сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Harvard табысы төмен отбасынан шыққан балаларды тегін оқытпақ

/
сурет: istockphoto.com
Университет өкілдерінің айтуынша, бұл бастама Harvard-тың кез келген әлеуметтік топтан шыққан дарынды жастар үшін ашық екенін көрсетеді.

Мазмұны

    Harvard университеті 2025-26 оқу жылынан бастап студенттерге қаржылай қолдау көрсету бағдарламасын кеңейтетінін хабарлады. Жаңа өзгерістерге сәйкес, жылдық табысы 100 000 доллардан төмен отбасылардың балалары университетте тегін оқи алады. Оқу ақысынан бөлек, тұрғын үй, жол шығындары, тамақтану және медициналық сақтандыру да толық өтеледі.

    Бұл шешімді дүйсенбі күні университет президенті Алан М. Гарбер мен Өнер және ғылым факультетінің деканы Хопи Хукстра ресми түрде жариялады. Олардың айтуынша, бастама Harvard білімін көпшілік үшін қолжетімді етіп, университет қабырғасында әртүрлі әлеуметтік топтардан шыққан дарынды студенттердің бас қосуына мүмкіндік береді.

    Жаңа ереже кімдерге арналған?

    Жаңа ережелерге сәйкес, жылдық табысы 100 000 доллардан аспайтын отбасылардан шыққан студенттер оқу, жатақхана, тамақтану, медициналық сақтандыру және жол шығындарын толығымен өтеу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, бірінші курс студенттеріне 2 000 доллар көлемінде бастапқы қолдау көрсетілсе, үшінші курста тағы 2 000 доллар беріледі.

    Ал жылдық табысы 200 000 доллардан төмен отбасылардың балалары оқу ақысынан босатылады және қаржылай көмек деңгейі олардың нақты жағдайына байланысты есептеледі. Бұдан бөлек, табысы 200 000 доллардан асатын отбасылардың да кейбір санаттары қаржылай көмекке үміткер бола алады.

    Harvard-тың білімді қолжетімді ету саясаты

    Harvard университеті қаржылық көмекті кеңейту жұмысын 2004 жылы Harvard Financial Aid Initiative бастамасы аясында бастаған. Сол кезде жылдық табысы 40 000 доллардан төмен отбасылардың студенттері үшін оқу ақысы толығымен жабылған. Бұл шек 2023 жылы 85 000 долларға дейін көтерілді.

    2007 жылдан бастап университет студенттердің оқу ақысына несие алуға тыйым салды, оның орнына тек гранттар бөлу жүйесіне көшті. Осы уақытқа дейін Harvard университеті қаржылай көмек ретінде студенттерге 3,6 миллиард доллардан астам қаражат бөлген. Ал 2025-26 оқу жылына қаржы көмегіне 275 миллион доллар жоспарланған.

    Университет өкілдерінің айтуынша, бұл бастама Harvard-тың кез келген әлеуметтік топтан шыққан дарынды жастар үшін ашық екенін көрсетеді.

    "Біз студенттеріміздің қаржылық мүмкіндіктеріне қарамастан, Harvard-та толыққанды білім алып, зерттеу жүргізуіне және өзін дамытуына жағдай жасауға тырысамыз", – деді университеттің қаржылай көмек қызметінің директоры Джейк Кауфман.

    Қаржылай көмек бағдарламасының кеңеюі Harvard университетін бұрынғыдан да қолжетімді етіп, көптеген студентке әлемдік деңгейдегі білім алуға жол ашады.

    Бөлісу: