сейсенбі, 1 сәуір, 2025

Үкімет басшысы Павлодар облысында бизнес өкілдерімен кездесті

/
Үкімет
Өңір кәсіпкерлерімен кездесу барысында Олжас Бектенов Үкімет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Мазмұны

    Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесу өткізді. Онда Мемлекет басшысының қуатты экономика қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.

    Өңір кәсіпкерлерімен кездесу барысында Олжас Бектенов Үкімет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу саласында отандық өндірушілер тауарларының, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің тізбесі кеңейтілді, сатып алу рәсімдері оңтайландырылып, ұзақмерзімді шарттар жасау тетігі енгізілді. АӨК-те жеңілдікпен несие беру мөлшері ұлғайтылды, бұл 2024 жылы рекордтық жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Экономиканың нақты секторын дамыту үшін шағын бизнесті қолдауды қамтамасыз ететін қаржыландыруды кеңейту және кепілдік қорларын құру көзделген. Алдағы бес жылда 13 трлн теңге инвестицияға Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске қосылды.

    Премьер-министр бірінші кезекте экономикалық әлеуеті бар басым бағыттарды дамыту қажеттігін атап өтіп, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды.

    «Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мәселесін бірнеше рет көтерді. Ол үшін біз бизнесті жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар жасаймыз.

    Өткен аптада мен екінші деңгейлі банктермен кездесу өткіздім. Олар экономиканың нақты секторын қаржыландыруды арттыруға ниетті. Сондықтан біз сіздерден келешегі зор жобаларды, өркендеудің жаңа бағыттарын және экспорт нарығын кеңейтуді күтеміз. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, энергетика және машина жасау, туризм сияқты басым бағыттарды дамыту қажет. Бұл өнім сапасы мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысы мен бюджетке түсетін кірісін арттыру тұрғысынан пайда әкеледі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

     Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту және оны басым түрде қолдау жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Әкімшілік жүктемені азайту үшін кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу енгізілді, 10 мың негізсіз талап қысқартылды, сондай-ақ тексерулер жүйесі оңтайландырылды, бұл олардың санын 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл Кәсіпкерлікті кешенді қолдау бағдарламасы аясында 271,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 12,5 млрд теңгесі Павлодар облысы кәсіпкерлерін қолдауға бағытталады.

     2025 жылы өңірде өңдеу саласында құны 125,3 млрд теңгеден асатын бес жобаны іске қосып, 1,2 мыңнан астам жұмыс орны ашу  жоспарланған.

     «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин кәсіпкерлікті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Мәселен, 2025 жылы кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін ұлғайта отырып, 8 трлн теңге бағыттау жоспарлануда. Ірі бизнес үшін – 5 трлн теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруды көздейтін 1,5 трлн теңгеге дейінгі мемлекеттік кепілдікпен, ал ШОБ үшін – қарыз сомасының 85%-на дейінгі кепілдіктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Кепілдік қорлары құрылады. Сонымен қатар банктермен бірлескен жұмыс қарастырылған.

    Бөлісу: