Мазмұны
Елімізде алаяқтарға алданғандар саны күн санап артып келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, алаяқтықтың ең көп тараған түрлерінің бірі – телефон арқылы (34,2 пайыз) жасалатын және интернет-алаяқтық (32,7 пайыз). Қаржы сауаты жайлы сауалнаманың нәтижесіне сүйенсек, респонденттердің жартысынан көбі қаржылық алаяқтықпен таныс – 55,8 пайыз. Көбіне бұл телефон арқылы жасалатын алаяқтық – «вишинг» (34,2 пайыз) және интернет-алаяқтық – «фишинг» (32,7 пайыз). Сауалнамаға қатысқандардың 21,6 пайызы қаржы пирамидасы ұйымдастырған алаяқтыққа куә болған, ал 11,5 пайызы төлем карталары бойынша алаяқтыққа тап болған.
Деректерге сүйенсек, алаяқтардың айла-амалдарына көбіне аға буын өкілдері түсіп қалады екен. Өйткені сауалнамаға қатысқандардың 50,7 пайыз (63+) алаяқтық пиғылды ажырата алмаған. Сондай-ақ алаяқтарға ерлерге (42,6 пайыз) қарағанда әйелдер (45,3 пайыз) көбірек сеніп қалады екен. Қазақстандықтар өткен жылы қаржы пирамидаларына 20 млрд теңге ақша құйған. Оның тек 13 млрд теңгесі қайтарылған. Қаржы мониторинг агенттігі қаржы пирамидалары бойынша 68 қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Осы деректер негізінде бюджетке 20 млрд теңгеден аса шығын келген.
ҚМА жыл басынан бері қаржы пирамидасының белгісі бар 10,5 мыңнан аса сайт сілтемесін бұғаттаған. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға және өз ақшаларын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.
Жалпы, биыл жыл басынан бері ғаламтор желісінде 47 қаржы пирамидасы анықталды. Оларға қатысты әлеуметтік желілерде 300-ге жуық чат жабылған. Шамамен 2 миллионға жуық қатысушы – әлеуетті салымшылар болған, делінген агенттік таратқан хабарламада.
Қаржы пирамидаларынан аулақ болу туралы қанша ескертілсе де халық аз уақытта көп ақша табу туралы ойдан арыла алмай отыр. Осы аптада 12,4 млрд теңге пайда тапқан Asar Baspana қаржы пирамидасының жұмысы жаңалықтарда қызу талқыланды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қаржы пирамидасы тұтынушылық кооператив ретінде жасырынып жұмыс істеген.
Тергеу барысында Н.Туғанбаев бастаған пирамида ұйымдастырушылары 86 мыңнан астам азаматтан 12,4 млрд теңге ақша алған, есесіне ай сайын 30 пайызға дейін табыс уәде еткен. Ал шын мәнінде, нақты бизнес болмаған, төлемдер жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде, Туғанбаев пен оның серіктестері 3,8 млрд теңге қаражатты заңсыз иеленген.
– Күдіктілер салымшыларды адастырып, Алматы қаласында құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехы мен тұрмыстық және медициналық техника зауыты жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген. Шындығында, өнімдер үшінші тарап жеткізушілерінен сатып алынып, Asar Baspana логотипімен таңбаланған.
2024 жылы желтоқсан айынан бастап пирамидаға сенім азая бастаған кезде, ұйымдастырушылар автосалон ашып, ресми дилерлермен әріптестік орнаттық деген жалған ақпарат таратқан. Шын мәнінде, автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, Туғанбаевтың туыстарына рәсімделген.
Қаржы пирамидасын әшкере қылатын жағдайлар туындаған тұста, 8 ақпан күні Н.Туғанбаев Asar Baspana сайтын техникалық режимге ауыстырған. Бұл қылмыстық әрекетті жасыру мақсатында жасалған. Алайда тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді.
– Тергеу барысында серверлік деректер қалпына келтірілді. Сайт деректеріне сәйкес, Gold деңгейіне жеткен 15,5 мың салымшының тек біреуіне ғана пәтер берілген. Platina бағдарламасы бойынша 15 мың үміткердің арасынан тек бір салымшыға ғана көлік берілген, деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.
Еске салайық, 2025 жылғы 9 ақпанда 49 кеңседе және күдіктінің тұрғылықты жерінде 81 тінту жүргізілді. Оның нәтижесінде 1,1 млрд теңге, Toyota Land Cruiser 300 және Lexus 570 сияқты 10 премиум-класстағы автокөліктер тәркіленді, олар Туғанбаев пен оның жақындарына рәсімделген.
Сонымен қатар Ақтау қаласында Н.Туғанбаевтың бауырының үйінен кооперативтің есепшоттарында болуға тиіс 945 млн теңге қолма-қол ақша табылды. 1,2 млрд теңгеден астам сомаға шоттар бұғатталып, тыйым салынған.
Бүгінде Н.Туғанбаев пен Н.Байтасовқа қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдаған болатын. Кездесу барысында төраға өткен жылы 42 қаржы пирамидасы жойылып, алаяқтық схемаларды жарнамалайтын 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт бұғатталғанын, мессенджерлердегі 327 чат жабылғанын мәлімдеген. Осылайша, 2 миллионнан астам азаматтың қаржылай шығынға ұшырауына жол берілмеген.
Психологтардың айтуынша, алаяқтарға көп жағдайда «ішкі мені әлсіз адам ұрынады» екен. Оңай жолмен ақша тапқысы келген адамды қаржы пирамидасының құжатынан бұрын уәде еткен ақшасы қызықтырары анық. Сондай-ақ баланы жастайынан еңбек етуге, ізденуге, оқу-білімге тәрбиелемеудің соңы да «құрбан» болуға әкеледі. Сонымен қатар адамдардың жақсы өмір сүруге ынтасы да алаяқтарға алдануға себеп болып отыр. Мамандар адам отбасындағы барлық проблеманы ақшамен шешіп, қоғамда орны бар адамға айналғысы келетіндіктен де осындай қадамға барады дейді.
А.БИМЕНДІ