Мазмұны
Жаңа зерттеуге сәйкес, әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу – мейлі жай ғана жазбаларды шолу болсын немесе белсенді түрде пікір қалдырып, бөлісу болсын – уақыт өте келе жалғыздық сезімін арттыруы мүмкін.
Personality and Social Psychology Bulletin журналында жарияланған зерттеу нәтижелері әлеуметтік желілердің екі түрдегі қолданылуы да (пассивті және белсенді) жалғыздықтың күшеюіне әкелуі мүмкін екенін көрсетті. Ғалымдар адамдардың әлеуметтік желідегі қарым-қатынасы бетпе-бет кездесулерден алатын әлеуметтік қанағаттанудың орнын толтыра алмайтынын айтады.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желіні пайдалану да, жалғыздықты сезіну деңгейі де айтарлықтай өсті. АҚШ Бас хирургының баяндамасына сәйкес, жалғыздық денсаулыққа күніне 15 темекі шеккенмен бірдей зиян келтіруі мүмкін.
Зерттеу Нидерландта 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Longitudinal Internet Studies for the Social Sciences деректеріне негізделген. Ғалымдар 2014-2022 жылдар аралығында 6 965 ересек қатысушының әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізетінін және олардың жалғыздық деңгейін зерттеген.
Қатысушылардың әлеуметтік желіні пайдалануына екі негізгі тәсіл қарастырылды:
Сирек қолдану – жаңалықтардыы, профильдерді шолу, бірақ тікелей әрекеттеспеу.
Белсенді қолдану – пост жазу, сурет және видео жүктеу, пікір жазу және лайк басу.
Қатысушылардан аптасына әлеуметтік желіде қанша уақыт өткізетінін көрсету сұралды, ал жалғыздық деңгейін өлшеу үшін арнайы алты сұрақтан тұратын сауалнама қолданылды.
Зерттеу нәтижелері әлеуметтік желіні көп пайдаланған адамдардың жалғыздық деңгейі жылдар өте келе артқанын көрсетті. Ең қызығы – жалғыздық тек пассивті қолдануда ғана емес, белсенді әрекеттерде де жоғарылаған. Бұл онлайн қарым-қатынастың бетпе-бет кездесудің орнын толтыра алмайтынын дәлелдейді.
«Зерттеуіміз әлеуметтік желілердің бетпе-бет қарым-қатынасты алмастыра алмайтынын тағы бір рет растады», – дейді зерттеу авторы, Baylor университетінің профессоры Джеймс А. Робертс.
Бұдан бөлек, зерттеуде әлеуметтік желі мен жалғыздық арасында кері байланыс анықталды: жалғыздықты сезінген адамдар әлеуметтік желіні жиі қолдана бастаған, бірақ бұл олардың жағдайын жақсартудың орнына, тек одан сайын ушығуына әкелген.
Ғалымдар әлеуметтік желідегі қандай мазмұн түрлері жалғыздыққа көбірек ықпал ететінін зерттеуді жоспарлап отыр. Мысалы, әлеуметтік салыстыру немесе өзге адамдардың қоғамнан тыс қалғандай сезінуіне әкелетін контенттер ерекше назарға алынбақ.
Зерттеу «The Epidemic of Loneliness: A 9-Year Longitudinal Study of the Impact of Passive and Active Social Media Use on Loneliness» атауымен жарық көрді. Авторы – Джеймс А. Робертс, Фил Д. Янг және Мередит Э. Дэвид.