сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Қазақстан құрамасы 12 жылға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты

/
Фото: ҚФФ
Лихтенштейн ФИФА рейтингінде 204-орында келеді. Әзірге ешқандай жоғары нәтижесімен көзге түскен жоқ

Мазмұны

    Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі екінші кезедсуінде Лихтенштейннен басым түсті.

    Аталған матчта Джон Битон бастаған шотландиялық төрешілер қызмет атқарды. Оған отандастары Дэниел Макфарлейн мен Дэвид Макгичи көмек берді.

    Лихтенштейн ФИФА рейтингінде 204-орында келеді. Әзірге ешқандай жоғары нәтижесімен көзге түскен жоқ.

    Соған қарамастан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарушы Али Алиев әрбір ойынға жауапкершілікпен қарайтынын еске салды. Алғашқы турдағы Уэльспен кездесуден кейін біршама өзгеріс енгізді. Қақпада Александр Заруцкийдің орнына Мұхаммеджан Сейсен жасыл алаңға шықты. Сондай-ақ құрама капитаны Асхат Тағыберген, Серікжан Мужиков қосалқы құрамда қалды. Олардың орнына Георгий Жуков, Рамазан Оразов шықты. Ал жас футболшы Дастан Сәтпаевқа бірден шабуыл шебі сеніп тапсырылды.

    Алғашқы минуттан қазақстандық футболшылар тізгінді қолға алуға тырысты. Оған алаң иелері лайықты қарсылық көрсетті. Олар шабуылға тойтарыс беріп, кейбір сәтте қазақстандық қорғаушыларды мазалап тұрды.

    Ойынның 42-минутында әріптесі Марат Быстровтың берген пасын шабуылшы Максим Самородов голға айналдыра білдірді. Арада үш минут өткенде әдемі пас шығарды. Бұл мүмкіндікті Алексндар Марочкин мүлт жіберген жоқ. Ол ұлттық құрама сапында елуінші кездесуінде алғашқы голын соқты.

    Екінші кезеңде қазақстандық футболшылар басымдықты арттырды. Соған қарамастан олар гол соға алмады. Осылайша Қазақстан қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

    Айта кетсек, бүгін Қазақстан әлем чемпионатына іріктеу турнирінде сәтсіздік сериясын тоқтатты. Аталған додада ел құрамасы 12 жыл бойы жеңіске жете алмай келген еді. Соңғы рет ел құрамасы 2013 жылдың қыркүйек айында Фарер аралдарын (2:1) жеңген болатын. Содан бері ұлттық команда 22 матч өткізіп, 7 ойында тең түсіп, 15 кездесуде жеңіліс тапты.

    Енді ел құрамасы алдағы ойынын 9 маусымда өз алаңында Солтүстік Македония құрамасына қарсы өткізеді.

    Бөлісу: