сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Айгүл Үлкенбаева: Бұрын қазіргідей тамыр-таныстыққа жол берілмейтін...

/
Музыкант адам өзін үздіксіз дамытып, үнемі шеберлігін күшейте беруі қа­жет. Ол үшін түрлі ізденістерге барғаны жөн. Біз де кезінде солай жасадық. Мәселен, қазір­де сән болып жүрген күйді эстрадалық әр­леу­мен орындау дегенді осыдан 30 жыл әріде бастағанбыз.

Мазмұны

    Қазақстанның Халық әртісі, дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаеваның өмір жолы халықтың көз алдында. Күй өнерін заманға бейімдеп, өзіндік жаңа мәнер қалыптастырған, үнемі ізденісте жүретін күйшімен әңгімелескен едік. 

    Біздің үйге Сәбит Мұқанов келген

    Әкем о баста медицина саласында бі­лім алған, анам екеуі медучилищеде оқып жүріп танысып, отбасын құрған. Ол за­манда ауылда тұрған адамдар ауыл­ шаруа­шы­лығы саласында жоғары білім алуға тал­пынған ғой, әкеміздің кейін мал дәрігерлік инс­титуты оқуына сол жағдай себеп болған бол­са керек. Солай да болса жас кезінен өне­рі­мен көзге түскен. Алған білімі бойынша ден­саулық сақтау саласында еңбек ете жүріп, комсомолдың жұмысына араласқан. 

    Ауыл өнердің қайнап тұрған қазаны ғой, біз де сол ортада өстік. Ол кезде ауылдағы мек­тепте көркемөнерпаздар үйірмесіне ба­ра­тын талантты, әдебиет пен өнерге қы­зығатын оқушылар мейрам сайын өткі­зі­летін әдеби-музыкалық концертке қатысып, өне­рін көрсетіп жататын. Жастар пьеса қоя­ды, мектеп оқушыларының оркестрі күй тар­тып, біреу ән салып, біреу өлең оқып жа­тады. Міне, осылардың бәріне әкем бас­шы­лық жасап, ұйымдастырып, дайындап жүре­тін. Өзі де спектакльдерде басты кейіпкер­лер­дің образын сомдайтын. 
    Бала кезден қызығып, қолымызға ұста­ған дүниеміз – домбыра. Мектебімізде «Бал­дыр­ғандар» деген оркестрі болды, оған тө­менгі сыныптың оқушыларынан бастап қа­тысатын, оның құрамында болу бәріне мәр­тебе еді. «Балдырғандар» оркестріне о бас­та бізбен көрші тұратын Шәмшидин Шә­рі­пов деген атамыз жетекшілік жасаған, кейін оны әкемізге тапсырған. Сол кезден бас­тап күй тартуға құлшынып, күйді ор­кестр­ге бармай тұрып үйреніп алатын едім. Жұрт­пен қатар отырып үйренуге намыс­та­на­мын ба, білмеймін. Сөйтіп, әкемнің бүкіл ре­пертуарын игеріп алғаннан кейін, күй­лер­ді пластинкадан тыңдап үйренуге көштім. 
    Ауылға гастрольмен келген бүкіл өнер­паз, ел аралап жүрген ақын-жазушылардың бә­рі біздің үйге соқпай кетпейтін. Олардың ішін­де Сәбит Мұқанов, Сәкен Жүнісов, Ха­мит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев секілді белгілі қа­ламгерлер болды. Солардың кітаптарына қол­таңба жаздырып алу менің кішкентай ке­зімдегі хоббиім еді. Сосын, менің сахнам да сол кісілердің алды болатын. Үйге сондай бел­гілі адамдар келгенде әкем: «қызым, ойын­ға кетіп қалма, қазір сені шақырам, қо­нақтарға күй тартып бересің» дейтін. Сөй­тіп, мен қонақтарға домбыра тартып бермей, боса­майтынмын. 
    Қатарластарымның бәрі дерлік домбыра тар­­татын, бәріміз жарысып күй орындай­тын­­быз, сонда өзгеден шеберлігіміз олқы тү­сіп жатса, намыстанып, қашан анадай қы­лып тартамын деп, өз-өзімізді қамшылап өстік. 
    Үйде үлкен інімнен басқасының бәрі мек­теп кезінен домбыра тартып өсті, кіші інім ұрмалы аспаптар мамандығы бойынша консерваторияны бітірді. Бірақ музыка оның хоббиі болып қалса да, Атырауда музыкант дос­тары бар, солармен топ болып бірге жү­реді. Мұнай саласында еңбек етеді. Мектепте жүріп түрлі аспаптарда ойнауды өз бетінше үйреніп алған. Домбыраны жақсы тартады, тіпті менің репертуарымдағы күйлерді түгел біледі десем артық болмас. Күйдің бәрін құлақпен қағып алған, мен болып күй тар­тып, әзілдейді. Өзгелері басқа салаға кетті, кәсіби музыка жолында мен ғана жүрмін. 

    Қаршыға Ахмедияров Алматыда оқысын деді

    Ол кезде музыкалық оқу орындары­ның қызметкерлерінен құралған ко­миссия ел аралап конкурс өткізіп, жас ба­ла­лардың өнерін көріп, қабілеттілерін оқу­ға шақыратын дәстүр бар еді. Мен де со­лар­дың көзіне түсіп, білім алуға ша­қыр­ға­ны­мен ата-анам әлі кішкентай деп, оқуға жібермеді. Өзім де бұрын көрмеген ортаға баруға құлшына қоймадым. Содан кейін, біз 8-сыныпта оқып жүргенде ауылға Қаршыға Ахмедияров аға келді, жанында Құрманғазы оркестрінде істеген Владимир Каравасилиди деген концертмейстер кісі және елге таны­мал әнші Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз бар. Оларды, әрине, әкем үйге шақырды. Қаршыға аға үйге бұрын да келіп жүрді ғой, менің домбырашылық қабілетімді біледі. Сол жолы әкеме «Айгүл 8-сыныпты бітіріп жатыр екен, болашағы бар, енді оны Алматыға музыкалық училищеге жіберу керек» деді. Ауылдас, әкем­мен сыйлас Фатих Маштақов деген кісінің Салтанат деген мықты домбырашы қызы бар еді, екеуміз кішкентай кезімізден бірге өстік. Әкем Фатих ағайға хабарласып, «Айгүл мен Салтанатты Алматыға бірге жіберейік» деген соң екеумізді П.Чайковский атындағы Алма­ты музыкалық училищесіне жіберді. 
    Әкемді аудандық мәдениет басқармасына ша­қыртқан соң, біз ауылдан Махамбет ау­да­нының орталығына көшіп кеп, 7-8-сыныпты сонда оқыдым. Сол жердегі музыка мекте­бі­нің директоры мені шақырған, «мектепке кел, нотамен шертіп үйренесің» деп. Мен ол кезде ауылда алған білімімнің мықты екенін дәлелдеуім керек деп сабаққа қатты көңіл бөліп жүрген кезім. 1-сыныптан бастап озат оқу­шы атанып, мына жақта да сол деңгейден кө­рінуді мақсат тұтып жүргендіктен күй­лерді онсыз да білем ғой деп, музыка мек­те­бі­не бармадым. Аудан орталығында мектеп – аралас мектеп, сондықтан орыс тілін де, не­міс тілін де игеру қажет болды. Сондай се­бептерден аудандағы музыка мектебіне бар­мағаныммен, 8-сыныпты бітіре сала Ал­матыға кетіп қалдым. Сол кеткеннен мол ке­тіп, Алматыда қалып қойдым.
    Ол кезде Алматыға біз жақтан келген­дер­дің бәрі осында жүрген белгілі күйші, дири­жер, композитор Сейілхан Құсайыновқа соқпай тұрмайды. Біз де бардық. О кісі біздің қабілетімізді тексеріп, дайындады. Салтанат екеуміз домбыраны тәуір меңгергендіктен учи­лищеге қиналмай түстік әрі сондағы ор­кестрге қабылдандық. Оркестр К.Күмісбе­ков­тің «Дала сыры», С.Мұхамеджановтың «Қыз қуу» секілді туындыларын, классикалық шы­ғармаларды нотамен орындайды, біз но­та білмейміз. Біздің қасымызға жоғары курс­тың жігіттерін үйретіңдер деп отыр­ғызып қояды. Музыкаларды жаттап алып ойнаймыз. Сөйтіп, конкурстарда оркестрдің на­мысын қорғастық. Біз түскен жылы оркес­тр­­лер арасында, сондай-ақ жеке орындау­шы­лардың конкурсы болды. Ол – кәсіби орта­дағы домбырашыларға арналған жалғыз кон­курс еді. Әрине, 1-курста оған қатысуға ме­нің дайындығым жетпейді, сол конкурс 3 жыл­дан кейін, 4 курс оқып жүргенімде қаты­сып, бірінші орын алдым. Ол кезде бас жүлде деген жоқ. Конкурс сол кезде үшінші рет өтіп отырғанымен кейінгі екеуінде ғана домбыра­шылар арасында сайыс болды.
    Бағыма орай, ұстаздарым мықты болды. Мен училищеге түскен кезде Айтқали Жайы­мов ағамыз консерваторияны бітіріп, еңбек жо­лын енді бастап жатқан жас маман еді, мені өзінің класына алды. Бірақ ол кісі үш жыл­ға Моңғолияның халық оркестріне ди­рижер ретінде стажировкаға кететін болды да, Батыс күй мектебінің өкілі Тілеш Бәділов деген өте сауатты ұстаздың класына ауысып, училищені сол кісінің класында бітірдім
    Одан соң Құрманғазы атындағы кон­сер­ва­­торияға түсіп, оқуды бітірген соң әрі қа­рай­ғы жол стажировка-ассисентура болып жал­ғасты ғой. Шынымды айтайын, олардың бәрі мен мақсат еткен дүниелер емес еді. Бір­ақ сол кездегі ұстаздардың ұлттық өнерді дамытуға жанашырлығы, өздерінің жолын жалғастырушыны іздегендігінен шығар, кон­серваториядағы Құбыш Мұхитов секілді ағалар бірінші курсқа келгеннен бастап, «Ай­гүл, сен ертең көзді ашып-жұмғанша кон­серваторияны бітіресің. Мұнда сауатты ұстаз­дар қажет, бәріміз қазақ өнерінің бола­шағын ойлауымыз керек» деп, тамырымды басып көретін. Олардікі, әрине, дұрыс. Өнер жолындағы балалардың сапалы білім алға­нын қалайды ғой. Сөйтіп, сол кісілердің же­телеуімен ұстаздық жолға бет бұрдық.

    Өзбекәлі Жәнібековтің талабы күшті еді

    Ол тұс Құрманғазы оркестрінің дүрілдеп тұрған кезі ғой, қазақтың маңдайына біткен жал­ғыз ұлттық оркестр! Телевизордан көре­тініміз – Құрманғазы оркестрінің концерті. Шетелдердегі гастрольдері жайында бас­па­сөзде жиі жазылып жатады. Жеке орындау­шы­лардан Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ах­ме­дияровтың пластинкаларын тыңдай­мыз. Оркестрдің концертмейстері болып Қар­шекеңдер отырады ғой, тіп-тік болып. Оты­рысының өзі бір эстетика. Ол шақта бү­гі­нгідей иіліп-бүгіліп, қалай болса солай отыру деген жоқ. Өзбекәлі Жәнібеков аға­лары­мыз мәдениетке басшылық жасаған кезді көрдік қой, ол кісілердің өнерпаздарға талабы өзгеше, қатал болатын. Отырыс-тұ­рыс, киім кию дегеннің бәріне мән берілетін. Басыңа бөрік кигенде кекілің көрінбеуі ке­рек, шашың қобырамай, ұқыпты жиналып тұруы қажет. Бәрінің тәртібі бар. Оркестрде отырған 60 адамның бейнесінен үйлесімділік талап етілетін. Былайша айтқанда, сахнаның тәртібіне сай болу сынағынан өту оңай емес еді. Бірақ мен өнерпаздың, сахнаның эсте­тикасы мен этикасын қалыптастыруға сол за­манның талабы дұрыс әсер етті деп ойлай­мын. Соларды көріп, оркестр құрамында өнер көрсетуді армандайтынбыз. Мектепте жүргенде «Балдырғандар» оркестрінде өнер көрсеткендіктен бе екен, мен үшін оркестрде, оның ішінде Құрманғазы оркестрінде отыру деген үлкен мақсат саналатын.
    Училищенің 2-курсын енді бітірген кезде бізді Құрманғазы оркестріне тыңдауға ша­қырт­ты. Ол кезде аталған оркестрдегі негізгі құ­рам – көргенде көз қуанатын үлкен кісі­лер­ден тұратын. Әрине, арасында консерва­торияда оқып жатқан жастар да бар. Оркестр дайындығының арасында біздерді сахнаға шығарып, Қаршыға Ахмедияров, Рүстембек Омаров секілді белгілі өнерпаздар әртүрлі характердегі күйлерді тарттырып, тыңдады. Сөйтіп нәтижесінде мені, Салтанат құрбым­ды және Тынышыбек Естаев үшеумізді жұ­мыс­қа алды. Ол кезде нота үйренгеніме енді ға­на екі жыл болған. Дайындалуға нота та­бы­ла бермейді, қазіргідей сұрап алып, үйге әкету деген жоқ. Кітапханашы Мәді ағай қа­тал кісі еді, нотаны қолыңа беріп жібер­мей­ді. Сондықтан оркестрдегі дайындық ке­зін­дегі аз ғана үзілісте нотаны оқып, жат­тап алуға жанталасамыз. Жастар соңғы жа­ғын­да, Қаршекеңдер алдыңғы қатарда оты­рады. Кейде мені шақырып қасына отыр­ғы­зып қояды. Одан зәре-құтым қалмай қор­қа­мын, бір жерде қателесіп кетем бе деп. Ди­ри­жер Шамғон Қажығалиев ағамыз өте сақ­құлақ адам. Қай дыбыстың қай тұстан шы­ғып жатқанын байқайды. Пультте тұрып, оркестрдегі 60 адамның қайсысы қателессе, соны бірден ұстап алады. Ондайда жаза бас­қан музыканттан жеке партия сұрайды, ол жағдайға түсіп қалудан өткен масқара жоқ. Сон­дай қатал тәртіптен өттік қой, бірақ со­ның арқасында шыңдалып, пісіп-жетілдік.
    Сол оркестрде жүргендегі алғашқы гас­т­роль­дік сапарым әлі есімде. Өскеменге бар­дық. Оркестрде бір апта ғана жұмыс істеген кезім. Күз уақыты. Біз Өскеменге ұшақпен жет­кенде онда қар бар екен, күн суық. Ор­кестр­дің солисі Ермек Серкебаев ән салып тұр­ғанда, ондай атақты адамды оркестрмен бірге сүймелдегендердің қатарында болу ауыл­дан шыққан шынашақтай қыз үшін үл­кен мәртебе ғой. Өйткені олар сахнаға шық­қанда халықтың қалай қадірлейтінін кө­зіміз көрді.
    Кейінгі бір жылдары, Айгүл болып атым шыққалы жеке концертпен Батыс Қазақстан облысында үш күндік гастрольде болдым. Бір аудан екінші бір ауданға жеткізіп, құрмет көрсетті. Сонда сахнаға шыққанымда халық орнынан тұрып қошемет көрсеткенде қатты қысылғаным сонша, құлап қала жаздадым. Мен халықтан ондай құрмет күткен жоқ едім. Сол кезде Құрманғазы оркестрінде ең­бек еткен тұлғаларға халықтың тік тұрып қол соққанын көргендерім есіме түсті. Мына за­манда әлі де ұлт өнерін төбесіне көтеретін ел бар екен ғой деп толқыдым.

    Ұстаздық жолға түсу үшін оркестрден кеттім

    Құрманғазы оркестрінде 1979-1989 жыл­дарда еңбек еттім. Оркестрден кету се­бебім, консерваториядағы ұстаздар мені оқы­тушы болып қалуы керек деп шешкен. Бір күні гаст­рольден оралып, Жамбыл көше­сін­дегі жа­тақ­ханаға келсем, бөлмемде Айт­қали Жайымов аға отыр. «Айгүл, – дейді ағай, – ертең асси­сен­тура-стажировкаға емтихан. Комиссия тың­дайды, сен домбырадан түсуің керек. Қа­зір программа жасаймыз». Оған не дайын­дау керегін де білмеймін. «Дұрыс домбырам жоқ» десем, «Домбыраны Қаршекең әкеп береді», – дейді. Реферат жасау қажет екен, оны Кәрима Сахарбаева апамыз жазып қойыпты. Бүгін барып концертмейстермен дайындалып, ертең осындай уақытта емти­хан­ға келесің деді. Сөйтіп, ана кісілердің көр­сетуі бойынша аяқ астынан консерва­то­рия­­ның стажировка-ассисентурасына емти­хан тапсырдым. Маған ең жоғарғы балл қой­ды. Солайша ұстаздарымның қамқор­лығы арқасында консерваторияға топ ете қалдым. О заманда сырттай білім алу деген жоқ, оқу үшін жұмыстан босау қажет. Тәртіп солай. Амал жоқ, оркестрден шығуға тура кел­ді. Оқу оңай емес, тапсырма көп, күні бойы қазіргі ұлттық кітапханада отырамын. Берілген тақырыпқа зерттеу жүргізесің, жазасың, жазған жұмысыңа пікір жинайсың. Сонда ойланамын, маған осы керек пе еді? Оқымағанымда тым-тырыс жұртпен бірге гастрольде жүрмейтін бе едім деп. Ол кезде Мәс­кеуде госконцерт деген бар, соның тап­сыр­масымен Құрманғазы оркестрі жылына бір ай бойы өзге республикаларға, Мәскеу мен Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург қой) қалаларына  барып концерт беруге мін­­детті. Одан өзге Қазақстанды аралап бере­тін концерттер бар, жалпы Құрманғазы ор­кест­рі тыным таппайтын еді. Бұлардан басқа үлкен композиторлардың шығар­ма­шылығына арналған концерттер бар, нота папкасы күнде ауысып тұратын. Мен сол ор­к­естрмен талай жерде болдым. Мәселен, Желтоқсан оқиғасы кезінде біз Сібірде гаст­рольде жүр едік. Омск, Томск, Краснояр өлке­сінде болдық. Біз сол жақта жүріп елдегі болып жатқан оқиғаны естідік. Сонда үлкен кісілер отбасымен хабарласа алмай, қатты қиналғанын көрдім. Соған байланысты гастроліміз тоқтап, бізді елге қайтарды.

    Ол заманда шетелге шығу қиын болатын

    Бұрынғы кездер туралы айтсам, бейне сол заманды аңсап отырғандай көрі­не­тін шығармын, бірақ ол дәуірде қазіргідей та­мыр-таныстық дегенге жол берілмейтін. Еңбегің, қабілетің болса, жол ашық. Әсіресе, өнер­де. Сосын  шетелге концерт беруге шы­ға­­тындарды да талантына қарай екшеп, сұ­рып­­тайтын.
    1981 жылы Үндістанға өнерпаздар тобы бара­тын болып, соған мені де қосты. Алайда ден­саулығың туралы қаптаған анықтамалар, істеген, оқыған жерлеріңнен мінездемелер жи­нап, арнайы сынақтардан өтеді екенсің. Қыл аяғы ақыл-есіңнің дұрыстығы туралы анық­тама алуың керек, саяси сауатың, көз­қарасың тексеріледі. Бір жерінен сәл ақау та­былса, сені жібермеуге тырысады. Оның бә­рін таксимен қаланың ана шетіне, мына шетіне барып жүріп, қысқа уақытта бітіріп үлгеруге жанталасасың. Өлдім-талдым деген­де медициналық анықтамаларды жиып апар­­саң, психологиялық диспансерден  апар­ған анықтамаңа қарап, шетелге бара­тындардың анықтамасына дөңгелек емес, үшбұрышты мөр басуы керек дейді. Ком­со­мол комитетінен алған мінездемеңде аты-жөнің толық жазылмаса ол да бәле, қайта жаз­дырып кел дейді. Қаптаған құжат жи­наудан өлдім-талдым деп құтылғаныңда сая­си сауатыңды тексереді: КСРО саяси бюро мүшелерінің бүкіл дерегін жатқа білуің керек. Осының бәрін болған соң барып Мәс­кеуден шетелге шығатын паспорт дайын­далады. Сөйтіп, сыныққа сылтау іздеп отырғандардың әрекетінен жүйкең тозып, бармай-ақ қояйын дегенге жеткізеді. Ол кез­де әлі жап-жас қызбын, жаңағыдай қы­сым­дардан әбден шаршағаным сондай, бар­май­мын деп жылағаным есімде. (Бәрінен өткен соң да Мәскеуден паспорт берілмей, шетелге шыға алмай жылап қайтқандар да  болды талай). Ал енді бұл шаруалар реттелген соң репетиция басталады. Бағдарлама жасалып, одан соң дайындық тексеріледі. Сөйтіп, ал­ғаш рет шетелге – Үндістанға жолым түскен. Агра қаласында Тәж-Махал кесенесінің ал­дында субұрқақ бар ғой, бізбен бірге барған Ба­қыт Әшімова апай «Айгүлжан, мына су­бұрқаққа арқаңды беріп тұрып, тілек тілеп тиын лақтыр, сонда бұл жерге тағы келесің» дей­ді. Мен сол жүрісіміздің өзіне таңға­ла­мын, расымен Тәж-Махалдың маңында жүр­мін бе деп.

    Шетке шыққанда бақылауда болатынбыз

    Кеңестік кезеңде шетелге шыққан­дар­дың бәрін бақылауда ұстайды екен. Соған байланысты бір қызық айтып берейін: 1989 жылы өнер сапарымен Солтүстік Кипр­ге бардық. Кипр екіге бөлінген ғой, бір жағы грек­терге қараса, бір жағы түріктерге қарай­ды. Бізге «байқаңдар, шекара сызығынан өтіп кетсеңдер проблема болады» деп ескертіп қой­ған. Сыртқы істер министрлігі тәуліктік шығынға жұмсайтын (негізінен тамақ ішуге ғана ғой) аз ғана ақша беріп қойған. КСРО-да барлық зат қат болып жатқан кезде бардық қой, ана жақта бәрі бар. Бәрін көріп, көзің қы­зығады. Ананы да, мынаны да алғың ке­леді. Бірақ қаражатың аз. Бізге үлкен кісілер «не болса соған қызыға бермеңдер, жан-жақ­тарыңа қарап, ақшаларыңды ақылмен жұм­саңдар» деп ақыл береді. Ол кезде сыртқа шық­қандар үшін ұжымына сыйлық әкелу дәс­түр. Мәселен, Айтқали Жайымов аға­лар­дың өзі шетелге барып келгенде әрбірімізге бір сағыз бен бір клеенка пакеттен сыйлай­тын. Ол кезде бізде сағыз деген жоқ, анадай пакет екібастан таңсық нәрсе. Сағызды әбден ақжем болғанша шайнайсың, пакетті жыртылып қалғанша ұстайсың. Жылтырақ, әдемі пакет қолыңда жүрсе, шетелден біреу әкеп бергені байқалып тұрады. Бүгінгі түсі­нік­те күлкілі нәрсе ғой. 
    Шетелге шығып жүргендер біледі, қай ел­ге не алып барып сатуға, бартер жасауға бо­­­латынын. Сондайда кәдімгі әскери шинель апарып сатқандар да бар. Біз Үндістанға бара жатқанда ол жақта сабын дефицит дегенді ес­тігенбіз. Соларды арқалап бару – елге қай­тарда сыйлық алып қайту үшін ғой. Не деген таршылық заман десеңші!
    Кипр сапарының соңғы күні еді, қасым­дағы балерина қыз айтады: «Айгүл, ана отыр­ған жігітке қарашы, ескі грек тілін жақсы біле­ді, барменмен еркін сөйлесіп отыр. Ол «кгбэщник», бізді бірінші күннен бері сырт­тан бақылап жүр» дейді. Ана қыз аңғарымпаз екен, мен ондайды ойлап та көрмеппін. Бізде шетелдегі соңғы күні банкетте «Подмос­ков­ные вечера» деген ән айтылады. Соны айтқан жұрт­қа қосылып отырып қарасам – ана жігіт маған қарама-қарсы отыр екен, екі көзі мен­де. Шошып кеттім, неге қарап отыр деп. Кү­­­­діктенуімнің сыры бар еді. Алдында көше ара­лап жүргенімізде жаңағы балерина қыз «бір израильдік кісі бізді тамаққа шақырып тұр, барайық» деді. Концертке дейін біраз уа­қыт бар, оның үстіне елге бірдеңе ап қай­тайын деп, ақшамызды үнемдеп жүрген ке­зі­міз. «Ешкім көріп тұрған жоқ» деген соң ка­феге барып, әлгі кісі әперген тамақты ішіп, шала-пұла ағылшыншамызбен рақметімізді ай­тып кеттік. Бізге елден шықпас бұрын әб­ден түсіндірген ғой, шетелдіктермен еш­қан­дай қарым-қатынас жасауға болмайды деп. Әлгі жігіттің маған тесіле қарап отырғанын көр­генде өзге елдің адамына еріп кафеге бар­ғанымыз есіме түсіп, израильдік азамат­тың сый көрсеткенін білетін шығар деп қор­қып кеттім. Банкет біткен соң бізді әуе­жайға барар жолдағы бір гректердің кафе­сіне, дискотекаға алып барды. Бәрі шулы, алакөлеңке бардың ішінде билеп жатыр. Мен бір шетте отырмын. Бір кезде қарасам, ба­ғанағы «үш әріптің» адамы тағы маған қарап отыр. Мен ойладым, біздің жүрген-тұрға­нымызды әбден біліп алған ғой деп. Бір кезде ол құлағымның түбінен сөйлеп тұр: «Үл­кен­баева – переводится, как Большойбаева?» деп. Сосын жанымдағы орындыққа отырып, өзінің Петропавлда туғанын, қазақтардың арасында өскенін, кейін Мәскеуге кетіп, қауіпсіздік комитетінде жұмыс істеп жат­қанын айтты. Біздің тобымызға да Мәскеуден қосылған екен. «Мен қазақтың арасында туып-өскендіктен оларды жақсы көремін. Сондықтан көп сөзі есімде қалды. Сізді ең ал­ғаш сахнадан көргенде 20 жасыма қайта оралғандай болдым. Жас кезімде қазақтың бір қызын жақсы көріп едім, сіз соған қатты ұқсайды екенсіз. Бірақ сізбен осы кезге дейін танысуға мүмкіндік болмады, оған жұмысым кедергі» дейді. Сөйтіп, ол «қазақтың қонағы­на сый жасайтын салты бар еді, сізге не сый­лау керегін білмей тұрмын» деп, біз авто­бусқа отырғанда маған шотланд вискиін сый­­лаған. Сонда білгем, сыртта жүргенде өнер­паздарды бақылап жүретін адамдар бола­тынын.

    Күй тартыста жылап едім...

    Музыкант адам өзін үздіксіз дамытып, үнемі шеберлігін күшейте беруі қа­жет. Ол үшін түрлі ізденістерге барғаны жөн. Біз де кезінде солай жасадық. Мәселен, қазір­де сән болып жүрген күйді эстрадалық әр­леу­мен орындау дегенді осыдан 30 жыл әріде бастағанбыз.
    1991 жылы Тасқын Оқапов бізге дом­быра­шы керек деп «Арай» вокалды аспаптар ансамбліне шақырды. Ансамбльдің қазақи репертуарға бет бұрған кезі. Маған эстрадаға домбыра қосу қызық болды. Сөйтіп, 1991-1996 жылдарға дейін бірге жүрдік. «Арай» ансамблінің музыкалық жетекшісі Талғат Сарыбаевтың идеясымен алғаш рет күйді домбыра, қылқобызбен эстрада бағытында алып шығып, Құрманғазының «Адай», «Бал­бырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйлерін орындадық. Оны «Тамаша» сахнасында, Мәскеуде де көрсеттік. Көптеген гастролда болдық. Розаның орындауындағы «Бір келіншек», «Наурыз» әндерінің әрлеуінде домбыраның партиясы бар. Кейін Жасарал Ең­сепов ДЭККО бағытын жасап патент алып, Асылбек Еңсепов сол бойынша күй орын­дағанда бірталай музыканттар маған «Айгүл, бұл бағытты «Арай» ансамблінде сен­дер бастадыңдар ғой, неге айтпайсың» де­генде, мен «Мейлі, пайдалана берсін. Му­зыка тарихынан хабары барлар оны біледі ғой, сол үшін біреумен жағаласып қайтем» дегем. Біздер ол бағытты кең насихаттауға кезінде үлгірмей қалдық қой. Талғаттың қы­зы қайтыс болып, соңынан өзі де қатты нау­қастанды. Кейін екі азамат та дүниеден өтіп кетті. Сөйтіп, оны жалғастыратын әр­леу­ші болмады. Сосын 90-жылдардың топа­лаңы басталды. Сонымен жалғаспай қалды. Бірақ ол орындауларымыз радионың архив­терінде бар.
    Күй тартыс деген бар. Бүгінде ол елге бел­гілі өнердің бір түріне айналды. Бұрында болған, кейінде ұмыт қалған нәрсе ғой. 90-жылдардың басында Алматыда айтыс жүріп жатқанда оның дем берушісі Жүрсін Ерман­ның айтыс арасында күй тартысты көрсетейік деген ұсынысы болып, соған қа­тысуға күйшілерге ұсыныс жасалды. Онда жеңімпаз болғандарға жеңіл автокөлік бері­леді деген сөз шығып, бәрі ынталанып, дом­бырашылар арасында іріктеу жүрді. Дайын­дыққа бір апта беріліп, Құрманғазының 72 күйіне толық игеру талабы қойылды. Сондай қатал талаптан күйшілер өте алмай, жарты­лай финалға 2-3 студент бала мен Қаршыға аға екеуміз өттік. Сөйтіп, жартылай финалды айтыс арасында, Республика сарайына жиналған 3 мың көрерменнің көз алдында өткізді. Финалда Қаршекең екеуміз қалдық. Ағаның өз домбырасы кілттелген бөлмеде қалып кетіп, оған басқа домбыра берілді. Сондай неше түрлі жағдайдың себебінен қы­сымға ұшырап, жұрттың көз алдында өнер сайысына түсу – миға сұмдық салмақ сала­ды екен. Финал біткеннен соң гример­каға барып жылап отырғаным әлі есімде. Біреулер жеңістің маған берілгенін айтып жатыр. Содан кейін бұл форматта күй тарту дәстүрге айналып кетті.
    Өз басым ең алғаш күйлерді, әндерді, ком­­позицияларды орындаумен жеке кон­церт бердім. Түрлі аспаптық концерттер­дің форматын жасадым. Мұның бәрі – ізденіс. Сол арқылы ұлттық музыканы жан-жақты дамыта аламыз. Қалай десек те қазір қазақ музыкасы әлемге танылып жатыр.

    Әңгімені жазып алған 
    Ахмет ӨМІРЗАҚ

     

    Бөлісу: