сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Ақеділ Тойшанұлы: Халқымыз жылан жылын жақсылыққа жорыған

/
Жылан жылында халқымыз елінің бай­лығына, қазынасына ие боп, рухымыз биік­теп, айбатымыз артып, жолымыз ашылады деп ойлаймын.

Мазмұны

    Бүгінгі ресми жыл санауымыз бойын­ша Жаңа жыл қаңтар айынан бас­талып жүргенімен, әлемнің көптеген елі Жаңа жылды наурыз айында қарсы алады. Елімізде Наурыз мейрамы жыл басы, та­биғаттың жаңару мерекесі ретінде мем­лекеттік деңгейдегі мейрам саналады. Әйт­кенмен, Наурыз мейрамының әдет-ғұр­пы мен жөн-жоралғысы толық қалыптасты дей алмаймыз. Ақын, фольклортанушы ға­лым Ақеділ Тойшанұлымен сұхбаттасып, Наурыз мейрамына байланысты ескеріл­мей жүрген жайлар туралы ойларын жа­зып алдық.

    – Наурызды тойлау Кеңестік сая­сат­тың кесірінен 1926 жылы ресми түрде тоқ­татылып, 62 жылдан соң ғана хал­қы­мызға қайта оралды. Қазір мем­ле­кеттік деңгейде атап өтетін мейрамға ай­налды. Наурызды тойлаудың бұ­рын­ғы кездегісі мен қазіргісінің арасында қан­дай өзгешеліктер бар? Ұмыт қалған, біз ескермей жүрген салт-дәстүр бар ма?

    – Иә, дәуір жаңарып, саясат өзгеріп, уа­қыт талабымен Наурыз мейрамы халқы­мыз­ға қайта оралды. Дегенмен қазақта ықылым за­мандардан бері тойланып келген бұл мей­рам – Жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні ел­дің жадынан біржола өшіп кеткен жоқ еді. Мә­селен, еліміздің батыс өңірінде сақталып қал­ған Көрісу күні де қайта жаңғырып, он күн­дік Наурыз мейрамын тойлаудың басы бол­ды.

    Бұрында Наурызды бір ай бойы тойлаған, біз­дің өскен ауылымызда да солай еді.
    Мәш­һүр Жүсіп кезінде Наурызнаманың қалай өткенін, оны үлкен билердің, бай­лардың бергенін жазып қалдырған.

    Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлағаны жазғытұры басталған осы мерекелік көңіл күйді дәл көрсетіп тұр.

    Көрісу күні өңірлік деңгейде болса да қа­зақ ортасында қалып қойған. «Амал келді» деп отырғанымыз хамал айы ғой, арабша «қозы» дегенді білдіреді. Бұл енді «тоқты» шоқжұлды­зы­ның келген кезі. Батыста соған байланысты жыл басын қарсы алып тұрған. Бірақ Шәкә­рім қажы айтып кеткеніндей, шығыс қазақ­тары да ескіше 1 наурыз, жаңа­ша 14 наурызда жаңа жылдың келгенін атап өтіп, көже қай­­­­­натқан.

    Бұрын адамдар наурыздың басталуын қыс пен жаздың таласы, аяз бен шуақтың со­ғысы деп ұғатын болған. Мысалы, Махмұд Қаш­қарида «Қыс пен жаздың айтысы» деген сөз. Бұл кезде айтыс өткізген. Сондықтан «Нау­рыз айтысын» өткізуге әбден болады. Ел ара­сында «Самалық» деген (саумалық деп те ай­тылады) ғұрыптық өлең болған, ол қуа­ныш­ты хабарды жеткізгенде айтылатын. Мә­селен, атақты ақынымыз Мағжан Жұма­баев наурыз ғұрпын:

    Самалық, самалық,

    Қап тауының көк құсы

    Ұйқыдан көзін ашты ма?

    Самалық, самалық,

    Самарқанның көк тасы,

    Жібіді ме, көрдің бе! – деп, самалық құс­пен тілдесу түрінде жеткізген. Қазір ол естен шы­ғып бара жатқан нәрсе. Соны жандандыру керек. Наурыз келгенде көптеген бата-тілек, өлең айтылатын. Оны біз рамазан айымен жанастырып жарапазан (славян халықтары коляд­ка дейді) қылып алдық. Анау кавказ­да­ғы әзербайжан, құмық ағайындар қолына гүл ұстап, наурыз өлеңін айтады. Біз де түркі ха­лықтарының бәріне ортақ наурызға бай­ланысты дәстүрлерін жаңғыртсақ, оңды іс болар еді.

    – Өткен жылдан бастап Наурыз ме­ре­кесін атап өтудің жаңа форматы жа­са­лып, ол он күнге созылатын болды. Әр күннің өз атауы бар. Бұл бізге рухани тұр­ғыдан қандай пайдасын тигізеді деп ой­лайсыз?

    – Жыл басын 22 наурыз деп бекітудің сыры арыда жатыр. Әйгілі ақын, астроном, ма­тематик Омар Һаям бастаған ғалым­дар­дың ықпалымен Жалаладдин Мәлік Шах де­ген селжү патшасының жарлығымен жыл ба­сын 22 наурызға көшіргені туралы нақты де­ректер бар. Ол Шәмси күнтізбесі деп ата­ла­ды. Шәмси деп отырғанымыз – күн ка­лен­дары. 22 наурыз – күн мен түн теңескен күн, жыл басы деген ұғым содан қалған. Қазақтар 22 наурызды «жас наурыз» деп атаған.

    Біздің жеріміз анау Ертістен Еділге дейін, Алатаудан Қаратауға дейін созылған кең-байтақ, одан түрлі табиғи белдеулер өтеді. Оңтүстігімізде тропикалық климат бар, ол жақта күн райы жұмсақ, жеміс-жидек ерте гүлдейді. Мынау Еділ-Жайық бойында, Каспий теңізі маңында күн ерте жылиды. Солтүстік пен Шығысымызда тоң жібімей, мұз қатып жатады. Сондықтан жерімізде табиғаттың толық оянуы ай бойына созыла­тын болған­дықтан, бұл мейрам бір ай тойланған.

    Ал енді Көрісу күні Амал мерекесі деп қате аталып кеткен. бұл жерде амал деп ха­мал айын айтып отыр. Хамал, сәуір, зауза, сара­тан, дәлу деп айларды атаған. Ауғанстан күнтізбесінде де осы тұр. Шығыстағы қазақ­тар болса, табиғат құбылыстарымен үйлес­тіру үшін «амал» деп айтады. Олардың тү­сіні­гінде амал деп табиғаттың күрделі өз­герістеріндегі кезеңді атайды. Яғни, «Киікті ма­тауы», «Үркердің батуы», «Құралайдың сал­­­қыны» секілді кезеңдерді амал дейді. Мұн­дағы амал – «мәл, маал» – уақыт, кезең деген арабша сөзден шыққан. Мен бұл ту­ралы жуықта жарық көрген «Түрік ха­лық­тарының әдет-ғұрыптары» деген кітабымда кеңірек айттым. Сол үшін табиғаттың құбы­лы­сын білдіретін ол амалмен мына хамал айын шатыстырмауымыз керек. Батыстағы халық «Амал келді – Жыл келді» дегенде хамал айының келгенін айтып отыр.

    Дегенмен наурызды тойлауды Көрісуден бас­тап жатқанымыз дұрыс болды. көрісу – қауы­шу, сәлемдесу, амандасу, жүздесу деген сөз. Халқымыз «Сәлем – сөздің атасы» деп біл­ген. «Бір жасың құтты болсын», «Ескі жыл есір­кесін, жаңа жыл жарылқасын», «Ұлыс оң бол­сын, ақ мол болсын» деп амандасып, төс түйіс­тіріп, бір-біріне тілек тілейтін қазақтың бәріне ортақ салттың жаңғыруы – өте игі, ізгілікті дәстүр. Он күндік Наурыз мере­ке­сін­де әр күнді атаулы мереке ету де өте жақ­сы нәрсе. Бір ғана «Ұлттық киім күнінде» ха­лықтың қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ме­рекеге ерекше өң береді. Мұның бәрінің жастарға, келешек ұрпаққа әсері мол болады, ұлттық танымын арттырады.

    – Жыл сайын бүкіл БАҚ-та Наурыз мей­рамы туралы материалдар жария­ла­нып жатады. Жасыратыны жоқ, Нау­рыз туралы бар білгенімізді айтып бол­ған сияқтымыз. Сондай-ақ Наурызға қа­тысты талас-тартыстар да жоқ емес. Біреулер мұны түркілік дәуірден бар дей­ді, тағы біреулер Наурыз атауын ал­ға тартып, парсылардың мейрамы деп жа­тады. Сондықтан мұның тарихы жайы­н­да ортақ бір пікірге келу қажет­ті­лігі бар секілді. Бұл мәселеге не айта­сыз?

    – Наурыз мерекесі туралы әртүрлі пі­кір­лер бары рас. Бұл түркінікі ме, парсыныкі ме, Тұран мен Иран мәдениетінің үндестігі ме деп жатады. Шын мәнінде, Наурызды той­лаудың географиясы өте үлкен. Мәселен, оны моңғол ағайындар «Шаған мерекесі» деп қарсы алады, онда да елдің бір-бірімен қауышуы, жасы үлкенге сәлем беруі секілді ғұрыптар, көктемді қарсы алуы бізге де ор­тақ салт. Наурызды парсылар да, Кавказдағы ха­лықтар да, шуваштар да, Сібірдегі түрік ха­лықтары да тойлайды. Тіпті, бұрында славян халықтары да жаңа жылды наурызда қар­сы алып жүрген, тек кейін оларға хрис­тиан дінінің келуіне байланысты жаңа жыл­ды Иса пайғамбардың туған күніне орай қар­сы алған. Сондықтан Наурыз мерекесін бір халыққа немесе бір аймаққа телуге бол­майды, бұл – табиғаттың жаңарып, көктем­нің келу мерекесі, бүкіл адамзатқа ортақ мере­ке. Біріккен Ұлттар Ұйымының Наурыз­ды адам­затқа ортақ мереке ретінде мойын­дауында үл­кен мән бар. Алтын Орда зама­нын­да, одан да ертерек Наурыз хан, Наурыз­бай деген есім­дер қазақтарда болған, сон­дық­тан бұл төл мереке. Кейбіреулер қазақтар «Ақтабан шұ­бырындыда» оңтүстікке ығысып осы ме­ре­кені әкелген деуі – жаңсақ пікір.

    Мұнда диқаншылық салты басым ба, мал­шылық салты басым ба деген сұрақ та бар. Қарасақ, оңтүстіктегі қазақтар егін егіп жа­тыр, жауқазын гүлі шығып жатыр, қыз­ғалдақ бүршік жарды. Наурызек торғайлар кел­ді. Халық «Атаңнан мал қалғанша, тал қал­сын» деп тал-терек, жеміс ағаштарын отыр­ғыза бастайды. Солтүстік, шығыстағы елде мал төлдеп, уызқағанақ жасап жатыр. Малшылар да «қызылдан аққа көштік» деп рә­сім жасайды. Демек, елімізде диқаншылық пен малшылық қатар жүріп, жылмен бірге жаңаруда. Қазақтың айтулы жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармасында да бұл жай тура­лы айтылады. Оның бір кейіпкері – әже­міз қазан асынан саба асына көшіп, соғым­нан қалған еттің бәрін асып бітіру керек дейді.

    Наурыз келгенде қызыл ет таусылып, ел аққа көшеді. Міне, осыларға қарап отырып, Нау­рызды диқаншылық пен малшылықтың синкретті түрде тоқайласқан мейрамы деп атау дұрыс болады.

    – Көптеген халық сияқты, қазақтар да 12 циклды жыл қайыруды пай­да­ланады. Оны тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз деп атаймыз. Халқы­мыз әр жылдың әртүрлі «мінезі» барын айтады. Кей жылдар қазаққа жайлы, кей жылдар жайсыз болатыны туралы да оқып қаламыз. Сондай-ақ осы жылда әлем­де де, қазақ елінде де түрлі қиын­дық­тар болғаны жайында тарихтан білу­ге болады. Жылан жылы туралы не дей­сіз? Ол туралы қазақ танымы қан­дай?

    – Халқымыздың әр жылға байланысты ай­татын сөздері, ырымдары көп. Мәселен, «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгір тоғыс болды» дей­ді. Қарап отырсаңыз, жылан жылы жы­лыстап өтетінін, жылқы жылы дүбірлетіп өте­тінін, қой жылы тыныш, тоқшылық бола­тынын айтып отыр.

    Қазақ жыланды алтын-күмісті қоритын, байлықтың иесі деп санайды. Шынында, жы­ландар көбіне алтын-күмісі бар тауларды ме­кендейді. Соған байланысты «Жыланды» секілді жер атаулары бар. Сондай жерлерде кен орындары ашылып жатады. Қазақ ертегі­лерінде ақ жылан, қара жылан туралы сю­жет­тер бар. Адамға ақ жылан кезіксе, оның жолы болады дейді. Ақ жылан адамның оң жағынан келіп, сол жағына қарай өтсе оған құт кіреді деп ырымдайды. Ертекте бір ақ жы­лан бір тасты қайта-қайта жалап көрсете бер­ген, соны байқаған адам әлгі жылан жала­ған тасты жалап көргеннен кейін оған Сү­лей­мен пайғамбар сияқты дүниедегі жан­ды­ның бәрінің тілін білетін қасиет қонады. Бұл енді жыланды білім, ақыл-ой символы ре­тін­де тануды көрсетсе керек.

    Бақсылардың өзі де:

    Кереге бойлы кер жылан,

    Кердеңдемей, кел жылдам!

    Босаға бойлы боз жылан,

    Бұраңдамай, бол жылдам, –

    деп аруаққа сыйынып, жындарын шақы­ра­тын болған. Бұл жыланның халық емшілігіне де қатысы барын танытып тұр. Тәуіптер, халық емшілері жыланның уынан көптеген пайдалы дәрі жасайтын болған. Дүниежүзілік медицинаның эмблемасында да жыланның суреті тұр. Түркілер де жыланды емшілікпен бай­ланыстырған. Жыланның биоэнергиясы күшті, аспандағы торғайдың өзін арбап түсіреді. Арасан суларда жыландар болады. Мәселен, Алакөлдегі Барлық арасанында шипалы жылан бар. Адамды шақпайтын су жылан аяққа оралады, аяқтағы дертті алып кетеді. Сондықтан халқымыз жыланға бай­ланысты нәрселерді жақсылыққа жорыған. Үйге жылан кіріп кетсе, оның басына ақ құйып шығарады. «Ер Төстік» ертегісінде бай­лығы асып-тасқан жер астындағы Жы­лан бапы хан туралы айтылады.

    Жылан жылында халқымыз елінің бай­лығына, қазынасына ие боп, рухымыз биік­теп, айбатымыз артып, жолымыз ашылады деп ойлаймын.

    – Әңгімеңізге рахмет! Жылан жылы елі­мізге құтты, қайырлы жыл болғай!

    Сұхбаттасқан –

    Ахмет ӨМІРЗАҚ

    Бөлісу: