сейсенбі, 1 сәуір, 2025

«AMANAT» партиясы Қытай Коммунистік партиясымен стратегиялық серіктестікті нығайтуда

/
Суретті түсірген: Әли Ғалым
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық басшылығы арқылы екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамуда.

Мазмұны

    «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесуі барысында екі елдің партияаралық диалогын жандандыру мәселесі талқыланды, деп хабарлады turkystan.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

    Кездесу барысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары арқылы Қазақстанда мемлекеттің тұрақты дамуы мен институционалдық жаңғыруына бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

    Ол екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастың белсенді дамуын, соның ішінде визасыз режимнің енгізілуі мен Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының өткізілуін ерекше атап өтті. Сондай-ақ кадр даярлау саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді: Д. Кәрібек жергілікті билік органдарының біліктілігін арттыруға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасының іске қосылғанын айтып, ҚКП Орталық партия мектебімен тәжірибе және озық оқыту әдістемелерімен алмасу бойынша ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.


    Өз кезегінде, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао партияаралық байланыстар Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол Қытай Коммунистік партиясының «AMANAT» партиясымен достық қарым-қатынасты кеңейтуге, партиялық құрылыс пен өзге де салалардағы өзара алмасу мен оқыту үдерісін нығайтуға, сондай-ақ Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының дамуына атсалысуға дайын екенін айтты. Бұл қадам Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасампаз күн тәртібін ілгерілетуге ықпал етеді. 

    Еске сала кетейік, былтыр Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында «AMANAT» партиясы мен Қытай Коммунистік партиясы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат партияаралық байланысты күшейтуге, мемлекеттердің достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға, сондай-ақ екі партия арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.

     

    Бөлісу: