сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Алтын Мәденқызы: Ұлттық киім – қазақ мәдениетінің символы

/

Мазмұны

    Бұл күндері Наурызнама онкүндігі аясында республика көлемінде көптеген іс-шара өтіп жатыр. Астанада 3 мың оқушы қыз ұлттық киім киіп, «Қамажай» биін билеп, рекорд орнатса, Атырауда Ұлттық киім шеруіне 3000-нан астам тұрғын қатысты. Алматыда 1 000 бала бір уақытта күй орындады. Ал 22 наурыз күні Каспий жағалауында ұлттық киіміміз бен салт-дәстүрімізді әлемге танытатын «Kazakh Record» фестивалі өтеді. Осылайша маңғыстаулықтар әлемнің Гиннес рекордтар кітабына енуді көздеп отыр. Осы орайда ұлттық қолөнер бұйымдарын ел ішінде кеңінен дәріптеп жүрген дизайнер Алтын Мәденқызын әңгімеге тартқан едік.

    – Бір сұхбатыңызда «Қолөнер бұйым­дарын әзірлеумен айналысамын деп еш ойламағанмын. Елге келіп ком­пьютермен монтаждау ісінің маманы болуды көздеген едім. Ішім қынжыл­ған­нан бұл кәсіпті бастауыма тура кел­ді» депсіз. Бұл істі қолға алуыңызға қан­дай жағдай себеп болды сонда?

    – Расында, бұл мақтанып айтатындай се­­беп емес. Мен Қытайдан 2013 жылы көшіп кел­дім. Ондағы қазақтардың ұлттық дәс­түр­ді бәрінен биік қоятынын білерсіздер. Ұлттық киім, қолөнер бұйымдарымен етене таныс. Онда анасы не істесе, қызы соны қай­талайды. Мен ата-әжемнің қолында өс­тім. Менің әжем шебер кісі болды, ал анам әжем­нен асып түсетін ісмер жан болды. Олар тұрмыста қолданылатын заттың бәрін өздері істейтін. Қалпақ-тымақтан бастап аяқ­қа киетін кебіс, мәсіге дейін өздері тіге­тін. Тіпті, тігісі қиын киіз үйге қажет жаб­дық­ты сырттан алмай, өздері әзірлейтін. Бұл арнайы бір мектепті бітіріп қана кірі­се­тін шаруа емес. Нені көрдің, соны істейсің. Сол секілді мен де әже-анамыздан нені көр­дік, соны қайталадық. Көрпе тігіп жат­қан олар жіптің мына жағын тартып жатса, бергі жағын мен іліп әкететінмін. Осылайша, бәрін үйреніп алдым. Алайда Қазақстанға келген соң өз мамандығым – графикалық жар­нама дизайнері бойынша жұмыс істегім келіп, бірнеше жерге жұмыс сұрап бардым. Бар­лығы «Орыс тілін білмейсің» деп мені жо­латпай қойды. Көп жерге бардым. Түк шық­пады. Абай атамыз «Есектің артын жу­саң да, мал тап» деп айтқандай, ақырында кли­никаға еден жуушы болып жұмысқа тұр­дым. Кейін аспаз болдым. Арасында қо­лым қалт еткенде базар аралап жүрсем, Астанада ұлттық қолөнерге сұраныс жоқ еке­нін байқадым. Ешкім ұлттық киім мен бұйым­дар туралы сұрамайды, ешкім ізде­мейді. Астана жұртшылығы көп баратын Орталық, Шанхай базарларын қырғыздың ұлт­тық киімдері жаулап алған. Ал өзіміздің киімнің қадірі жоқ екенін аңғардым. Бір күні «Мен ұлттық киімнің кез келгенін тіге аламын. Қолөнер бұйымдарын да әзірлей ала­мын. Біреудің еденін жуып ақша тапқан­ша, неге өз төл өнерімді насихаттап, қара­жат таппасқа?» деп шешім қабылдап, бұл іске белшеше кірістім. Алдымен Шанхай ба­за­рынан орын жалға алып, ұлттық киім­дер мен қолөнер бұйымдарын сататын бу­тик аштым. Десе де, оны ашқаннан кейінгі қиын­дықты айтып жеткізе алмаймын.

    – Көпшілік ұлттық киім үлгілерінен бей­хабар ма екен?

    – Иә. Мен бір жыл бойы таң атқаннан кеш батқанша базарда алдыма келген адам­дарға ұлттық киімдеріміз мен қолөнер бұйым­дарымыздың мән-мағынасын түсін­діремін деп шаршайтынмын. Кешке үйге жеткенде сөйлеуге шамам келмей, ұшып тү­сетінмін. Тұрғындар бұйымдар туралы дә­неңе де білмейді. Мысалы, әдемі ою-өр­некпен кестеленген жастықтың қабын кө­ріп, «Бұл көліктің чехолы ма?» дейді. Төр көр­пені «Диван жапқыш па?» дейді. «Қазақта ішіне мынадай мақта салып, осындай төр көр­пе төсеген» десем, «Оны қай жерге төсей­ді. Бәрі бір көрпе емес пе?» дейді тағы. Тіп­ті, шымылдықтың не екенін білмей­тін­дерді көрдім. Дүкеніме шымылдық құрып қойған едім. «Бұл не нәрсе? Перде секілді ғой? Қай кезде қолданады? Не үшін керек?» деп сұрақтың астына алады. Сол кезде (2014 жы­лы – Ред.) елордада ұлттық бұйымдар ұмыт қалғанын байқап, іштей қынжылдым. Қолөнерімізге үлкен серпіліс әкелген 2017 жылы өткен EXPO көрмесі дер едім. Үш айға жалғасқан ол көрме қолөнер бұйымдарын таныту ісіне үлкен дүмпу, айтулы өзгеріс әкел­ді. Адамдардың қолөнерге деген таны­мы беки түсіп, махаббаты оянды. Мен қолө­нер­ді дамытуды енді қолға алып жатқан кез­де Дүниежүзілік қазақтар қауым­дастығының Астанадағы филиал басшысы Қарлығаш Бекпатшақызымен таныстым. Ол кісі «Бізде айлық төленбейді. Десе де, маған көмекші болып, қауымдастықтың қолөнер ісін дамыту жағына бас-көз болсаң. Біз ара-тұра түрлі көрме мен форум ұйым­дас­тырамыз» деп айтты. Сөйтіп, 2015 жылдың көк­темінде қауымдастық жұмысына ара­ластым. Бүгінде онда қызмет етіп жүргеніме он жыл болды.

    – Ұлттық музейге құнды жәдігерлер өт­кіз­геніңізді білеміз. Олардың түгелі Қытай қазақтары қолданған бағалы заттар ма?

    – Біз EXPO көрмесіне дайындықты бір жыл бұрын бастадық. Сол кезде Қытайдан 17 экспонат алдыртып, оның иелерін ша­қы­рып, ұлттық музейге өткізуге атсалыстым. Ол музейге 300 жылдық тарихы бар «Қызай» кимешегі, 200 жылға жуық тарихы бар киелі келсап, 150 жылдық күміс ер тоқым, сосын сыр­мақ, күміс белбеу, тұскиіз секілді бағалы зат­тарды табыстадық. Одан бөлек, заманауи үл­гіде істелінген бүркіттің мүсінін тағы өт­кіздік. Гүлзира Мәлікқызы деген сіңлім – қазір әлем қолданып жүрген кілем түрі шық­пай тұрғанда қазақтар қолданған ши кілем­ді насихаттаушы. Әсіресе, Қытайда бұл істі қарқынды жалғастыра білді. Сол сің­ліміз Бауыржан Момышұлы атамыздың портретін ши кілемге кестелеп, оның сыр­тына алтын самұрықты өрнектеп тігіп, екі жәдігерді музейге тапсырды. Ұмыт болған бұйымды халық есіне қайта түсіріп, игі бастама көтерді. EXPO көрмесіне дайындық кезінде Гүлзира секілді шебер­лерді шақы­рып, сертификаттарын қолда­рына ұстатып, бір жолға салдық. Сосын көпшілікті көрмеге шақыру үшін аянбай жұмыс істеп, жарнама жасадық.

    – EXPO көрмесі кезінде бір шетелдік турист сіздерден жарты миллион теңгеге бағаланған сырмақты сатып алмақ болған екен. Сол рас па?

    – Иә. Мен EXPO-ға шеттен 30 шебер қан­­дасымызды шақырдым. Олардың көбі Қы­тайдан келді. Біздің жарнамамызды құ­лағы шалған, Алтайда тұратын бір әпкеміз «Қазақстан музейіне бағалы жәдігер өткіз­генің­ді Қытайда жатып естіп жатырмын. Мен де бір сырмақ тігіп берсем, музейге өт­кізіп бере аласың ба?» деп хабарласты. Мен музейге барлық затты табыстап қой­ға­ным­ды айтып, оны бөлек өткізейік дедім. Сөй­тіп, ол кісіге өзі тоқыған сырма­ғын EXPO-ға алып келуін өтіндім. Ақырында, өзі келе алмай, өзі тіккен керемет сырмақты басқа шеберлерден беріп жіберді. Көрме кезінде жасақталған этноауыл маңайында екі үлкен киіз үй тігілді. Біз сонда кілең шет­ел қазақтарының қолынан шыққан бұйым­дарды қойдық. Алтайдағы әпкеміз беріп жіберген, ұзындығы төрт метр әсем сыр­мақты сол үйдің бірінің төріне іліп қой­дым. Жерге басқанға обал. Сонау 3 000 ша­қырым жерден алып келген бағалы затты көп­тің көзіне көрініп тұрсын дедім. Ол үйге кір­ген адамның бәрі сол сырмаққа там­сану­мен болды. Көрме кезінде ол сырмаққа ерек­ше қызыққан бір шетелдік 10 мың дол­ларға беруімді сұрады. Алайда мен сат­падым. Сатуға алып шыққан бірнеше шебер біраз қаражат жинады. Алайда ол сырмақты ешкімге бере алмадым. Себебі әпкеміз «Ма­ған ақша қажет емес. Бар болғаны, нағыз сырмақтың қандай болатынын үш ай бойы көп­шілікке, соның ішінде өзіміздің қазақ­тарға көрсетіп берсең болғаны» деп өтініш айтқан болатын.

    – Ел ішін аралап жүргенде ұлттық бұйымдар қай аймақта сұранысқа ие екенін бағамдай алдыңыз ба?

    – Тұрғындары тоғыз жыл бұрын ештеңе біл­мейді деген Астанамда бүгінде үлкен сер­піліс болып жатыр. Бас қала бүгінде сапа­лы киімдерге сұранысқа ие қалалардың қа­тарына өтті. Қазір қала тұрғындарын айт­­пағанда, онда келген шетел туристері қа­зақтың мәдениетінен хабар беретін, қолдан жасалған бұйымдарды іздеуге көшті. Облыстарға келетін болсам, Алматы облысы қолөнер бұйымдарын «іздестіру» жағынан көш басында тұр. Онда Қытайдан келген Гүл­нұр есімді мықты ісмер досым қазақтың ұлт­тық қолөнерін әзірлеумен айналысатын төрт зауыт ашты. Бастапқыда бұл іске мил­лиондаған ақша салып, бүгінде барлық об­лысқа насихаттап, таратып отыр.

    – Былтыр бекітілген Наурызнама он­күндігі аясында 19 наурыз Ұлттық киім күні деп аталып өтілетін болды. Бұл онкүндіктің қолөнер бұйымдарын дә­ріп­теу ісіне өзгеше бір серпіліс бер­генімен келісерсіз?

    – Әлбетте! Көп шебер ол онкүндіктің өз­дері ойлағаннан да керемет деңгейде ата­лып жатқанына риза болып жүр. Дегенмен дәстү­рімізді наурыздағы 10 күнге ғана дә­ріп­теп қоймай, 360 күнде де көрсетіп жүр­сек қор болмаймыз. Сөйтсек, ешбір ұлт, еш­бір мемлекеттен кем болмаймыз. EXPO туралы әркім түрлі пікір айтады. Алайда қа­зір тойланып жатқан Наурызнама он­күн­дігін атап өту туралы шешімнің бір ұшы сол көрмеден бастау алған. Басы-қасында жүр­ген маман ретінде мен мұны сабақтастық деп кесіп айта аламын.

    – Бір сұхбатыңызда «Ою-өрнекті кө­­­рін­ген жерге жапсыруға болмайды» деп­­сіз.

    – Қазіргідей нарық заманында әркімнің ақша тапқысы келеді-ақ. Алайда қазір ұлт­тық киім тігетіндердің арасында ою-өр­нек­ті ажырата алмайтындар, оны мәні мен ма­ғынасына зер салмай, кестелей беретін­дер жетерлік. Әсіресе, бірден базарға түсетін киімдерде көп олқылық бар. Қазақ бағзыдан бері тақияға қарға тұяқ салған. Неліктен олай жасаған деп ойлайсыз? Оның астарын­да ер-азамат құстай самғап ұшсын деген мағына жатыр. Содан соң қошқар мүйізді еш­қашан бас киімге «кіріктірмеген». Қазір бізде «қошқар» тақияның төбесіне шығып ал­ды. Маман, шебер ретінде көңілім тол­май­тын нәрсе көп, алайда мен сізге сипат­тап бер­ген алғашқы кезбен салыстырғанда бет­бұрыс тамаша, сұраныс көп. Ұлттық киім – қазақтың төлқұжаты. Азаматтарымыздың сыртқы және ішкі мәдениетін әйгілейтін ба­ғалы зат. Киім арқылы басқа ұлттардан бөлек­тенеміз. Қазақ екенімізді киім арқылы таны­тамыз. Бүгінде әркім өз стиліне салып тігіп алған түрлі ұлттық киім киіп жүрміз. Ме­нің айтарым – бастан аяқ ою мен кесте са­лып, жылтырап жүрмей-ақ қоялық. Тым құрығанда киімнің жеңіне, жағасына не­месе қалта үстіне бақыттың, бірліктің, бей­­­­бітшіліктің символы болған оюлары­мыз­ды тіктіріп, киіп жүрсек керемет емей не­мене?! Бұл біздің ұлтымыз қазақ екенін ас­қақтатпаса, одан төмен түсірмейді. Ұлт­тық киімнің құны, дәрежесі ешқашан тө­мен­демеуі керек. Әрі «Ұлттық киім күні» деп бір күн ғана емес, жыл бойы дәріптесек те, көп­тік етпейді.

    – Наурыз мерекесін қалай атап өт­пек­сіз?

    – «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлес­ті­гінің жетекшісі, этнограф Тұрар Саттарқызы Астана әкімдігінің алдынан бір киіз үй ал­ған екен. Ол кісі шеберлерді шақырып, көр­ме өткізуге атсалысуымды сұрады. Екі күн бойы сонда көрме өткіземіз. Наурыз се­кілді ұлық мерекені түркітілдес барлық ел тойлайды, соның ішінде аста-төк той қы­лып атап өтетін жалғыз ел – біздің мем­ле­кет. Оған ешкім шүбә келтірмейді. Содан соң, шетел қазақтары жоғары деңгейде атап өтеді. Мысалы, Қытай қазақтары ақпан айының ортасынан тойлауды бастап кетеді. Наурыз мерекесінің мәртебесі қазақтармен қоса әлемге танылып келеді. Таныла береді де. Мереке адамзаттың көңіл күйімен бай­ланысты. Наурыз мерекесі қазақ ұлтының көңіл күйі, тұрмыс салтымен қабысып кет­кен. Мемлекет экономикасымен де тығыз бай­ланысты. Мемлекетіміздің қолдауының ар­қасында бүгінде Наурыз бағалы мерекеге ай­налып отыр. Наурыз қазаққа құт әкелсін! Бір­лік пен береке байрағы мәңгі желбіресін!

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан

    Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

    Бөлісу: