Мазмұны
Алматыда топ қыз мектептегі құрбысын аяусыз ұрып-соғып, болған жағдайды камераға түсірген, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мәліметтерге сенсек, жәбірленуші құрбыларымен сауда орталығына барып, мектептегі таныстарымен кездескен. Араларында жанжал туындап, соңы қатыгездікпен аяқталған.
Сегіз жасөспірім қыз жәбірленушіге тап беріп, оның бетінен ұрып, шашын жұлып, кастетпен қорқытқан. Қыздың анасы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғауды талап етті. Алайда шабуылдағандардың біріне тек 40 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
Анасы бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып, төбелеске қатысқан қыздардың бірін тәртібі нашар болғаны үшін шығарылған арнайы мектепке қайтаруды талап етті.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын, барлық қатысушылардың жеке басы анықталғанын және олардың ата-аналары жауапқа тартылғанын хабарлады. Істі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарайтын болады.