Мазмұны
Жақында JAMA Network Open журналында жарияланған зерттеу орта жастағы дұрыс тамақтану мен артық салмақтың аз мөлшерде болуы қартайғанда когнитивті функциялардың сақталуына ықпал ететінін көрсетті. Ғалымдар 48-70 жас аралығында дұрыс тамақтанған адамдардың мидағы байланыстары мықтырақ болып, қартайғандағы когнитивті көрсеткіштері жоғары болатынын анықтады.
Зерттеушілердің пікірінше, орта жаста салауатты өмір салтын ұстану ккогнитивті қабілеттің төмендеуі мен деменцияның алдын алуға көмектесуі мүмкін. Оксфорд университетінің зерттеушісі Дария Е. А. Йенсеннің айтуынша, жаһандық семіздік деңгейінің артуын ескере отырып, зат алмасуды жақсарту мен дұрыс тамақтану – қартайғанда ми қызметін сақтау үшін қажет маңызды фактор.
Ғалымдар зерттеу үшін Whitehall II Study жобасының ұзақ мерзімді деректерін талдады. Британдық мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізілген бұл зерттеуде 664 адамның бел-сан қатынасы, ал 512 адамның тамақтану сапасы бағаланды. Қатысушылар кейіннен МРТ-сканерлеуден өтіп, есте сақтау, ойлау қабілеті мен ақпаратты өңдеу жылдамдығы бойынша тесттер тапсырды.
Нәтижесінде, орта жаста пайдалы тамақтанған адамдарда есте сақтауға жауапты гиппокамп пен басқа да ми аймақтары арасындағы байланыстар күштірек болды. Сонымен қатар, тамақтану сапасын уақыт өте жақсартқан адамдарда ақ заттың құрылымдық тұтастығы жоғары болып, бұл мидың қартаю үдерісіне төзімділігін арттырған.
Зерттеу нәтижелері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) теңдестірілген тамақтану мен салмақты бақылау деменцияның алдын алуда маңызды рөл атқаратыны туралы нұсқаулығына сәйкес келеді.
Зерттеушілер бұл мәліметтер дәрігерлер үшін де маңызды екенін атап өтті.
"Орта жастағы дұрыс тамақтану мен қарындағы май деңгейін бақылау когнитивті денсаулықты ұзақ жылдар бойы сақтауға көмектеседі. Сондықтан медицина мамандары пациенттерді салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруы керек", – дейді зерттеу авторлары.
Зерттеу "Association of Diet and Waist-to-Hip Ratio With Brain Connectivity and Memory in Aging" деп аталады және оған Оксфорд университеті мен Макс Планк институтының ғалымдары қатысты.