын Қазақстанның демографиясын, қазақтың санын ғана арттырып қойған жоқ, рухани, мәдени, бизнес саласында зор үлес қосып, ел тәуелсіздігін уығын бірге қадасты.
Шетелдегі ағайынның елге оралу процесі қанша сындарлы жайттан өтсе де, осыған дейін тоқтамағаны қуантады. Қазақтың генефондын, бірегейлігін қалыптастыру үшін тілі, ділі, діні, болмысы, сондай-ақ географиялық тұтастануы аса қажет. Тәуелсіздік бізге осы бірегейлену үдерісін сыйлады.
Шетелден әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері оралды. Қазір еліміздің кез келген облысына барсаңыз, ағайындардың әр салада жемісті еңбек етіп жүргенін көресіз. Шетелде мықты университеттен білім алып, жақсы қызмет атқарып жүрген, бірақ Тәуелсіздік алған соң қызметін тастап, бірден елге оралған зиялы қауым өкілдері де баршылық. 1994 жылы Атамекенге оралған белгілі кәсіпкер, қоғамдық жұмыстармен белсене араласып жүрген қайраткер тұлға Омарәлі Әділбекұлы – сол топтың өкілі.
Ол 1965 жылы Қытайдың Іле аймағы Тоғызтарау ауданында дүниеге келген. 1986 жылы Бейжің ұлттар университетінің тіл-әдебиет мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын сол университетте бастаған. 1992 жылы Үрімжіге оралып, Шыңжаң қоғамдық ғылым академиясының ғылыми журналының редакторы қызметіне орналасады. 1994 жылы қызметін тастап, Атамекен – Қазақстанға біржола қоныс аударды.
Осы жерде ашып айтатын бір дүние бар. Бейжің университетіне алыстағы қазақ ауылынан оқуға түсу ол кезеңде өте қиын еді. Мыңнан бір студентке әрең бұйыратын бұл мүмкіндікке ілігу қажырлы еңбектің арқасында келеді. Омарәлі Әділбекұлы сол білімге құштар топпен бірге Қытай астанасы Бейжіңге аттанады. Қытайдың әр шалғайынан келген өрімдей жастар әдебиет, тарих, философия сияқты сабақтарға дендей еніп, әлем әдебиеті мен мәдениетін зерттейді.
Өзінің айтуынша, Бейжің аударма орталығына, кейін университет кітапханасына «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы ай сайын жететін. Бейжің университетінде оқитын қазақ жастары сол басылымдарды таласа-тармаса оқып, өзге шетелдік әдебиеттермен салыстырып, басылымдардағы тарихи және мәдени мақалаларды талдап, өзара пікіралмасу дағдыға айналған. «Ол кезде «Қазақ әдебиетін» Шерхан Мұртазаның басқарып тұрған шағы. Ұлттық құндылықтар, тарихымыздың ақтаңдақ кезеңдері, ел болудың өзекті проблемалары әр сала туралы мақалаларда ақырын-ақырын қозғалып, бірте-бірте саяси мақалалар да жарық көре бастады. Ұлтты тану, ұлтты түсіну, ұлтқа қайту, ұлттық рухты сезіну... сол кезеңдегі баспасөз әр қырынан көтерген тақырыптар еді», – дейді өзі. Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Оралхан Бөкей шығармаларын, «Зар заман ақындарының» топтамаларын, Алаш орда арыстарының қилы тарихын оқып, олардың шығармалышығын өзара талдап, Қазақстанды мәдениет пен әдебиет арқылы тануға мүмкіндік алады.
Ол кездегі Бейжің Қытай бойынша саяси реформалардың орталығы болудан бөлек, әсіресе, жастардың демократиялық құндылықтармен сусындайтын түрлі бірлестіктерінің орталығы болатын.
980 жылдардың белортасынан бастап Қытайда рухани түлеу басталды. Қытайдың зиялылары Батыстың философиясын, әдебиетін, өнертану саласындағы озық ойларын аударып, кеңірек талқыға салып, өздерінікімен салыстырып, «Олар неден озды? Біз неден кеш қалдық?» деген сыңайдағы әңгімелерді ашық талқылайтын күнге жетті. Жаңадан газет-журналдар ашылып, баспалар шетел ақын-жазушыларының шығармаларын бір-бірімен бәсекелесіп аударып жатты. Демократиялық құндылық, кісілік құқық, сөз бостандығы деген ұғымдарды да Қытай астанасы мен дамыған қалаларында еркін сөз етісетін. Университетте жаңа көзқарастағы ұстаздардың беделі артып, арнайы лекциялар оқып, жастар арасында пікірталас ұйымдастырып, қызу талқы жүргізетін. Ондай кезде залға адам сыймай қалатын. Оның біразына Омарәлі Әділбекұлы да қатысқан.
Өзі бұл кезең жайында: «Айталық, сол кездегі АҚШ президенті Ричард Никсонның кітабы қытай тіліне аударылып, еркін саудаланды әрі кітап жайында алуан пікір баспасөздерде жарық көрді. Ол кітабында «2000 жылдары социалистік жүйені соғыспай жеңеміз» деген тұжырым жасап, бұл тұжырымның экономикалық-әлеуметтік және саяси мәнін кеңінен талқылайды. «Социалистік елдерде саясат алға жылжыса, экономикасы артқа кетеді. Ал экономикасы дамыса, саясаты артқа кетеді» дейді ол тағы да. Біз осы бір ойлы сөзді жаттап алып, өзара әңгімелескенде бір-бірімізге айтатынбыз. Көп өтпей Кеңес одағы ыдырады», – дейді.
Бейжіңдегі қазақ студенттерін біріктіретін ортақ әңгіме – Қазақстандағы кез келген жаңалық еді. Студенттер Желтоқсан оқиғасы туралы ақпаратты күйзеле қабылдап, естанды күй кешкендерін ұмытпайды. «Алматыда мұздай қаруланған жасақ қазақ жастарын қырып салыпты» деген жаңалықты Қытай мен шетел ақпаратынан оқыған олар біраз уақыт көңілсіз жүрген.
Кейін Желтоқсан туралы әртүрлі хабарды естіп, өздерінше қорытынды жасап, қазақ жастарының ерліктеріне тәнті болғанын жасырмайды.
Бейжіңде жүріп естіген ең қуанышты жаңалығы – Қазақстанның Тәуелсіздік алуы еді. Кешқұрым «Азаттық» радиосын тыңдап жатқан ол: «Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады» деген хабарды естиді. Бейжіңдегі жастар бір-бірінен сүйінші сұрап, «Тәуелсіздікті атап өту» үшін мейрамханаға жиналады. Бұл кезде Омарәлі Әлібекұлы Бейжің университетінің кітапханасында жұмыс істейтін. Өзінің айтуынша, сол кезден бастап Қазақстанға көшуді іштей жоспарлай бастаған. Жақын араласатын қытай достары да «Сендердің отандарың бар екен ғой» деп, таңырқасты дейді.
«Көп өтпей Қырғызстан әлем қырғыздарының құрылтайын өткізді. Одан кейін Қазақстанда дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы өтіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаев барша әлем қазақтарына арнап үндеу жариялап, алыстағы қандастарды Отанға оралуға шақырды. Сол мезетте жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» деген керемет мақаласы жарық көрді. Сол мақаланы Бейжіңде көшірмеден өткізіп, бүкіл студенттер мен қазақ зиялыларына тараттық. Осының бәрі біздің елге оралуымызға ықпал етті».
1994 жылы арманы болған Атамекеніне оралып, Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасында оқыды. Бұл кезде Бейжіңде оқыған баяғы жастар іркес-тіркес отанға оралды. Олардың бірі өз саласы бойынша жұмыс істесе, енді бірі бизнеспен айналысты. Нарықтық экономика екі өкпеден қысқан шақта кейіпкеріміздің де кәсіппен айналысуына тура келді. Бірақ қоғамдық жұмыстармен айналысудан шет қалған кезі жоқ. Шеттен келген қазақтар ашқан «Ағайын» деген журналдың (1999-2000) редакторы болды.
2017 жылы «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы болды. Бұл Қытайдағы қазақтардың басына бұлт үйіріліп, шекарада тексеру қатайып, бір отбасы екіге бөлініп қалған шақ болатын. Қытайдағы қазақтар қатаң тексеріліп, қолдарындағы паспорттары жиналып, алды саяси лагерьлерге қамалып жатты. Ұйым Қазақстандағы Қытай елшілігі мен консульдықтарына, еліміздің тиісті органдарына хат жазып, отбасы екіге бөлініп қалған жандарға көмек қолын созып, Қытайдағы зейнетақысын ала алмаған қарттар мен құжаттарын жоғалтқан, яки уақытын өткізіп алған азаматтарға тікелей көмек қолын созды. Екі ел арасындағы жағдайды даумен емес, дипломатиялық жолмен шешу керек дегенді негізгі бағдар етті әрі сол ұстанымдарынан тайқыған жоқ. Мұндай шақта дақпырт көбейіп, түрлі өсек-аяң тарағаны да шын. Біреу білмей, біреу біліп, қаралауға көшті. Бірақ ұйым мүшелері әрқашан ақпаратқа ашық болды. Өздерінің істеп жатқан істерінің дұрыс екенін жүректерімен сезді. Тыңдар құлақ болса, оларға да байыппен түсіндіруге тырысты. Үйсіз-күйсіз қалғандар мен жоқ-жітіктерге үнемі рухани тұрғыдан да, қаржылай да көмек көрсетуді ұмытқан жоқ.
Осы шақта Омарәлі Әділбекұлының сабырлы әрі «бүгіншіл емес, ертеңшіл» екені анық байқалды. Қаншама байбалам мен өсекке қарамастан, өздерінің қолынан келер істі тыңғылықты атқарды.
2022 жылы бірінші наурыздан бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы филиалының төрағасы болып қызмет етіп келеді. Алматы маңы шетелден келген қазақтардың ең көп шоғырланған жері. Сондықтан да филиал кеңсесіне әртүрлі жағдайын айтып келетіндердің қатары мол. Олардың бәріне жол көрсетіп, тиісті мекемелерге хат жазып, көмектесуден еш жалыққан емес.
Әу баста айтқанымыздай, Омарәлі Әділбекұлы – әдебиетші. Ол жастайынан өлең жазды. Студент кезінде жазған әңгімелері Қытайдағы қазақтар шығарған мерзімді басылымдарда жарық көрді. Ғылыми мақалалары да көптің көңілінен шықты. Елге оралған соң да бұл саладан алыс кеткен жоқ. Қазір «Замана тынысы», «Ғасыр көші» атты екі публицистикалық-сараптамалық, зерттеу кітабы мен «Көкбұлақтың суы» атты әңгімелер жинағы баспадан шығуға дайын тұр. Мақалаларының дені 2014 жылдан бері қарай жазылыпты. Соның көбі көші-қон саясатына байланысты екен.
Еліміздегі іргелі басылымдарды қалт жібермей оқып, әлемдік ақпаратпен салыстыра отырып талдайды. Қашан көрсеңіз де, әлемдік саясаттың беталысын бағамдап, болашаққа болжам жасап отырады. Қазақстанның дамуы – тұрақтылық пен тәртіп екенін, біздің географиялық орналасуымыз тиімді пайдалана алсақ, өте қолайлы жағдайда тұрғанын айтады. «Жалаң патриот болу оңай, шын мемлекетшіл болу қиын» дегенді де жиі сөз етеді әрі оған нақты мысалдар келтіреді.
Бір кездері елдің мақтанышына айналған, жалпы халықтың қолдауына ие болған саясаткерлердің шынайы өміріне үңілсеңіз, көптеген түйткілді мәселе барын айтып, керісінше, өз кезінде белгілі бір топтардың кесірінен жеккөрінішті болғандардың ақиқатында шын мемлекетшіл екенін тарихи деректермен, өзі оқыған тұлғалардың өмірімен сабақтап түсіндіреді. Кейде кішкентай елдердің үлкен комплексі болатынын, біздің халқымызда да сол аурудың басым екенін ашына айтатыны бар. Ол айналасынан дұшпан іздеу, бос сөзге бейім болу, өзі ештеңе істеместен, істегендердің ісіне қашанда күдікпен қарау, өзгелерден өз елін төмен санау, әлемдік саясатты ауылдық саясатпен шатастыру секілді дерт-дербездердің көптігі біздің өзімізді «кішкене халық» сезінетімізде, шын мәнінде қазіргі қазақ саны жағынан да, сапа жағынан да ол белестен өткен халық. Бірақ «комплексінен арылмаған» адамдардың көптігі өзіміздің «үлкен халық» екенімізді сезіне алмауымызға кедергі жасап келеді деген сыңайдағы байламдарын айтады.
Көп оқыған, көп ізденген, білімге құштар Омарәлі Әділбекұлы – елдің шын патриоты десек, қателеспейміз.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ