Мазмұны
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду Даниямен өтетін матч алдындағы баспасөз конференциясында журналиспен сөзге келіп қалған, деп хабарлады turkystan.kz.
Ол Португалия ұлттық құрамасы ойыншылары мен жаттықтырушылар штабының айналасында тым көп теріс пікірлер бар деп есептейді.
«Мен ұлттық команда айналасында көп теріс пікір бар екенін сеземін. Соңғы бірнеше күнде баспасөз конференцияларын көрдім. Көңілім толмады. Шындығында, сіздердің кейбір сұрақтарыңыздан мүлде құрметсіздік байқалады. Егер менің жауабымды естігіңіз келсе, сұрақ қойған уақытта көзіме қараңыздар (қолымен көрсетіп). Менен бірдеңе сұраған соң компьютерге қараудың қажеті жоқ. Бұл үшін кейінірек уақыт табарсыз», - деді Роналду баспасөз конференциясында.
Айта кетейік, Португалия құрамасы Данияға (0:1) Ұлттар Лигасының ширек финалындағы алғашқы матчта жеңілді. Жеңіске жеткен голды Манчестер Юнайтедтің шабуылшысы Расмус Хейлунд соқты. Ал Роналду 218 матчқа қатысып, еншісін 135 гол мен 46 нәтижелі пас жаздырған.