дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Ұлтын сүйген ұлы жүрек

/
Сол заманның басты ерекшелігі – ой-са­наны құрсаулаған қатал идеологияның үстем­дігі. Кез келген тақырыпқа арналған диссертациялар орысша жазылу керек, көне, ескі тарихымызды зерттеу былай тұрсын, ауызға алуға да болмайды, арыстарымыздың атын атау ең зор қылмыс болып есептеледі... Қысқасы, айнала кеңселік өмір орысша, тек жалғыз-ақ, академия ішіндегі екі тіл және әде­биет институты, ішіне кірсең, ауылға бар­ғандай керемет әсерде боласың.

Мазмұны

    1977 жылдың көктемі. Қарағандыда университет бітіріп, Алматыға ғалым боламын деп тарттым. Кеудеме нан піскен жастық кез ғой, Әдебиет, тарих, тіл, философия институттарын, бірнеше университетті шетінен аралап шықтым. Біреуінің де жолататын түрі жоқ... Амал нешік, жазушылар одағында Олжас Сүлейменовты тауып алып: «Диплом жұмысым сіздің шығармашы­лығыңызға арналған. Маған аспирантураға түсуге көмектесіңіз» деп қолқа салдым. 


    Дұрысы, ол кезде тілімде «сіз» деген сөз де жоқ екен, тек «сен» ғана. Оған кейін, келесі жылы, бір кездесуімде маған Ол­жастың айтқанынан қазір соны еске тү­сіріп, көзім жетіп отыр: «Ерден, саған бір өті­­нішім бар. Маған Әнуар мен Мұхтардың кө­зінше «сен» демей, «сіз» деп сөйле, келістік пе?» Ұлы адамның ақжарқын қарапайым­ды­лығынан айналайын, Олжас мені кабинетіне ер­тіп, бір парақ қағазға сия қаламымен жаз­ды: «Құрметті Ісмеке! Сізді академия құрыл­тай­шысы, ұлттық тіл білімінің негізін қала­ған ірі қайраткер ретінде танимын әрі сый­­­­­лаймын. Тойыңыз құтты болсын! Бір бұйым­тайым бар: осы хатты сізге берген жі­гітті аспирантураға қабылдауыңызды сұ­рай­мын. Олжас Сүлейменов». 
    Жазғанын қолыма ұстатып: «Осы жұма кү­ні академияда жиналыс болады. Сол жерге ба­рып Ісмет Кеңесбаевқа табыста. Сені оқуыңа қабылдайды. Алайда институтта ме­нің адамым деп жақтырмайды. Басқасы өзіңе байланысты». 
    Жұма күні барсам, ең үлкен академия за­лы адамдарға лық толы. Ісмет Кеңес­бай­ұлы­ның мүшел тойына арналған салтанатты іс-шара екен. «Кеңесбаев қайсысы?» деген сұрауыма: «Анау, мәжіліс президиумында, ең ортада отырған ақ шашты ақсақал» деді. Үс­тімде «модный» жыртық джинсы, шашым иы­ғыма түскен, кең залды кесіп өтіп, мәжіліс төріне көтеріліп шығып, академик қо­лына қағазды ұстаттым. Біреу мінберде сөз сөйлеп жатыр, мен жауабын күтіп, қақшиып Ісмет Кеңесбайұлы алдында тұрмын. Академик басын қағаздан көтеріп: «Сен Олжастың ба­ла­сысың ба?» деп сұрады. «Жоқ, досымын» деп жауап бердім. «Дүйсенбі институтқа кел» деді. Мен де: «Жарайды» деп, тая бердім. Бірін­ші күні жұмыс орнына барсам, зейнет­керлікке шығумен жалғасатын кезекті дема­лыс алыпты. Алайда орнында отырған ала­са­лау бойлы, жүзі жылы кісі, орынбасары ме­ні күтіп отыр екен: «Құжаттарыңды қал­ды­рып, елге қайта бер. Шақырту жібереміз» деді... Жарты жылдан кейін, желтоқсан айында, телеграмма келіп түсті...
    Осылай Олжекең беделінің арқасында Қа­зақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі инс­ти­тутының аспирантурасына іліктім. Ғы­лы­ми жетекшім – Әбдуәлі Туғанбайұлы Қай­да­ров, директор орынбасары, ғылым докторы, профессор. Сол кездегі академия мүшелері – Ісмет Кеңесбаев, Ахмеди Ысқақов, Ғай­нетдін Мұсабаев, Мәулен Балақаев. Ғылым докторлары, Әбекеңді айттық, Шора Сары­баев, Нұржамал Оралбаева, Рәбиға Сыз­дық, Аққал Қалыбаева, Қожахмет Сәдуа­қа­сов, Телқожа Жанұзақов, Әсет Болғанбаев, Тұғы­лық­жан Тәліпов, Әбжан Құрышжанов, Ғұбай­дол­ла Айдаров, Қайырболат Есенов, ғылым кан­дидаттары Өмірзақ Айтбаев, Көбей Хұ­сайынов, Есет Жұбанов, ƏӘлімхан Жүнісбек, Асқар Жұбанов, Байынқол Қалиев, Құлмат Өміралиев, Адай Есенғұлов, Садырбек Та­ту­баев, Жұбаныш Аралбаев, Оқас Нақыс­бе­ков, Айтым Әбдірахманов, Әрсен Ибатов... Ат­тарын әдейі, тізбектеп, атап айтып отырмын. Өйткені бүгін бұл есімдердің баршасы – ел мақтанышы, әрқайсысы бір мектеп, бір ғылым саласының іргесін бекіткен, кейін ғы­лым докторы, профессор, академик, ме­кеме басшысы, директор, ректор болған ғұ­­­лама ғалымдарымыз. 
    Сол заманның басты ерекшелігі – ой-са­наны құрсаулаған қатал идеологияның үстем­дігі. Кез келген тақырыпқа арналған диссертациялар орысша жазылу керек, көне, ескі тарихымызды зерттеу былай тұрсын, ауызға алуға да болмайды, арыстарымыздың атын атау ең зор қылмыс болып есептеледі... Қысқасы, айнала кеңселік өмір орысша, тек жалғыз-ақ, академия ішіндегі екі тіл және әде­биет институты, ішіне кірсең, ауылға бар­ғандай керемет әсерде боласың. Сыпайы, кіші­пейіл, жүзі ашық ағай мен апайлар, жақын туыс жандар, ниеттес ағайын сияқты қаланың қақ ортасындағы туған ауылыңдай ыстық бір дүние. Осындай ғажап қасиеті мені қатты толқытты. 
    Мен – қарағандылықпын. Бірінші сынып­тан бастап, бастауыш мектепте, әлі есімде, бірін­ші қыркүйекте мектепке барғанда мені қор­шаған балалар маған қарап ішек-сілесі қатып күлетін. Әкеміз жазда біздерді ауылға апарып тастайтын. Сол ауылда да дәл осын­дай жағдай қайталанатын. Жүгіріп шығып, көрші балалармен ойнай бастасам, айнала қара домалақтар күлкісін тия алмайтын. Кейін түсіндім. Тілі орыс мектепте қазақша сөйлеп, ауыл балаларын, керісінше, орысша шүлдірлеп таңғалдырады екенбіз. Ауылда тез орыс­шамызды ұмытып, қазақшаға көшеміз. Мек­тепке барып орыстармен қайтадан қазақ­ша тілдесе бастаймыз. Кейін түсіндік, қала мен ауыл жер мен көктей екен және ең бас­ты айырмашылығы тілі ғана емес – өмірге, адамға, қоғамға көзқарасында. Қала тұруға мәжбүр, суықтау, ресмилеу, бөтендеу бір жер сияқты көрінетін, ауыл мүлде басқа дү­ние, жаныңның рахаты, адамдары ақжар­қын, бәрі сені күтіп, сағынып отырғандай. Институт ауылымды елестетті... 
    Бірақ жаманы, жұмыста таңдау жоқ. Пар­тия нұсқағанынан ауытқуға болмайды. Жіпке тізілген моншақтай тәртіп, көнгіштік, амал нешіктік, компартия құрылтайларының шешімдерін орындау, мектеп табалдыры­ғын­да октябрят-пионер болғандай, кейін, ком­сомолға кіру, одан кейін коммунист болу­ға даярлану сықылды бейтаныс біреу­лер­дің әр адамға сызып қойған «сара жолы», өз­гермейтін мақсаты, дара мұраты – жоға­ры­дан түскен бұйрықтарды орындаумен ғана шектелетін. Тыйым көп, білдірмей тіміс­кілеп аңду жетерлік, домалақ арыз көп, қыс­қасы, қол байлау мәселелер аяққа тұсау кез... 
    Басқасын былай қойғанда, осындай сая­сат ғылымды қатты уландырып, тарихи әді­­­­­леттілікті, ақиқатты тұмшалап, саналы азаматтардың еңсесін басып, ерік-жігерін құм қылатын. Дегенмен байқағаным, ға­лым­дар арасында санаулы-ақ болса да, ұдайы әділетсіздікке қарсы тұра білген және өмір бойы өз принциптеріне адал болған жарқын тұлғалар болды. Біздің институтымызда сондай адамның бірі әрі бірегейі – Шора Шамғалиұлы Сарыбаев еді. Кейін бертінде білдік, әкесі Шамғали ақсақал Ахмет Байтұр­сынұлымен үзеңгілес, ғұлама ғалым, ағарту­шы, ұстаз, ірі мемлекет және қоғам қайрат­кері болғанын. 
    Шөкеңді үлкендер де, жастар да жақ­сы көретін. Шора ағайдың той до­малақтарда бір аяғының ақсақтығын ше­бер қолдана билегені айнала жұрттың көңі­лін көтеріп, мәз-мейрам қылатын, қазақша, татарша, орысша, өзбекше әзіл айтып, ән сал­ғанда, сүйсініп тыңдаған біздердің көңі­ліміз демалып қалатын. Шөкеңнің әр сөзі нақыл, ойнап айтса да, терең мазмұнға ие еді. Шора ағайдың қазақ тіл ғылымына қосқан үлесін сипаттаудың өзі көп уақыт алатын іс. Лексикография, түркология, ал­таис­тика – қазақ-монғол тілдік байланыс­тары, елтану, биобиблиография, нұсқатану, терминология, тіл мәдениеті, филателия, мәтінтану, мұрағат ісі, тұлғатану, диалек­тология, деректану, аударма – Шора Шамға­лиұлы іргесін қаласқан ұлттық тіл білімінің салаларын, бағыттарын осылай жалғастыра беруге және әр тақырып бойынша сағаттап сөй­леуге болады. Академик Шора Сары­баевтың ғылыми мұрасын зерттеп, жүйелеп, насихаттауды болашақ өскелең ұрпақ еншісіне қалдырайық. Шөкең арманы, өзіне-өзі қойған өмірлік жоғары миссиясы, мұра­ты, соңғы демі біткенше еңбектеніп, адал «ар­лы адам ісі», бәрі – халқына қызмет етуді, жастардың көкірек көзін ашуды, ұлттық ғы­лымды дамыту мен құнды ойларын келе­шекке аманаттау мақсатына бағынған еді. 
    Бір нақты мысал келтірейін. Мәскеу дө­кей­лерінің «қолдан жасалған эсперанто сы­мақ, немесе тар жерде қамалып қалған Аф­рика, Оңтүстік Америка тайпаларында ға­на диалект болмауы мүмкін, сондықтан қазақ тілшілерінің «бізде диалект жоқ» деп жүргені шындыққа ұласпайды» деген қатаң ұста­н­ымына қарсы, Шөкең өзіне ғана тән шеберлікпен дәл осы проблемаға докторлық диссертациясын арнап, айды аспанға бірақ шығарғандай, бір оқпен екі қоянды атып түсіреді. Әрі қазақ тілінде диалект жоқ еке­нін дәлелдейді, әрі диалектология ғылы­мы­ның бар екенін көрсетеді. Қазақтың диалек­то­логиясының бастау қайнары – өңірлік лек­сикография деп түйеді. Яғни, бұрын-соңды түркологияда сөз болмаған ареалдық тіл білімінің іргесін қалап, тілдік дамуының орталықтан шетке қарай жайылу заңына сәйкес әрі қазақ тілінің толқындық карт­а­сын, әрі түрік тілдері әлеміндегі қазақ тілі­нің алар байырғы және бастапқы орнын си­паттайды. Өстіп, «диалект болмаса, диа­лек­тология пәні де болуы мүмкін емес» деген клас­сикалық үнді-еуропалық қағидаты дала­да қалып, қазақ тілінің қайталанбас болмысы, ешкімге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі ғылыми тұрғыдан дәлелденіп, жан-жақты негіздемесін табады. 
    Жоғарыда Шөкеңді жастар ерекше жа­қын көргенін айттым. Бір күні, аспирантурада оқып жүрген кезімде, өте ерте таң сәріде, әуе­жайдан орталықтағы бір троллейбус аялдамасына жетіп, көлігімді күтіп тұрсам, ақырын ақ­саң­дап, Шора ағай келе жатыр екен: 
    – Ерден, айналайын, бұл не жүріс таң ата?
     – Шора Шамғалиұлы, амансыз ба? Ауыл­дан келе жатырмын, жатақханама жетіп алайын деп троллейбус күтіп тұрмын. 
    – Бәрекелді, Ерден. Олай болса, міне, үйім, кел, жеңгең берген шайын ішіп қайта­сың. 
    Жастарға асқар таудай көрінетін ғұлама ға­лымның үйіне шақырғаны мені қатты сас­тырып, не істерімді білмей қалдым: «Рах­мет, Шөке, ерте ғой әлі... Сосын жатағыма жетіп қалуым керек. Таңертең жиналыс бар еді»... 
    – Ештеңе жоқ. Үйде бәрі даяр. Ет жеп кете­сің. Міне, менің үйім жақын жерде, – деп, қо­лымен Абылай хан даңғылындағы (ол кезде Ком­мунист проспекті) бір жақын тұр­ған үйді сіл­теді. Абдыраңқырап қалған мен, не айта­рым­ды білмей: «Рахмет, рахмет» деп тұрмын. 
    – Сендердей жастарға көбірек қазы-қар­та жеу керек. Мына мен қазір етті көп 
    жей алмаймын. Кел, шай ішіп, ет жеп қай­тасың. 
    Тілім күрмеліңкіреп, таңғы шапақта не істерімді білмей тұрғанымда, Шора ағайдың көзінен өзіне жарасатын әзіл-қалжың ұшқы­ны жарқ етіп: «Олай болса, жарайды, Ерден. Мы­на сені мен бір емес, үш рет үйге шақыр­дым. Осыны есіңде сақта мықтап. Ендігі кезек – сенде екенін ұмытпа!» – дегенде, көңі­­лім жадырап, иығымнан ауыр жүк түс­кендей болды. Түсінген адамға таутұлға ұс­таз ғалым­ның осындай жайдары әзіл сөзі – қолын жайып берген ақ батасынан кем емес қой. 
    Жалпы, Шөкең әзілмен шешімі өте күр­делі, мазмұны терең мәселелерді реттей са­ла­тын әдеті бар еді. 
    Тағы бір мысал. Жетпісінші жылдардың ая­ғы, сексенінші жылдардың басы. Бізге Ма­жарстаннан қыпшақ текті венгр ғалымы Ишт­ван Қоңыр келе бастаған кез. Үлкен ға­лым­дарымыз, зия­лы­ларымыз, былайша айтқанда, ел ағаларымыз Қоңырдан іргесін аулақ ұстауға тырысады, кезде­су­ден, жа­қын­дасудан қашады, тіпті, басым көп­шілігі оған кедергі жасауға дайын тұрды десем, қате­леспеймін. Себебі де анық. Кәкең жүрген же­рін­де ауы­зынан біздің асыл арыс­тары­­мыз­дың атын тастамайды, әрі айнала орыс­ша ортада әдейі, қыр­сыққандай, тек қана таза қазақ тілінде сөйлейді. Мұның бәрі сол за­мандағы саясатқа ке­­­­реғар. Сондықтан соңы­нан үнемі аңдушы еріп жүреді... Бір күні Қоңыр: «Ерден, Шора Шам­ғалиұлы ағаймен мені көрістірші, Айшамен бірге барып, амандассақ дейміз» деді. Телефон шалсам, Шө­кең маған бірден: «Жақсы, келіс­тік, Ерден. Ертең түсте күтемін» деп жауап берді. Қатты таң­ғалдым. Қазіргі адамдарға түсіну қиын, алай­да осылай, әп-сәтте, ешкім­мен «ақыл­дас­пай», рұқсат сұрамай, «халық жауы» сана­тына енгізілгендей болып жүрген шетел азаматын құшақ жая қабылдаймын дей салу, сөзсіз, анық ержүректің әрекеті... Бардық. Ба­сында, жағдайдың бәрін жақсы түсінетін Қоңыр, «зияным тиіп кетпесін» деген адал ниетпен, әдеттегідей, абайлап, сақтықпен сөйлеп отырды. Шөкең, көзін сығырайта: «Айналайын, Қоңыр. Мына үйдегі жеңгеңнің аты – Қымбат. Сенің бір артықшылығыңды айтайын ба? Келін есімі Айша ғой. Оған «Айеке, Айеке» дегенің қандай жарасымды – деп, қонаққа қарап қойды. – Ал мен жеңгеңе: «Қықа, Қықа» десем, маған: «әй, қойшы!» деп, өкпелейді» деп бірден бүкіл отырысымызды ресмиліктен, бөтендіктен, жатсынудан, жатырқаушылықтан ада қылды. Шөкең мен Қоңыр күлісіп алып, әке мен ұл, ұстаз бен шәкірттей еркін, жақын шүйіркелесе әңгіме-дүкен құрып, ағалы-інідей болып араласып кетті. Екеуі сосын Шора Шамғалиұлының кабинетіне кіріп, оңашаланып, көп сөйлесті және кейін бір-бірімен байланысын үзбеді... 
    Қазір түсініп отырмыз, Шора Сарыбаев­тың бүкіл саналы ғұмыры алпауыт отаршы саясатқа қарсылық, бөгде идеологиялық ба­ғытқа бағынбай жүру, соғысу, көнбеу, той­тарыс беру екенін... 
    Сол ызғарлы сексенінші жылдардың ба­сы. Ең үлкен республикалық Ленин са­райында КСРО Компартия басшысы Леонид Брежневтің өзі келіп, сөз сөйлейді екен. Қа­зақстанның Ресейге өз еркімен қосылға­нына 250 жыл толуын ең жоғары деңгейде тойлаудың салтанатты рәсімі. Мен ғалым хатшымын, Шөкең директор орынбасары. Таңертең бәріміз бір адамдай институтқа жиналып, теледидар мен радиодан көсем сөзін тыңдауымыз қажет. Бұйрық осындай. Дирекция селекторы арқылы әр бөліммен сөйлесу мүмкіндігі бар. Әлі есімде... Қондыр­ғы­ны тарс-тарс қосып, директор орынбасары институттың бүкіл ұжымымен тікелей бай­ланыс орнатты. Саңқылдаған дауысы айқын естілді: «Құрметті институт ұжымы, ханым­дар мен мырзалар! Бүгін түйенің ақ қарны жарылған күн – Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғанына 250 жыл. Сондықтан ересектерге жұмыстан босай сала 250 грам­нан ақ шайдан тартып жіберуге рұқсат бере­міз. Алайда ұйғырларға ондай рұқсат беріл­мейді. Олардың Ресейге өз еркімен қосыл­ғанына 50-ақ жыл толыпты. Бірақ олар қу, жөнін біледі ғой, біз үшін де, өздері үшін де тартып жібереді, білем... Айтпақшы, менің үйімде де шағын мейрам бар – әйелімнің маған өз еркімен қосылғанына 25 жыл болып­ты... Амандықта бастарымыз қосыла берсін!» Селектор нүктелері тарс-тарс басы­лып, байланыс ағытыла бастады. Жарылған бомбаның әсерінен кем емес, бәріміздің кө­кейіміздегі жанайғайды, шыңғырған шын­дықты, ащы ақиқатты алдымызға жайып тас­таған сөздер бәрімізді есеңгіретіп таста­ған­дай, тым-тырыс тыныштық орнады... 
    Ертесі-ақ директормен қоса, Шөкеңді үлкен үйге шақырды. Ашулы бастық ең қатаң жазалау әдісіне басып: «Партбиле­тіңізді тапсырыңыз!» деп ақырғанына міз бақ­пастан Шора ағай: «Тапсырмаймын» – деп жауап береді. «Тапсырасыз!» деп айғайла­ған әкім-қара көзіне жымия қарап, ерегесіп, отырып алған Шөкеңе институт директоры әбдуәли Қайдаров ағамыз араша түсіп: «Бұл кісі коммунист емес» дегені анау бастықты, тіпті, өлтіре жаздады... Сыр бере бастаған жүрегін ұстап: «Қалайша? Кім бекітті? Қалай қойды?» дей беруге ғана шамасы жеткен басекеңе шұғыл медициналық жәрдем ша­қыруға тура келді... Шынтуайтында, акаде­миялық ғылыми-зерттеу институтының ди­ректор орынбасары лауазымына комму­нист емес адамды қою – өрескел заң бұзу­шылық еді сол заманда, тіпті, мүмкін емес жағдай. Шора Шамғалиұлының ғылымдағы бе­делі мен ел арасындағы абыройының ар­қа­сында «бұл кісінің коммунист болмауы мүм­кін емес деп», байқамай, қалыптасқан рә­сімдерді аттай, бекітіп жібергені әшкере­лен­ді. Ең қызығы, Шора ағайдың, біле тұра, әдейі партияға кіруден бас тартқаны белгілі бол­ды. Ұлтымыздың аяулы азаматы ата жауы­мыздың құрған тұзағына ілінбей, әкесі Шам­ғалидың, алаш арыстарының ғибратты өне­гесін жалғастыруды, киелі аманатын орын­дауды, мұрасын насихаттауды, зерт­теуді өзіне өмірлік парыз санап, күш-жігерін, ғұмырын тек осы мақсатқа жұмсаған еді... 
    Академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев туралы қанша жазсақ та, аздық етеді. Сары­баевтану ғылымын болашақ нәсіл, шәкірт-ізбасарлары қолға алады деп үміттенеміз. Қиын-қыстау заманда, кеңестік-тотали­тар­лық идеология қылышынан қан тамып тұр­ған шақта тілді сақтау, зерттеу, дамыту мен өркен­дету жолында бүкіл өмірін сарп еткен тұл­ғаның әр қадамы – аңызға айналған ұлт­тық тари­хымыздың жарқын белестері, отаншыл­дық тәрбие мен елжандылық ру­хының ірге­тасы, мемлекеттілігімізді баянды ететін құнды баға жетпес қазына, мұрамыз екені бұлтартпас ақиқат. 

    Ерден ҚАЖЫБЕК, 
    ҰҒА академигі

    Бөлісу: