сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Әлемге қанат қаққан «Асыл мұра»

Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханаларға, Өнер универ­си­тет­терінің кітапханаларына беріледі, сондай-ақ еркін саудаға шы­ғары­лады.

Мазмұны

    Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен қазақ халқының ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасы топтастырылған «Асыл мұра» аудиожинағының таныстырылымы өтті.

    «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы жарыққа шығарған «Асыл мұра» жинағы – Қазақстанның музыка өнері тари­хында халықаралық стримингтерде кеңінен таралған ең ірі жинақ. Жоба Ozen музыкалық лейблымен бірге жүзеге асырылды. 
    Жинаққа «Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні мен халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро хит ән енгізілді. Аудиожинақтың ерек­шелігі – мұндағы шығарманың көбі аутентикалық формада, яғни, алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа күйінде берілген. 
    Жобаға енген таңдамалы 1 500 аудиожазба Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты әлемге танымал 100-ден астам музыкалық платформаға жүктелді. Сондай-ақ туындылар «Қазақ­стан» телерадиокорпорациясының  altynqor.com сайтына енгізілді.
    Салтанатты жиында сөз сөйлеген Мемлекеттік кеңесші «Асыл мұра» аудиожинағының жарыққа шығуы және ұлттық саз өнері мұра­сының әлемдік платформаларда қолжетімді болуы төл мә­дениетіміздің дамуына тың серпін беретінін атап өтті. 

    – Мемлекеттік телерадиокорпорацияның қорында ғана сақ­тал­ған 1 500 түпнұсқа туынды  әлемдік музыкалық платформаларда жария­ланып отыр. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген Ұлттық цифр­­лық мұрағат құру жөніндегі бастаманы жүзеге асыруға сеп­ті­гін тигізеді. Мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге жол ашып қана қоймай, өнерпаздардың жаңа буынына, өскелең ұр­паққа сенімді әрі бай дерек көзі болады. Сондай-ақ жасанды ин­теллектінің жадын едәуір толықтырады», – деді Ерлан Қарин.  

    Жинақ еліміздегі ұлттық кітапханаларға, Өнер универ­си­тет­терінің кітапханаларына беріледі, сондай-ақ еркін саудаға шы­ғары­лады. 

    Бөлісу: