сейсенбі, 1 сәуір, 2025

«MEN…»: Буллинг қалай жасалады?

Мазмұны

    Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының облыстық қуыршақтар театры 40 жылға жуық уақыттан бері жас бүлдіршіндердің эстетикалық талғамының қалыптасуына зор үлес қосып келе жатыр.

    Былтырдан бастап театр директоры қызметіне тағайындалған Төленді Әлқо­жа ұжымның шығармашылық әлеуетін күшейтуге бірден кірісіп кетті. Ол Қостанай әкім­дігінің қолдауымен бұған дейін бол­ма­ған қазақ труппасын ашты. Соған байла­ныс­ты театр репертуарына ана тілімізде жа­зыл­ған пьесаларды  енгізу  көзделіп отыр. 

    Т.Әлқожа театр өміріне жаңа серпіліс әкелу мақсатында алыс-жақын шетелдерден және отандық қуыршақ театр режиссерлерін шақыруға баса назар аударып отыр. Мұның дәлеліндей жақында Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвили «MEN…» спектаклін сәтті сахналады.

    Аталған спектакльде бүгінгі таңда аса маңыз­ды әлеуметтік тақырыптың біріне ай­налып отырған буллинг мәселесі кеңінен қоз­ғалған. Қойылымның ең басты ерекшелігі мұнда драматургиялық мәтін жоқ, оның ор­нында режиссерлік идея бар. Спектакльдің өн-бойында кейіпкерлер небәрі 5-6 сөз ғана ай­тады. Бірақ сахнада өтіп жатқан оқиғалар қаһармандардың әрекеті арқылы биік нүк­тесіне жетіп, терең ойға жетелейді.

    Режиссер спектакльді бір кейіпкердің тағ­дырына құрған. Ол өмірінің әртүрлі ке­зеңінде (бала, жасөспірім, ересек, қария) ай­­­­­наласындағы адамдардың зорлық-зом­бы­лы­ғы мен қысымына тап болады. Режис­сер­лік интерпретацияда буллинг – күш көрсету, қысым жасау немесе балағаттау ғана емес, адам­ды құртып жіберуге әкелетін психо­ло­гиялық жарақат болып суреттелді.

    Алғашқы сахнада енді ғана отау құрған ерлі-зайыптылардың отбасында уақыты жеткенде кішкентай ұл баланың дүниеге келгені көрсетіледі. Әке – Рустам Брімжанов пен Ана – Оксана Белоцерковская өз кейіп­керлерінің нәрестені жақсы көріп мәпелеуін әсерлі жеткізді. Режиссер осы сахнада актер­лердің денесі мен оның экпрессивті мүм­кіндіктерін шебер пайдаланған. Олардың қи­мылдары мен ым-ишаралары арқылы жас отбасындағы бала күтімінен хабар береді. 

    Бірақ баланың балдәурен балалығы ұзақ­қа созылмайды. Анасы қайтыс болған күн­нен бастап, ішкілікке салынған әкесі жасөс­пі­рім баласын соққыға жығып, күш көр­се­те­ді. Бала жанының жараланғаны, қайғыдан оқ­шаулануы және мұның бірнеше жылға созыл­ғанын режиссер терезе сыртындағы жыл мезгілінің алмасуы арқылы символдық тұрғыда бейнелеген. Жасөспірім баланың тұйық әрі жасық болып өсуі, сыныптас бала­лардың мазағына тап болып құсалануы, олардан қорғаншақтауы барлығы да қуыр­шақтың әрекеттері арқылы жинақы көр­сетіл­ген. Үлгірімі нашарлаған оқушыға ұс­таз­дар тарапынан да қысым көрсетіліп, оның еңсесі көтерілмейді.

    Бала жастан бастап осындай мейірім­сіз­дікке душар болған жасөспірімнің ересек болған кезде де өмірінің өзгермегені жақсы ашылған. Онымен бірге жұмыс жа­сай­тын әріптестері жігітті қадірлемейді. Тіпті, жақсы көрген сүйікті қызының өзі оны тастап, басқа адаммен кетіп қалады. Жі­гіт­тің қамығуы, психологиялық тұрғыда күй­зеліске түсуі қуыршақтың қимылынан анық байқалады.

    Режиссер баланың төрт кезеңін де қуыр­шақпен ойнатты. Осы тұста  қуыршақтардың жа­салу сапасының өте жоғары болғанын ай­та кеткен жөн. Кейіпкердің жас ерек­ше­лігіне байланысты қуыршақтардың түрі  мен  жүріс-тұрысы да  өзгеріп отырады. Айталық дү­ниеге енді келген нәресте қуыршақ шы­ны­мен де жаңа туған баладан айнымайды. Одан кейінгі жасөспірім  қуыршақтың бет-әлпеті сүйкімді, бірден көз тартады. Ересек кезіндегі қуыршақтың үстіне киген костюм-шалба­ры­нан оның кеңседе қызмет жасайтыны аңға­рылады. Ал қартайған кездегі қуыршақ­тың маңдайында шашы жоқ, жүрісі де баяулаған.  Кейіпкердің барлық кезеңін Әмина Омарова, Нұрбек Рамазанов, Жәнгір Бимұханов кәсіби шеберлікпен ойнады. Олар планшетті қуыршақтарға жан бітіріп, небір буырқанған көңіл күйлер мен іс-қимылдарды иланымды берді. Орындаушылардың шеберлігінен кейіпкердің сахналық бейнесі дараланып мүсінделді. Актерлер қуыршақтардың дене мүшелерін қозғалысқа келтіріп, дауысын, күлгені мен жылағанын барлығын да аса сенімді бедерледі.

    Қойылым соңында жалғыздықтан, зұ­лым­дықтан шаршаған қарт адамның сол баяғы қалпы қорлықтан құтылмағаны көр­сетілді. Оның жанынан өтіп бара жатқан көп­шілік шалды қағып-соғып кете береді. Ба­сын қос қолымен қорғаштап, бұғып отыр­ған оның жанына келе қалған кішкентай күшік – Дәулет Ахмет оған еркелей жөнеледі. Бас­тапқыда оны аялап сипаған қария кенет­тен күшікті қатты соғып өлтіріп алады. Оның бұл қылығынан ешкімнен мейірім көр­меген адамның өмір бойы ішінен шықпай қалған ашуы мен адамдарға нара­зылығы байқалады. Бейкүнә күшіктің оба­лына қалғанына ол қатты өкінеді. Соңғы сах­на көрермендерге айрықша әсер етті. Өзі­нің қол-аяқтарын кесіп жан-жаққа лақ­тырып, шалқасынан құлаған қуыршақ-шал­дың кеудесінен нәресте қуыршақ шығып, қа­лықтап көкке ұшады. Кейіпкердің бұл әре­кеті философиялық тұрғыда оқылып, оның қыспақтан құтылғанын және жаны­ның мәңгілік тыныштық тапқанын ұқтыра­ды.

    Режиссер спектакльдің басынан соңы­на дейін басты кейіпкердің әр кезең­дегі өміріне оны қоршаған адамдардың қа­рым-қатынастарын көпшілік сахна­сындағы ак­те­рлердің (адам кейпіндегі) ойыны ар­қылы айқындаған. Орындаушылардың плас­тикалық әрекеттері мен дауыс ырғақтарынан және қолдарына ұстаған заттардың семан­ти­калық белгілерінен (қағаздар мен кітап­тар, бетперде т.б.) бала есейген сайын мо­раль­дік қорлықтың да күшейе түскені сезі­ле­ді. Оқиғалар легінің тез алмасуына қара­мас­тан, көпшілік сахнасы қойылымның ыр­ғақ екпінін бәсеңдетпей, әлеуметтік қы­сым­ның атмосферасын тудыра алды.

    Көпшілік сахнасында өнер көрсеткен Диас Кенжегарин, Нелли Жуламанова, Да­ниил Норка, Дәулет Ахмет, Дулат Жұмаш, Ел­дос Төлеген, Әлия Смағұлова, Полина Пет­рова, Арман Мағанбетов, Камила Бек­мұха­медова еркін қимылдап, басты кейіп­кердің жан-дүниесіндегі күйзелістердің ашылуына мол ықпал етті.

    Н.Сабашвили қуыршақтардың жасалуы­нан бастап, спектакльдің  суретшісі әрі му­зыка авторы ретінде өз идеясын толыққанды сах­надан көрсете алды. Оның жарық беруші Занир Гельметдиновпен, суретші Александра Кравцовамен, музыкамен көркемдеген Андрей Коротченкомен және хореограф Саяхат Сумамбаевамен бірлескен жұмысы үлкен нәтижеге жеткізді.

    Бұл қойылымнан әлемдік қуыршақ театр­ларының дамуындағы еркіндік сипат пен шығармашылыққа берілген бостандықты және жаңалыққа деген құштарлықты байқадық. Спектакльдің сыртқы пішіні мен ішкі мазмұны өзара үйлесіп, режиссер қиялының шексіздігін паш етті. Н.Сабашвили қуыршақ театрының заңдылықтарына сай бейнелі мизансценалар тауып, әр қуыршақтың өзіндік конструк­ция­сына бағынатын пластикалық шешімімен ерекшеленді. 

    Бақыт НҰРПЕЙІС,

    өнертану докторы,

    Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

    өнер академиясының профессоры,

    театртанушы

    Бөлісу: