Мазмұны
Жезқазған мен Қаражал қаласының маңында үш мыңға жуық киіктің өлексесі табылды. Табиғат қорғаушылар жануарлардың неден қырылғанын түсіндірді.
Ұлытау облысында киіктер жаппай қырылып жатқаны жайлы әлеуметтік желіде бейнероликтер жарияланды.
Бұл жағдайға орай облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жезқазған қаласы аумағын киік өлексесінен тазарту жүргізіліп жатыр.
Әкімдікте мәлім еткендей, ақпан айынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Жезқазған қаласының аумағында бас-аяғы 660-тан астам, ал Қаражал қаласының аумағында 2342 киік өлексесі табылып, жойылды.
— Аталған жұмыстар барысында Ұлытау облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция қызметкерлері, «Охотзоопром» инспекторлық құрамы, ТЖД және Жезқазған қалалық әкімдігінің қызметкерлері, Қаражал қаласының әкімдігі бірлескен түрде ұшаларды мал қорымына тастады. Ол үшін Жезқазғанда алты арнайы техника, Қаражал қаласында арнайы техникалар мен 11 топ жұмылдырылған, — деп хабарлады әкімдікте.
Өлекселер арнайы мал қорымдарына жеткізіліп, жойылды. Мамандардың айтуынша, өлекселердің механикалық зақымдары жоқ. Оларды жою туралы комиссия мүшелерімен акт толтырылып, қол қойылды.
— Айта кетейік, Кеңгір су қоймасындағы мұздың еруіне байланысты қауіпсіздік мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы жасақталған мамандарынан құралған бөлімшелер жұмылдырылды. 2025 жылғы қыс айында табиғи жолмен және иесіз иттерге таланып өлген киік өлекселерін жинау жұмысы әлі де жалғасын табады, — деп қосты әкімдікте.