сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Оңтүстік Кореяда Наурыз кезінде алты қанатты киіз үй тігіледі

/

Мазмұны

    Биыл Оңтүстік Корея Республикасында тұратын қазақтар Ұлыстың ұлы күнін кең көлемде атап өтпек. Наурыз мейрамына арналған басты іс-шара 6 сәуір күні ел астанасы Сеулден 40 шақырымдай жерде орналасқан Йоңин қаласындағы Ханкук шетелдік зерттеулер университетінің кампусында өтеді. Оңтүстік Кореядағы «Qazaq Nomad» ұйымының жетекшісі Жанат Қадыроваға хабарласып, іс-шараның басты ерекшеліктерін сұраған едік.

    – Биыл Наурыз секілді ұлық мерекені Қазақстан Республикасының Оңтүстік Кореядағы Елшілігі және «Отандастар қорының» қолдауымен атап өтпекпіз. Биылғы басты ерекшелік – Наурыз мейрамында қазақ халқының асханасы мен қонақжайлығын кеңінен таныстыру. Осы мақсатта этнограф Әйгерім Мұсағажинованың қатысуымен «Қазақтың дарқан дастарқаны»атты шеберлік сағаты ұйымдастырылады. Бұл шеберлік сағатында қатысушылар «Номад көже» әзірлеп, көпшілікке ұсынады. Сонымен қатар, «Сарыарқа» шай рәсімі өткізіліп, қонақтарға дәстүрлі шай ішу мәдениеті таныстырылады.

    Одан бөлек, «Отандастар қорының» «Дәстүрлі қоржын» жобасы аясында Оңтүстік Кореядағы қазақ диаспорасына толық жабдықталған алты қанатты киіз үй сыйға тартылады. Киіз үй – тек баспана емес, халқымыздың өмір салтын, мәдени мұрасын бейнелейтін қасиетті орда. Бұл сый-сияпат шетелдегі қандастарымыздың қазақтың дәстүрлі мәдениетімен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

    Наурыз мерекесінің ажырамас бөлігі – ұлттық ойындар. Биыл біз «Намыс дода» атты ұлттық ойындар фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз.

    Қатысушылар келесі төрт ұлттық ойын бойынша өзара кім мықтыны анықтайды. Алдымен дәлдік пен ептілікті сынайтын ұлттық ойынымыз – асық атудан жарысса, сосын аяқтың шапшаңдығы мен тепе-теңдігін тексеретін ләңгі тебуден сайысқа түседі. Одан соң көшпенді жауынгерлердің дәстүрлі өнері – садақ атудан сынасады. Сосын ізінше білек күшін, ептілік пен төзімділікті сынайтын арқан тартыс ойынын ұйымдастырамыз.

    Сонымен қоса, мерекелік кеште қазақтың дәстүрлі және заманауи өнерін дәріптейтін концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Қазақстанда ел алдында жүрген Жұбаныш Жексенұлы, Қанат және Светлана Айтбаевтар мен «Арқайым» нео-этно-фольклорлық тобы арнайы келіп, концерт қоймақ.

    Біз үшін Наурыз – тек мереке ғана емес, ұлттық бірлігімізді нығайтатын, қазақ мәдениетін дәріптейтін маңызды іс-шара. Оңтүстік Кореядағы қандастарымыз бұл күнді асыға күтіп жүр. Бұл іс-шараға 200-ге жуық адам келмек. Сондықтан бұл күнді бізбен бірге тойлайтын қандастар, өзге ұлт өкілдеріне төл мәдениетімізді абыроймен таныстырамыз деп сенеміз.

    Бөлісу: