сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Қақтығыс бейбітшілікпен аяқталуға тиіс

/

Мазмұны

    Қасым-Жомарт Тоқаев Путин мен Трамптың Украина жөніндегі келіссөздерін қолдайды.
    Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.

    Ол Мемлекет басшысының Украина мәселесі бойынша барлық державаны «Бейбітшілік фор­муласын» әзірлеуге шақырғанын еске салды.

    – Президент екі елдің көшбасшылары нақты уағ­даластықтар негізінде Еуразия кеңістігіндегі қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды ұзақ­мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті екен­дерін көрсетті деп санайды. Мемлекет басшысы бұ­ған дейін барлық державаларды Украина бойын­ша «Бейбітшілік формуласын» әзірлеу мақсатында келіс­сөздер процесін бастауға шақырып, БРИКС сам­митінде Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдаған болатын, – деп жазды Руслан Желдібай. 

    Талғат Қалиев,

    саясаттанушы:

    Кез келген қайшылықты бейбіт жолмен реттеуді жақтаймыз

    – Қазақстан қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған кез келген бастаманы оны кім ұсынғанына қарамастан қолдайды. Бұл – біздің бұрыннан қалыптасқан әрі өзгермейтін ұстанымымыз.

    Қазір Дональд Трамптың арағайындығымен жүргізіліп жатқан келіссөздерден нақты ілгерілеу байқалады және Қазақстан бұл қадамды, әлбетте, құптайды. Бейбіт шешімге жақындататын кез келген қадам аса маңызды әрі құнды. Өйткені қандай бейбітшілік болса да, қарулы қақтығыстан әлдеқайда артық. Біздің еліміз әрдайым дипломатиялық тәсілдерді қолдап, кез келген қайшылықты бейбіт жолмен реттеуді жақтайды. Тек диалог пен сындарлы ынтымақтастық қана бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады.

     

    Андрей Чеботарев,

    Саяси ғылымдар кандидаты,

    саясаттанушы:

    Бейтарап ұстанымды қақтығысты сырттай бақылау ғана деп қабылдамау керек

    – АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина пре­зиденті Владимир Зеленский ара­сындағы ал­ғашқы кездесуде Зеленский мен оның коман­да­сының мұндай деңгейдегі келіс­сөздерге дайын емес­тігі байқалған бо­латын. Алайда Ақ үй де Зеленс­кийдің күт­пеген әрекеттер жасауға дайын екенін ес­кер­меді, әсіресе бұған баспасөздің қа­тысуы ықпал етті.

    Біріншіден, Зеленский 2019-2020 жылдары, Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде, оны­мен сенімді және серіктестік қарым-қатынас ор­ната алмады. Мұның ай­қын мысалы – 2020 жылғы тамызда Ва­шинг­тонның Киевке бөлінген 250 мил­­лион долларлық қорғаныс көмегін уақытша тоқ­­татуы болды. Бұл шешім АҚШ-тың бұ­рын бө­лін­ген қаржының мақсатты жұм­салуын тексеруіне байланысты қабылданды.

    Екіншіден, бірқатар факторға байланыс­ты Трамп пен оның айналасы Зеленскийді АҚШ-тың бұрынғы президенті Джозеф Бай­деннің «клиенті» (патронаттық-клиент­тік қатынастар тұрғысынан) ретінде қабыл­дай­тын сияқты. Бұған Байденнің ұлы Хан­тердің Украинадағы коммерциялық мүд­делері де ықпал етті. Сонымен қатар кейбір рес­публ­и­ка­шыл конгрессмендер мен аме­рикалық БАҚ-тың ба­ғалауы бойынша, 2024 жыл­ғы президент сай­лауы кезінде Зе­ленс­кий мен оның командасы ви­це-президент Ка­мала Харристің сайлауалды кам­па­ния­сына белгілі бір деңгейде қолдау көрсеткен.

    Үшіншіден, Украина билігі АҚШ-тың сырт­қы саяси басымдықтарының Трамптың екін­ші пре­зиденттік мерзімінің басталуы­мен түбегейлі өзгер­генін толық түсінбеген сыңайлы. Әсіресе, Вашинг­тон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қа­лыпқа келтіру үрдісін ескере отырып, бұл маңыз­ды фак­торға айналып отыр. Ал Украина өзінің ха­лықаралық серіктестерімен қарым-қа­ты­на­сында бұрынғы әдетіне сай «сұраймын – аламын» қағи­датын ұстануды жалғастыруда, жаһандық геосаяси өзгерістерді ескермей келеді.

    Төртіншіден, Украина Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың өзіне толықтай қол­дау көр­сететініне сенім артып отыр, әсі­ресе, Ресеймен әскери текетіресті жал­ғастыру және АҚШ-пен қа­рым-қатынас тұр­ғысынан. Алайда АҚШ пен Еуро­па ара­сында Украина мәселесіне қатысты ке­ліс­пеушіліктер бар болғанымен, ол үлкен дағ­дарысқа әкеледі деп күту – орынсыз.

    Осы жағдайларды ескере отырып, Зе­ленс­кий­дің Вашингтондағы соңғы мәлім­де­мелері оған ақ­параттық тұрғыда оң әсер қал­дырғанымен (әсі­ресе, Трамптың қар­сыластары мен Украина пре­зидентінің жақ­тастары үшін), стратегиялық тұр­ғыда елеу­лі қауіп туғызды. Әлемдік көшбасшы мем­лекеттің басшысына ашық қарсы шығу оның елі­нің мүддесіне қайшы келуі мүмкін. Кейбір аме­рикалық БАҚ-тың мәліметіне сәйкес, АҚШ Ук­раинаға энергетикалық жүйе­сін қолдауға бағыт­талған қаржылай көмекті тоқтатты. Одан да маңыз­дысы – Ақ үйде Украинаға әскери көмекті толық­тай доғару мәселесі қарастырылып жатыр.

    Осы жағдайларда, АҚШ-тың арағайын­дығы­мен Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақты­ғыс­тың жақын арада аяқталу ықтималдығы белгі­сіз күйінде қалып отыр. Дегенмен алдағы уақытта Вашингтон мен Киев арасындағы қарым-қаты­нас­тың бел­гілі бір деңгейде реттелуі мүмкін, әсіресе, бұл үдерісте Лондон немесе Брюссель дел­далдық жа­сар болса. Сондай-ақ Украина Жо­ғарғы Радасын­дағы Зеленскийдің оппо­зи­циясы да оған белгілі бір ықпал етуі мүм­кін. Қалай болғанда да, алдағы оқиғалардың даму қарқыны жоғары және болжам жасау қиын.

    Ал Қазақстан өзінің белсенді бейтарап ұста­ны­мының арқасында әлі де тиімді пози­цияда тұр. Бұл ұстаным тек қақтығысты сырттай бақылауды ғана емес, сонымен қатар оны дипломатиялық жолмен реттеуге мүдделі тараптарға мүмкіндігінше көмек көрсетуді де қамтиды. Қазақстанның бұл позиция­сы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың на­зарынан тыс қалған жоқ. Енді маңыздысы – со­лармен өзара байла­нысты одан әрі дамыту және оны бейбіт­ші­лікке қол жеткізу мүддесінде пай­далану.

     

    Бөлісу: