дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Павлодар облысында 16 жастағы шабандоз бәйге кезінде ауыр жарақат алды

/
istockphoto.com
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептерін полиция қызметкерлері анықтап жатыр

Мазмұны

    Павлодар облысында ұлттық ойын “Құнан бәйге” барысында 16 жастағы шабандоз ауыр бас жарақатын алған, деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

    Оқиға туралы ақпаратты kerek.pv Telegram-арнасы жариялады. Ақсудың әкімдік баспасөз қызметі 21 наурызда Павлодар облысы, Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Қызылжар ауылында болған қайғылы жағдайдың мән-жайын хабарлады.

    “2008 жылы туған бала ұлттық ойын – "Құнан бәйгеге" қатысқан. Шабандоздық жарыс кезінде ат үркіп, жарық бағанасына соғылған. Жасөспірім құлап, салдарынан ауыр бас-ми жарақатын алып, жансақтау бөліміне жеткізілді”, – делінген әкімдік хабарламасында.

    Дәрігерлер 16 жастағы жасөспірімге шұғыл ота жасап, оның жағдайын тұрақтандырды. Дегенмен ол әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.

    Ақсу әкімдігінің баспасөз қызметі бәйгенің ашық аумақта өткенін, алайда жарыс барысында ат үркіп, ауыл жаққа бұрылып кеткенін мәлімдеді.

    Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептерін полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

    “Полиция департаменті Ақсу әкімдігіне осы оқиғаның болуына ықпал еткен жағдайлар мен себептерді жою туралы ұсыныс жіберді”, – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

    Бөлісу: