сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Қартайғанда денің сау болуы үшін қалай тамақтану қажет? – зерттеу

/
сурет: istockphoto.com
Зерттеудің бас авторы, Копенгаген университетінің профессоры Марта Гуаш-Ферре: “Әлемді құтқаратын жалғыз супертағам немесе диета жоқ. Бірақ әр адамның денсаулығын жақсартатын әртүрлі диеталар бар. Ең бастысы – бұл тамақтану тәсілі бір ғана үлгімен шектелмейді,” – дейді.

Мазмұны

    АҚШ-та 30 жылға жуық уақыт бойы жүргізілген ауқымды зерттеу нәтижесінде дұрыс тамақтанудың қартайған шақтағы денсаулыққа қалай әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижесі Nature Medicine журналында жарияланды.

    Зерттеуге 105 мың адам қатысқан. Ғалымдар олардың тамақтану әдеттерін бақылап, денсаулығы мен өмір сапасын 70 жасқа дейін қадағалап отырды. Нәтижесінде, өсімдік негізіндегі тағамдарға басымдық беріп, қызыл ет пен ультраөңделген тағамдардан бас тарту – қартайғанда физикалық және психикалық денсаулықтың жақсы болуына ықпал ететіні анықталды.

    Зерттеуде ең пайдалы деп танылған диеталарға жеміс-жидек, көкөніс, тұтас дәнді дақылдар, жаңғақтар, бұршақ тұқымдастар және қанықпаған майлар кірді. Мұндай диеталарда сүт өнімдері аз мөлшерде қолданылып, тұз, қант қосылған сусындар, қызыл және өңделген ет, трансмайлар сияқты зиянды тағамдардан аулақ болу ұсынылады.

    Зерттеудің бас авторы, Копенгаген университетінің профессоры Марта Гуаш-Ферре: “Әлемді құтқаратын жалғыз супертағам немесе диета жоқ. Бірақ әр адамның денсаулығын жақсартатын әртүрлі диеталар бар. Ең бастысы – бұл тамақтану тәсілі бір ғана үлгімен шектелмейді,” – дейді.

    Ғалымдар зерттеуде қартайған шақтағы денсаулықты ұзақ өмір сүрумен ғана емес, өмір сапасымен өлшеуді мақсат еткен. Егер адам 70 жасқа келгенде ауыр созылмалы ауруларға шалдықпаған болса, оның ойлау қабілеті мен физикалық мүмкіндіктері сақталған болса, онда ол “салауатты қарттыққа” жеткен деп есептеледі.

    Алайда, зерттеу көрсеткендей, мұндай стандарттарға сай келетін адамдардың үлесі өте аз – он адамның бірі ғана.

    Зерттеу нәтижелері АҚШ тұрғындарына ғана емес, Еуропа халқы үшін де маңызды болуы мүмкін. Дегенмен ғалымдар генетика, қоршаған орта, әлеуметтік жағдай мен денсаулық сақтау жүйесіне қолжетімділік секілді факторлар да елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

    “Әрине, салауатты қартаю тек дұрыс тамақтанумен шектелмейді. Бірақ кез келген оң өзгеріс сіздің болашағыңызға үлкен әсерін тигізуі мүмкін,” – дейді Гуаш-Ферре.

    Бөлісу: