сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Гаагаға Наурызды тойлауға 200-ден астам адам жиналмақ – Кәмшат Демеуова

/

Мазмұны

    Шетел қазақтары, әсіресе Еуропада тұратын қазақтар жыл сайын Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтеді. Басты мерекеге дайындықты қаңтар айында бастайтын олар жан-жаққа хабарландыру жіберіп, чаттарға жазып, кәрі құрлықта тұратын қазақтарды Наурызды бірге атап өтуге шақырады. Биыл Еуропа қазақтары 5 сәуірде Нидерланд елінің үшінші ірі қаласы саналатын – Гаага қаласында бас қоспақ. Ұлық мерекені Қазақстандағыдай думандатып тойлауға бар күшін салып жатқан ұйымдастырушылардың бірі, Гаага қаласында тұратын Кәмшат Демеуовға хабарласқан едік.

    – Нидерланд елінде тұратын үш-төртеуіміз жыл сайын Еуропаның басқа елдерінде атап өтілетін Наурыз мерекесіне арналған ивенттерден қалмаймыз. Былтыр Наурызды Германияда тойлап жүргенде келесі жылы неге бізде атап өтпеске деген ой келді. Сөйтіп, белсенділерден «Осы жылы біз ұйымдастырайық» деп сұрап алдық. Тағы бір себеп, Нидерландта жыл сайын қыркүйекте Елшіліктер фестивалі өтеді. Ол кезде біздің консулдық сәні мен салтанатын келістіріп киіз үй тігеді. Отбасыларымызбен жиналып, мәз болып, Қазақстанның бір бөлігін көргендей күй кешіп, рахаттанып қайтамыз. Сол кезде де «Наурызда Нидерландта елден кем емес деңгейде неге атап өтпеске?!» деген ой келген. Біле білсеңіз, Нидерландта төл мәдениетімізге қызығатындар өте көп. Кіші балам оқитын мектептің мұғалімі бірде «Кімнің мәдениетінде қандай ерекше мейрам бар? Сол туралы жазып келіңдер» деп тапсырма берді. Біз тек жазып қана қоймай, көрнекі құралдар арқылы таныстырайық деп, үйде қандай атрибуттар бар, кәжекей, қамшы, тіпті киіз үйдің суретіне дейін апарып, көрсетіп, голланд тілінде сипаттап бердік. Артынша Наурызды кеңінен әңгімелеп, ол мейрамды неліктен 22-наурыз күні атап өтетінімізді айтып бердік. Сол кезде голландықтар таң-тамаша болып, таңдай қағысқан-ды.

    Хабарландыруды көрген болсаңыз, бағдарламада ән де, күй де, ойын да, бәрі бар екенін аңғарасыз. Тіпті хабарландыруға сыймай қалған іс-шаралар бар. Алдымен бір күн бұрын Наурыздың басты тағамы – Наурыз көже әзірлейміз. Ерекше атап өтер жайт, Германияда тұратын Асылбек ағамыз жылқы ұстайды, қазы-қымыз сатумен айналысады. Ол кісіге қазыға тапсырыс беріп қойдық. Әрі оған алаңнан орын дайындап қойдық. Ол сол күні қымыз, қазы, ет сатпақ. Қазақстаннан асық алдыртып қойдық. Асық атудан жарыс өткіземіз. Тоғызқұмалақты ойнататын бір кісі құралдарын әкелемін деп отыр. Бір қызымыз ұлттық сувенирлерді алып келіп, сатпақ.

    Қазақстаннан фотозона алдыртпақпыз. Екі жағына киіз үйдің керегелерін қойып, көпшілік суретке түсетін орын дайындап қоямыз. Одан соң онда тұскиізімізді іліп, ұлттық киімдерімізді ілеміз. Сосын үстел қойып, өзімізде бар бүкіл ұлттық-бұйымдарды көрмеге қоймақпыз. Одан бөлек, тұсаукесер рәсімін жасаймыз. Белгілі аткер Сағаділдә Үсібәлі мен оның жұбайы, радио журналисі Толқын Сұлтанова Қазақстаннан арнайы келіп, кешімізді тегін жүргізіп беруге ниет танытып отыр.

    Аста-төк тойлауға бекініп отырған іс-шарамызға Дания, Финляндия, Англия, Бельгия, Чехия және Германиядан жалпы саны 200-ге жуық адам келеді. Одан бөлек, өзге ұлт өкілдерін де шақырдық. Мысалы, мен өз жұмысымда қызыққан адамдарды бірге тойлауға шақырдым.

    Наурызды атап өтудегі басты мақсат – Қазақстаннан жырақ жүргендерге қазақ екенімізді ұмыттырмау. Еуропада өсіп келе жатқан еңбектеген баладан студенттерге дейін қазақ тілін, дәстүрін ұмытпаса екен дейміз. Балаларымызға ең бай мәдениетімізді YouTube-тан көрсету бір басқа, ал іс-шараға алып барып, ұйымдастыру жұмыстарына жұмылдырып, өзге ұлт қызыққан өз мәдениетінен хабар беретін атрибуттар мен ән-күй, ұлттық ойындарға қызығушылығын оята білу тіптен бөлек.

    Тағы бір айта кетерлігі, мұнда бәрі қазақша өтеді. Мұнда жиналатындар кемі бес-алты тілде сөйлейді ғой. Алайда біз тек қазақша өткізуді көздеп отырмыз.

    Бұдан былай тек Наурызда ғана емес, жыл бойы түрлі ивент өткізіп тұрмақпыз. Амстердам, Гаага, Роттердам, Утрехт – Голландияда қазақ көп тұратын ірі төрт қала. Осы жерлердің үлкен саябақтарында концерттер немесе ойын-сауыққа құралған іс-шаралар өткізуді дәстүрге айналдырмақпыз.

    Бөлісу: